Аймақтар • 27 Қараша, 2019

Ақмолада облыстық маңыздағы 411 шақырым жол жөнделді

266 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл бұл мақсатқа республикалық және облыстық бюджеттен барлығы 21,6 миллиард теңге бөлінген, нәтижесінде 411 шақырым жол жөндеуден өтті. Алайда, Үкімет жол жөндеуге қажет қаржының тек 50 процентін бөледі, қалғаны облыстық бюджеттен қарастырылуы тиіс. Ал бұл өңірдің бюджетіне салмақ салып отыр. Nur Otan партиясы депутаттар фракциясының жиынында осы мәселе көтерілді.

Ақмолада облыстық маңыздағы 411 шақырым жол жөнделді

Биыл облыстық маңыздағы жолдарды жөндеу жұмыстары өз деңгейінде жүргізіліп, оған бөлінген 21,6 миллиард теңге көлеміндегі қомақты қаражат игерілді.  Нәтижесінде жергілікті маңыздағы және елді мекендердің ішкі жолдарының 411 шақырымы жөндеуден өтті. Сөйтіп, жолдардың 71 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда деген көрсеткішке қол жеткізіліп отыр.

– 2025 жылға дейін жергілікті маңыздағы жолдарды жөндеу көрсеткішін 95 процентке жеткізу көзделіп отыр. 2020 жылға дейін Елордаға жақын орналасқан елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын орындауға 408 миллиард теңге бөлінді. Оған 55 шақырымды құрайтын жолды жөндеуі қарастырылған. Целиноград ауданына қарасты Талапкер ауылының көше жолдарын жөндеуге 1 миллиард теңгеден аса қаржы қарастырылған. Сол сияқты, Нұресіл, Ақмол ауылдарының жолдарына да, Аршалы ауданының Жібек жолы ауылының  жолдарына да біршама қаражат жұмсалды, – дейді облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әрсен Жаңғасқанов.

Елорда маңындағы елді-мекендердегі жолдарды қалпына келтіру  бүгінде облыстың бюджетіне салмақ түсіріп отыр. Сондықтан, депутат Нартай Ысқақов Үкіметке хат жазып, жол жөндеуге республикалық бюджеттен бөлінетін қаржыны көбейтіп, облыс бюджетіне түсетін салмақты азайту қажет деген ұсынысын жасады. Бұл пікір халық қалаулылары тарапынан қолдау тапты. Жиынға қатысқан әр ауданның депутаттары өз аймақтарындағы жолдардың жөнделуіне қатысты сауалдарын жолдады.

 

Көкшетау қаласы