Аймақтар • 27 Қараша, 2019

Жезқазғанда көпбалалы отбасылар баспаналы болды

210 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесінің қарсаңында Жезқазған қаласында екі көпбалалы отбасы баспаналы болды. Байкенжиновтер мен Жұмағұловтар отбасыларына жаңа пәтерлердің кілтін қала әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова табыс етті.

Жезқазғанда көпбалалы отбасылар баспаналы болды

Таңдау бұл отбасыларына тегін түскен жоқ. Мәселен, Байкенжиновтер шаңырағында алты бала бар, оның біреуі 1-ші топтағы мүгедек. Отанасы үйде осы баланың күтімен айналысады. Ал кезінде электржелілік компанияда электромонтер болып жұмыс істеген отағасы 3-ші топтағы мүгедек.

Алты бала асырап отырған Жұмағұловтар отбасының да жағдайы мәз емес-тін. Бір үйлі жан «Қалалық автокөлік жолдары басқармасы» кәсіпорнында жұмыс істейтін отағасының тапқанына ғана күнелтіп келеді.

Жалпы, Жезқазған қаласы бойынша республикалық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен аталған санатта кезекте тұрғандар үшін 25 пәтер сатып алынған болатын. Жыл соңына дейін екінші нарықта тағы 5 пәтер сатып алу жоспарда бар.

Қазіргі таңда Жезқазғанда тұрғын үй алу кезегінде 2457 адам тұр. Оның ішінде баспанаға мұқтаж 192 көпбалалы отбасы бар. 2019 жылдың соңына дейін қаладағы 37 көпбалалы отбасын мемлекеттің көмегіне сүйеніп,  баспанамен қамтамасыз ету жоспарланған. 

 

 

Қарағанды облысы