Руханият • 27 Қараша, 2019

Маңғыстаудың Өзбекстанның Хорезм облысындағы мәдени күндері өтті

437 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Таяуда Өзбекстандағы Қазақстан жылы аясында Өзбекстан Республикасының Хорезм облысында Маңғыстау облысының мәдени күндері өтті. Бұл туралы Маңғыстау облыстық филармониясының баспасөз қызметі хабарлады.

Маңғыстаудың Өзбекстанның Хорезм облысындағы мәдени күндері өтті

Шараның мақсаты - ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан байланысты одан әрі нығайту және бауырлас екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты, бауырлас халықтарымыздың жақындастығын одан әрі тереңдету.

Маңғыстаулық өнерпаздар алдымен Хиуа қаласындағы Бекет ата Мырзағұлұлы оқыған медресені, бірнеше тарихи орынды аралады. Сапар барысы одан әрі Мұрат Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясы бір топ әртісінің Үргеніш қаласындағы колледж және мектеп оқушыларына вокал, домбыра-тенор, хореография өнерінен мастер кластар өткізуімен жалғасты. Мәдени шаралар аясында Ә.Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейі «Ұлы дала мұралары» фотокөрмесін ұсынды. Көрмеде Қазақстанның таңғажайып табиғаты және көрнекі жерлері бейнеленген. Көрме соңы «Біз шырқаймыз достық әнін!» атты Мұрат Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының «Ақжарма» фольклорлық ансамблі мен би тобының концертіне ұласты.

Концерт Түркештің «Көңіл ашар» күйімен басталды. Одан әрі «Ақжарма» фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуінде Мәдениет саласының үздіктері Асқар, Асанәлі Көшеровтер, Республикалық дәстүрлі әншілер байқауының лауреаты Әйгерім Құлжарасова, «Жеті қайқы» Республикалық дәстүрлі әншілер байқауының бас жүлдегері Сабит Шектібаев, сонымен қатар Марат Сафаров және Кәмшат Ізтілеуова ән шырқады. «Арна» тобы мен «Жас қанат – 2013» байқауының бас жүлдегері Аида Байгелова жеке орындауда өнер көрсетті. Халықтың ыстық ықыласына бөленген концерт Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен аяқталды.

 

Маңғыстау облысы