Президент • 28 Қараша, 2019

Бауырлас елмен байланыстың жаңа белесі – Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың Қырғызстанға алғашқы мемлекеттік сапары табысты қорытындыланды

38 реткөрсетілді

Кеше ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапармен Қырғызстан астанасы Бішкекке келді. Қазақстан Президентін Қырғызстан басшысы Сооронбай Жээнбеков әуежайда лайықты сый-құрмет көрсетіп қарсы алды.

 

Арнұр АСҚАР,

«Egemen Qazaqstan» – Бішкектен (Қырғызстан)

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Сооронбай Жээнбековпен бірге Бішкектегі «Ата бейіт» Ұлттық тарихи-мемориалдық кешеніне барды. Мемлекет басшылары 1916 жылғы қайғылы оқиға кезінде қаза болғандарға орнатылған ескерткішке гүл шоғын қойды. Сондай-ақ екі ел президенттері көрнекті қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың қабіріне барып, рухына тағзым етті.

Одан кейін президенттер Ала Арча резиденциясының «Ақсақалдар» залында шағын құраммен кездесу өткізді. Кездесуге еліміздің делегациясы сапынан Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, Үкімет басшысының бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов, Президенттің көмекшісі Мұрат Нұртілеуов, Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы елшісі Қайрат Нұрпейісов, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев қатысты. Екі мемлекеттің басшылары Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы стратегиялық серіктестіктің қазіргі ахуалы мен перспективаларын талқылады.

Шағын құрамдағы кездесудің нә­ти­жесі туралы Сооронбай Жээнбеков:

– Біздің келіссөзіміз дәстүрлі бауырластық және өзара түсіністік рухында өтті. Екіжақты әріптестікке байланысты маңызды мәселелерді талқыладық. Өзара іс-қимылға қатысты шешуші мәселелер бойынша уағдаласып, оны шешудің тетіктерін анықтадық. Біздің келіссөзіміз Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы қатынастарды дамудың жаңа сапалы деңгейіне көтеретініне сенім білдіремін. Қырғызстан-Қазақстан стратегиялық әріптестігі мен одақтық қатынастар алдағы уақытта да біздің халықтарымыздың игілігіне қызмет етеді, – деді. Ол Қазақстан Президентіне өзінің шақыртуын қабыл алып, қырғыз еліне мемлекеттік сапармен келгеніне алғысын білдірді.

Екі ел делегациясының шағын құ­рам­дағы отырысының нәтижесіне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та жоғары баға берді.

– Құрметті Сооронбай Шәріпұлы! Ең алдымен бауырлас қырғыз елінде ыс­тық ықыласпен қарсы алып, жылы қо­нақжайлық көрсеткендеріңіз үшін алғыс білдіремін. Сіздің қырғыз еліне мемлекеттік сапармен келуге шақы­руыңызды зор ризашылықпен қабыл алдым. Бұл соңғы жартыжылдықтағы біздің үшінші келіссөзіміз. Осындай тығыз жұмыстың нәтижесінде, кең ауқымды бағыттар бойынша екіжақты байланыстар елдеріміздің жақындасуына және халықтарымыздың әл-ауқатын жақсартуға оң ықпал етеріне кәміл сенемін! Осыған дейін шағын құрамда маңызды мәселелерді талқыладық. Бірқатар келісімдерге қол жеткіздік. Қазір өтетін Жоғары Мемлекетаралық кеңесті мемлекеттеріміздің арасындағы стра­тегиялық әріптестікті одан әрі нығай­тудың тағы бір тамаша мүмкіндігі деп білемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы өз сөзінде осын­дай форматтағы отырыстың 2014 жы­лы Қазақстан астанасында өткеніне тоқ­талды.

– Кеңес жұмысының біраз уақыт кідіріп қалғанына қарамастан, аталған жиын екіжақты қатынастардың барлық бағыт­тары бойынша маңызды саяси шешім­дер қабылдауға септігін тигізетін ынты­мақтастықтың жоғары органы болып қала береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Қырғызстан Қазақстан үшін тату көрші, одақтас және бауырлас мемлекет. 

1

– Бізді мыңдаған жылдардан бері жалғасып келе жатқан достықтың берік арқауы біріктіреді. Ата-бабаларымыз ғасыр­лар бойы бейбітшілік пен келісім­де өмір сүрді, қилы кезеңдерде бір-біріне қолдау көрсетті. Осындай дос­тық байланыстардың негізінде біз қазіргі кезеңде де өзара қарым-қатынас­та­рымызды табысты жолға қоя білдік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті маңызды жетіс­тік ретінде осыған дейін жасалған 180-ге жуық келісімнің шарттық-құқықтық базасына назар аударды.

– Қазақстан мен Қырғызстан тұрақты аймақтық және жаһандық әріптестікке сүбелі үлес қосып келеді. Біздің халық­аралық саясаттың күн тәртібіндегі көп­теген өзекті мәселелерге қатысты көзқарасымыз ұқсас, – деді Қазақстан Президенті

Сондай-ақ Қ.Тоқаев екі елдің 180-ге тарта келісім мен уағдаластықтан тұратын салмақты келісімді-құқықтық база қалыптастырғанын атап көрсетті. Қазақстан мен Қырғызстанның мүддесіне сай келетін көптеген мәселеге қатысты сындарлы талқылау өткізіп, тиімді шешімге келуге көмектесетін басқа да маңызды институттар бар. Қазақстанның екіжақты қатынастарының мұндай жан-жақты институционалдығы өзге ешбір мемлекетпен жасалмаған.

2

Мемлекет басшысы көлік-транзиттік инфрақұрылымы қалыптасқан ортақ шекараның болуы, Еуразиялық эконо­микалық одақ аясындағы серіктестігі – екі елдің экономикалық байланыстарының басымдығы деп атап өтті. Осының арқасында Қазақстан Қырғызстанның жетекші сауда серіктестерінің біріне айналып, көрші елдің сыртқы сауда айналымында үшінші орынға берік орнықты.

– Біздің сауда айналымдарымыздың көрсеткіші үшінші жыл қатарынан өскені байқалады. 2015-2018 жылдар аралығында өзара сауда-саттық көлемі 30 пайызға артып, 900 миллион долларға жетті. Қазақстан қырғыз экономикасына 1 миллиард доллардан астам қаржы құйған ірі инвесторлардың бірі болды, – деді Қазақстан Президенті.

Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы Жоғары мемлекетаралық кеңесінің 5-отырысы болды. Келіссөздер барысында саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гума­ни­тарлық саладағы екіжақты іс-қимылдар мәселесі талқыланды.

Мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы байланыс­тарды қалыптастыру және дамыту ісіндегі Қазақстанның Тұңғыш Пре­зи­денті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін атап өтті.

Келіссөздер барысында қырғыз тара­пы 2020 жылы Бішкекте Абай Құнан­байұлына ескерткіш орнатылатыны туралы шешім қабылданғанын айтты.

Келіссөздер қорытындысы бойынша келесі құжаттарға қол қойылды:

- Қазақстан Республикасы Пре­зи­денті мен Қырғыз Республикасы Пре­зидентінің бірлескен декларациясы;

- «Қазақстан Республикасы мен Қыр­ғыз Республикасы арасындағы ынты­мақ­тастықтың 2020-2022 жылдарға арналған кешенді бағдарламасы»;

- Жоғары мемлекетаралық кеңестің шешімдер жиынтығы;

- Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон сала­сын­дағы ынтымақтастық туралы келісім;

- Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Респуб­ликасының «Қарасу – автожол» және Қырғыз Рес­пуб­ликасының «Ақ тілек – автожол» өткізу пункттері арасында жаңа көпір салу және қазіргі көпірді қайта жөндеу жөніндегі бірлескен іс-қимыл туралы келісім;

- Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мен Қырғыз Республикасы Экономикалық қылмыстарға қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік қызметі (қаржы полициясы) арасындағы экономикалық және қаржылық қылмыстарға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;

- Қазақстан Республикасының Қор­ға­ныс министрлігі мен Қырғыз Респуб­ли­касының Қарулы Күштерінің Бас штабы арасындағы Қазақстан Респуб­ли­касының Қарулы Күштері мен Қырғыз Республикасының Қарулы күштерінің әскери аэродромдарында әскери әуе кемелерін қабылдау, аэродромдық-тех­никалық қамтамасыз ету және күзету туралы келісім;

- Қазақстан Республикасының Ден­саулық сақтау министрлігі мен Қырғыз Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі арасындағы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;

- Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі жанындағы Экологиялық және техникалық қауіп­сіздік жөніндегі мемлекеттік инспекциясы арасындағы ынтымақтастық пен өзара түсіністік туралы меморандум;

- Қазақстан Республикасы мен Қыр­ғыз Республикасының аумағында инвес­тициялық жобаларды ілгерілету және іске асыру жөніндегі бірлескен қызмет туралы келісім.

Қазақстан мен Қырғызстан деле­га­ция­ларының арасында өткен келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сооронбай Жээнбеков бұқа­ралық ақпарат құралдары үшін бірлескен мәлімдеме жасады.

– Құрметті Қасым-Жомарт Кемел­ұлы! Сіздің мемлекеттік сапарыңыз қазақ-қырғыз қатынастарына одан әрі оң ық­палын тигізеді деп сенеміз. Бүгін біз мемле­кет­аралық іс-қимылдың негізгі бағыттарын талқыладық. Қырғыз-қазақ елдері­нің мүддесін қам­тыған мазмұнды және нәтижелі кезде­сулер өткіздік. Келі­с­сөздер өзара сенім мен түсіністік рухында өткенін атап өтемін. Біздің бауырлас елдеріміздің ортасында жаңа стратегия­лық қатынастарды тереңдете түсудің жолдарын талқыладық. Соңғы 5 жыл­дың ішінде ұйымдастырылмай келген Жоғары мемлекетаралық кеңес оты­рысы табысты өтті. Сауда-эконо­ми­калық, мәдени-гуманитарлық, су-энергетикалық және көлік бағытындағы өзара әре­кет­терге көңіл бөлдік. Одан басқа бағыт­тарда да байланысты кеңей­ту туралы ақылдастық. Тарихы, тілі, діні, салт-дәс­түрі ұқсас екі елдің мәде­ни саласына көңіл бөлдік. Аталған сала­дағы байланыстарды қазіргіден де жандандыра түсу керек деген ортақ шешімге келдік. Еуразия экономикалық одағының аясындағы бірлескен іс-қимыл­дар мәселесін тал­қы­ладық. Ел­аралық өзекті мәселелер төңірегінде өзара пікір алмастық. Көп тарапты қызмет­тестіктің форматында атқарылуға тиіс бір­лескен әрекеттерді ай­қындадық. Біздің үкіметтеріміз ара­сын­дағы өзара сауда-саттық көлемін қанат­танды­ру жолдарын белгіледік. Был­тырғы жыл­мен салыстырғанда сауда-саттық көле­мі биыл 10 пайызға жоға­рылады. Қыр­ғызстандағы қазақ-қырғыз бірлескен кәсіп­орындарының саны 1900-ге жетке­ні экономикалық бағыттардағы жұмыс­тар­дың қарқын алғанын білдіреді. Бүгінгі келіссөздердің қорытындысы бойынша бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды. Негізгі құжаттардың бірі «Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы 2020-2022 жылдарға арналған ынтымақтастықтың кешенді бағдарламасы. Аталған бағ­­дар­­лама екі тараптың қарым-қатына­сын­ың барлық саласын қамтиды. Қыр­ғыз тарапы осы келіссөздердің қоры­тын­дысына разы екенін және бүгінгі жұмыс­тарымыздың жемісті болғанын ерекше атап өткім келеді. Бүгінгі тал­қы­лаулар саяси-экономикалық, мәдени-гума­нитарлық салаларда байланыс­тарды күшейтуге ықпал етеді. Қазақ­стан Рес­публикасының Президенті – құр­мет­ті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қыр­ғыз Рес­пуб­ликасына мемлекеттік сапа­рының қорытындысы екі елдің ынтымағын, бауырластығын арттыра түседі, – деді Сооронбай Жээнбеков.

Өз кезегінде Қазақстан басшысы қыр­­ғызстандық әріптесіне және барша қырғыз халқына ыстық ықыласпен қарсы алғаны үшін тағы да алғыс білдірді. Бауырлас Қырғызстанға мемлекеттік сапарының мән-мағынасы ерекше екеніне тоқталды.

– Оның себебі баршаңызға айқын. Ежелден біздің елдерімізді ынтымақ, достық байланыстырады. Ата-баба­мыз­дан мирас болып қал­ған осы берік арқау­дың негізінде екі ел арасындағы одақ­тас­тық және стра­те­гиялық ынтымақ­тастық табысты дамып келеді. Осы құндылықтарды еселеп, қазақ-қырғыз қатынастарын жаңа сатыға көтеру үшін күш-жігерімізді біріктіріп, жұмылып жұмыс істейміз деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президент атап өткендей, Қырғыз­стан – Қазақстан үшін одақтас мемлекет, қайырымды көрші, бауырлас ел. Қашанда біздің халықтардың арасын­дағы тереңнен тамыр тартатын тығыз ба­уырластық қатынастар тату көршіліктің мызғымас негізі болып келеді. Баба­ла­рымыз әрқашан бір-біріне қолұшын беріп, қолдау көрсетті. Тарихтың траге­диялық парақтарында да екеуі қиын­дықты бірге көрді. Тәуелсіздіктің ал­ғаш­қы күндерінен бастап екі мемлекет жаңа заманауи, геосаяси ахуалда өзара қарым-қатынасты табысты қалыптастырды.

– Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы осы қарым-қатынастар одақ­тастық пен стратегиялық әріптестік дең­гейіне көтерілді. Екі ел арасындағы қатынастарды қалыптастыруға және дамытуға Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев баға жетпес үлес қосты. Елбасы қазақ пен қырғыз ха­лықтарын тарихтың өзі тығыз байла­ныс­тырғанын бірнеше рет атап көрсет­кен болатын. Құрметті Сооронбай Шәріп­ұлы Жээнбековтің Қырғыз мемлеке­тінің басшылығына келуімен біздің ел­деріміздің арасындағы ынтымақтастық жаңаша серпін алғанын да атап өту керек. Нұрсұлтан Назарбаев пен Сооронбай Жээнбеков 2017 жылы сая­си ерік-жігер танытып, екі ел үшін аса маңызды болып табылатын мемлекеттік шекараның құқықтық мәртебесін айқындау жұмысын мәреге жеткізді. Сөй­тіп барша әлемдік қоғамдастыққа Қазақстан мен Қырғызстанның рухани тұрғыда берік байланысты екенін көрсетті. Қазақстан Президенті ретінде мен Қазақстан мен Қырғызстанның жан-жақты өзара іс-қимылын одан әрі жалғастыруға ниеттімін. Бүгін біз қол қойған Бірлескен декларация осының дәлелі, – деді Қазақстан басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, шағын құрамдағы келіссөзге және  Жоғары мемлекетаралық кеңес отырысына қатысқан екі мемлекет деле­гацияларының құрамы жоғары деңгей­лі лауазымды тұлғалардан жасақтал­ған. Келіссөздер барысында сауда-эко­номикалық бай­ланыстарға ерекше көңіл бөлінді.

– 2015-2018 жылдары екіжақты тауар айналымы 30 пайызға артып, 900 мил­лион долларға жуықтады. Соның нәти­жесінде еліміз Қырғызстанның жетекші сауда серіктесіне айналды және Ресей мен Қытайдан кейінгі үшінші орынды берік иеленіп отыр. Өз кезегінде Орталық Азия елдері ішінде Қырғызстан – Қазақстанның екінші сауда серіктесі. Біздің таяу болашақтағы жоспарымыз тауар айналымын 1 млрд долларға дейін көтеру. Осыған орай екіжақты сау­да номенклатурасын кеңейтіп, жаңа нарық­тық бағыттарды іздеуге тапсырма берілді. Бұл мәселеде кәсіпкерлерге ыңғайлы жағдай жасаудың ерекше маңызы бар. Соған байланысты сауда кедергілерін азайтуға уағдаластық, бизнес кооперациялардың жұмысын кеңей­туді қарастырдық. Бүгінде Қазақстанда Қырғызстан капиталы бар 1 100-ден астам кәсіпорын жұмыс істеуде. Ал Қырғызстандағы қазақстандық капитал салынған кәсіпорындардың саны 2 мыңға жуықтайды. Бұл көрсеткіш өсіп келе жатқанын атап өткен жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттер екі елдің арасында іскерлік байланыстарды қолдау үшін кәсіпкерлердің өзара тікелей байланыс орнатуына мүмкіндік тудыратын алаң құруға уағдаласты.

Президенттің мемлекеттік сапары­ның күн тәртібінде қаралған басты мәселелердің бірі инвестиция салуға қатысты болды. Қазақстан басшысы атап өткендей, біздің еліміз Қыр­ғыз­стандағы ең ірі инвесторлардың бірі болып табылады. Тәуелсіздік жылдарында салынған 1 миллиард доллардан астам қаражат осының бір көрі­нісі. Осыған орай Президент Қазақ­стан мен Қырғызстан аумағында кәсіп­кер­лер мен инвесторларға қолайлы жағ­дай туғызудың маңыздылығына кезек­ті мәрте тоқталып өтті. Шекара бойын­дағы мәселелер бойынша бірлескен іс-қимылдар да біртіндеп дамып келе­ді. Қазақстан Президенті өзара сау­да-сат­тықтың шамамен 50 пайызын құрай­тын шекара маңы ынтымақ­тасты­ғы­ның қарқынды дамып келе жатқанын көл­денең тартты. Бұл жақсы көрсет­кіш. Шекара бойындағы байланысты одан әрі жақсарта түсу үшін екі ел аза­мат­тарының қатынауын жақсарту, сол ар­қылы сауда ағынын ұлғайту ша­ралары қолға алынды. Атап айтқанда, Сары­төбе, Тоқмақ, Ауқатты, Кеңбұлың өту бекет­терінің мәртебесін өзгерту жұ­мыс­тары аяқталады. Кеген, Қордай, Қа­ра­су, Ақтілек және басқа да өту бе­кет­те­рінің жұмысын жеделдету қарас­ты­рыл­ған. Экспорттық және импорттық опе­ра­ция­ларды дамыту үшін тауарларды рә­сімдеу логистикалық орталығы құры­луы мүмкін. Бұл жоба әкімшілік проце­дура­ларды және ел аумағында тауар тасы­малдауды айтарлықтай жеңілдетуге тиіс.

Келіссөздер барысындағы өзекті тақырыптардың бірі су-энергетикалық саладағы бірлескен іс-қимыл болды.

– Орталық Азияның трансшекаралық өзендерінің су ресурстары ортақ құн­дылық болып табылады. Оны тиімді пайдалануға ондаған миллион адамның тағдыры, бүкіл аймақтың тұрақтылығы мен игілігі тәуелді. Шу мен Талас өзендері бассейні бойынша Қазақстан мен Қырғызстанның өзара іс-қимылы бүгінде әлемнің көптеген елі үшін жақсы мысал бола алады. Су шаруашылығы мемлекетаралық нысандарын пайдалану жөніндегі бірлескен комиссия бар. Қазақстан жыл сайын осы нысандарды пайдалану мен жөндеу жұмыстарын үлестік қаржыландыруға қатысады. Осы мақсаттарға  біздің тарапымыздан 2000 жылдан бері 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді, қаржыландыру алдағы уақытта да жалғаса береді. Біз бүгін екіжақты форматта және аймақтағы бас­қа да әріптестерімізбен тығыз жұмыс істеуді жалғастыру туралы уағдаластық, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы жыл санап екі мем­­лекет арасындағы мәдени-гума­­­ни­­тарлық байланыстар да қанат жайып келе жатқанын атап өтті. Бұл сала ғасырлар бойы бауырлас елдер­­дің жа­­қын­­дасуында шешуші рөл атқар­­ғаны мәлім. Қазақстанда қырғыз интел­­ли­ген­ция­­сының қатысуымен көп­теген мәдени ша­ралар жүйелі түрде өткізіледі. Ай­талық, өткен жылы Шың­ғыс Айтматов­тың 90 жылдығы Қазақ­стан­да кең көлемде атап өтілді. Астана­да­ғы көшелердің біріне ұлы жазушының есі­­мі берілді, басқа да көптеген шаралар өтті. Президент осы саладағы өзара іс-қи­­мыл­дың қарқынын бәсеңдетпеу ке­рек­­тігін жеткізді. Таяу болашақта өзара мә­де­ниет күндерін ұйымдастыру ұсы­нылды.

– Екі ел арасында 180-ге тарта келісім мен уағдаластықтан тұратын салмақты келісімді-құқықтық база қалыптасты. Бүгін де екіжақты келісімдердің ірі пакетіне қол қойылды. Сол құжаттардың ішінде «Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы ынтымақтастықтың 2020-2022 жылдарға арналған кешенді бағдарламасын ерекше атап өткім келеді. Бұл кешенді бағ­дарлама біздің әріптестігімізге жаңаша серпін беруі керек, – деді Қазақстан Президенті. Сөзінің соңында Қазақстан басшысы қырғызстандық әріптесіне келіссөздердің нәтижесіне көңілі толатынын жеткізді. Қонақжай пейіліне және кездесуді керемет ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді.

Бұл сапар Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Президенті ретінде көрші елге жасаған алғашқы мемлекеттік сапары екенін айта кетейік.

Келіссөздерден кейін Қазақстан басшысы Қырғызстанға жасаған мемле­кеттік сапарының мәдени іс-шаралар бағдарламасы аясында Президент Сооронбай Жээнбековпен бірге қырғыз халқының көрнекті жазушысы Шыңғыс Айтматовтың Музей-үйіне барды. Қазақ­стан Президенті қаламгердің 22 жыл бойы тұрған үйінде ашылған музей­дегі жәдігерлермен танысты. Жазу­шының зайыбымен және баласымен әңгімелесу барысында Қазақстан Пре­зиденті Қ.Тоқаев Ш.Айтматовпен 1989 жылы Бейжіңде танысқан сәтін еске алды. Мемлекет басшысына Бішкек қала­сында Ш.Айтматов атындағы мәде­ни орталық ашылатыны туралы айтылды. Экскурсия соңында Қазақстан бас­шысы Құрметті қонақтар кітабына естелік қолтаңбасын қалдырды.

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкек қаласында өтетін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Жоғары қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысады. Сессия аясында ҰҚШҰ қызметінің 2018 жылғы басым бағыттарының жүзеге асырылуы қорытындыланып, болашақ жоспарлары жасалады. Ұйым жұмысының барлық шешуші бағыттары бойынша кең ауқымды мәселелер талқыланбақ.

 

 

Соңғы жаңалықтар

UFC турнирі өтпейтін болды

Спорт • Бүгін, 19:18

Жазығы жоқ көктемнің

Әдебиет • Бүгін, 15:36

Шымкентте 40 586 азамат әлеуметтік төлем алды

Оңтүстік Қазақстан • Бүгін, 14:37

Еріктілердің елеулі ісі

Аймақтар • Бүгін, 14:33

Ұқсас жаңалықтар