Арнұр АСҚАР,
«Egemen Qazaqstan» – Бішкектен (Қырғызстан)
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Сооронбай Жээнбековпен бірге Бішкектегі «Ата бейіт» Ұлттық тарихи-мемориалдық кешеніне барды. Мемлекет басшылары 1916 жылғы қайғылы оқиға кезінде қаза болғандарға орнатылған ескерткішке гүл шоғын қойды. Сондай-ақ екі ел президенттері көрнекті қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың қабіріне барып, рухына тағзым етті.
Одан кейін президенттер Ала Арча резиденциясының «Ақсақалдар» залында шағын құраммен кездесу өткізді. Кездесуге еліміздің делегациясы сапынан Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, Үкімет басшысының бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов, Президенттің көмекшісі Мұрат Нұртілеуов, Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы елшісі Қайрат Нұрпейісов, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев қатысты. Екі мемлекеттің басшылары Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы стратегиялық серіктестіктің қазіргі ахуалы мен перспективаларын талқылады.
Шағын құрамдағы кездесудің нәтижесі туралы Сооронбай Жээнбеков:
– Біздің келіссөзіміз дәстүрлі бауырластық және өзара түсіністік рухында өтті. Екіжақты әріптестікке байланысты маңызды мәселелерді талқыладық. Өзара іс-қимылға қатысты шешуші мәселелер бойынша уағдаласып, оны шешудің тетіктерін анықтадық. Біздің келіссөзіміз Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы қатынастарды дамудың жаңа сапалы деңгейіне көтеретініне сенім білдіремін. Қырғызстан-Қазақстан стратегиялық әріптестігі мен одақтық қатынастар алдағы уақытта да біздің халықтарымыздың игілігіне қызмет етеді, – деді. Ол Қазақстан Президентіне өзінің шақыртуын қабыл алып, қырғыз еліне мемлекеттік сапармен келгеніне алғысын білдірді.
Екі ел делегациясының шағын құрамдағы отырысының нәтижесіне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та жоғары баға берді.
– Құрметті Сооронбай Шәріпұлы! Ең алдымен бауырлас қырғыз елінде ыстық ықыласпен қарсы алып, жылы қонақжайлық көрсеткендеріңіз үшін алғыс білдіремін. Сіздің қырғыз еліне мемлекеттік сапармен келуге шақыруыңызды зор ризашылықпен қабыл алдым. Бұл соңғы жартыжылдықтағы біздің үшінші келіссөзіміз. Осындай тығыз жұмыстың нәтижесінде, кең ауқымды бағыттар бойынша екіжақты байланыстар елдеріміздің жақындасуына және халықтарымыздың әл-ауқатын жақсартуға оң ықпал етеріне кәміл сенемін! Осыған дейін шағын құрамда маңызды мәселелерді талқыладық. Бірқатар келісімдерге қол жеткіздік. Қазір өтетін Жоғары Мемлекетаралық кеңесті мемлекеттеріміздің арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтудың тағы бір тамаша мүмкіндігі деп білемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы өз сөзінде осындай форматтағы отырыстың 2014 жылы Қазақстан астанасында өткеніне тоқталды.
– Кеңес жұмысының біраз уақыт кідіріп қалғанына қарамастан, аталған жиын екіжақты қатынастардың барлық бағыттары бойынша маңызды саяси шешімдер қабылдауға септігін тигізетін ынтымақтастықтың жоғары органы болып қала береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Қырғызстан Қазақстан үшін тату көрші, одақтас және бауырлас мемлекет.
– Бізді мыңдаған жылдардан бері жалғасып келе жатқан достықтың берік арқауы біріктіреді. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы бейбітшілік пен келісімде өмір сүрді, қилы кезеңдерде бір-біріне қолдау көрсетті. Осындай достық байланыстардың негізінде біз қазіргі кезеңде де өзара қарым-қатынастарымызды табысты жолға қоя білдік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті маңызды жетістік ретінде осыған дейін жасалған 180-ге жуық келісімнің шарттық-құқықтық базасына назар аударды.
– Қазақстан мен Қырғызстан тұрақты аймақтық және жаһандық әріптестікке сүбелі үлес қосып келеді. Біздің халықаралық саясаттың күн тәртібіндегі көптеген өзекті мәселелерге қатысты көзқарасымыз ұқсас, – деді Қазақстан Президенті
Сондай-ақ Қ.Тоқаев екі елдің 180-ге тарта келісім мен уағдаластықтан тұратын салмақты келісімді-құқықтық база қалыптастырғанын атап көрсетті. Қазақстан мен Қырғызстанның мүддесіне сай келетін көптеген мәселеге қатысты сындарлы талқылау өткізіп, тиімді шешімге келуге көмектесетін басқа да маңызды институттар бар. Қазақстанның екіжақты қатынастарының мұндай жан-жақты институционалдығы өзге ешбір мемлекетпен жасалмаған.
Мемлекет басшысы көлік-транзиттік инфрақұрылымы қалыптасқан ортақ шекараның болуы, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы серіктестігі – екі елдің экономикалық байланыстарының басымдығы деп атап өтті. Осының арқасында Қазақстан Қырғызстанның жетекші сауда серіктестерінің біріне айналып, көрші елдің сыртқы сауда айналымында үшінші орынға берік орнықты.
– Біздің сауда айналымдарымыздың көрсеткіші үшінші жыл қатарынан өскені байқалады. 2015-2018 жылдар аралығында өзара сауда-саттық көлемі 30 пайызға артып, 900 миллион долларға жетті. Қазақстан қырғыз экономикасына 1 миллиард доллардан астам қаржы құйған ірі инвесторлардың бірі болды, – деді Қазақстан Президенті.
Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы Жоғары мемлекетаралық кеңесінің 5-отырысы болды. Келіссөздер барысында саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық саладағы екіжақты іс-қимылдар мәселесі талқыланды.
Мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы байланыстарды қалыптастыру және дамыту ісіндегі Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін атап өтті.
Келіссөздер барысында қырғыз тарапы 2020 жылы Бішкекте Абай Құнанбайұлына ескерткіш орнатылатыны туралы шешім қабылданғанын айтты.
Келіссөздер қорытындысы бойынша келесі құжаттарға қол қойылды:
- Қазақстан Республикасы Президенті мен Қырғыз Республикасы Президентінің бірлескен декларациясы;
- «Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы ынтымақтастықтың 2020-2022 жылдарға арналған кешенді бағдарламасы»;
- Жоғары мемлекетаралық кеңестің шешімдер жиынтығы;
- Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
- Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының «Қарасу – автожол» және Қырғыз Республикасының «Ақ тілек – автожол» өткізу пункттері арасында жаңа көпір салу және қазіргі көпірді қайта жөндеу жөніндегі бірлескен іс-қимыл туралы келісім;
- Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мен Қырғыз Республикасы Экономикалық қылмыстарға қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік қызметі (қаржы полициясы) арасындағы экономикалық және қаржылық қылмыстарға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
- Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі мен Қырғыз Республикасының Қарулы Күштерінің Бас штабы арасындағы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері мен Қырғыз Республикасының Қарулы күштерінің әскери аэродромдарында әскери әуе кемелерін қабылдау, аэродромдық-техникалық қамтамасыз ету және күзету туралы келісім;
- Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мен Қырғыз Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі арасындағы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
- Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі жанындағы Экологиялық және техникалық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік инспекциясы арасындағы ынтымақтастық пен өзара түсіністік туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының аумағында инвестициялық жобаларды ілгерілету және іске асыру жөніндегі бірлескен қызмет туралы келісім.
Қазақстан мен Қырғызстан делегацияларының арасында өткен келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сооронбай Жээнбеков бұқаралық ақпарат құралдары үшін бірлескен мәлімдеме жасады.
– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сіздің мемлекеттік сапарыңыз қазақ-қырғыз қатынастарына одан әрі оң ықпалын тигізеді деп сенеміз. Бүгін біз мемлекетаралық іс-қимылдың негізгі бағыттарын талқыладық. Қырғыз-қазақ елдерінің мүддесін қамтыған мазмұнды және нәтижелі кездесулер өткіздік. Келіссөздер өзара сенім мен түсіністік рухында өткенін атап өтемін. Біздің бауырлас елдеріміздің ортасында жаңа стратегиялық қатынастарды тереңдете түсудің жолдарын талқыладық. Соңғы 5 жылдың ішінде ұйымдастырылмай келген Жоғары мемлекетаралық кеңес отырысы табысты өтті. Сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, су-энергетикалық және көлік бағытындағы өзара әрекеттерге көңіл бөлдік. Одан басқа бағыттарда да байланысты кеңейту туралы ақылдастық. Тарихы, тілі, діні, салт-дәстүрі ұқсас екі елдің мәдени саласына көңіл бөлдік. Аталған саладағы байланыстарды қазіргіден де жандандыра түсу керек деген ортақ шешімге келдік. Еуразия экономикалық одағының аясындағы бірлескен іс-қимылдар мәселесін талқыладық. Еларалық өзекті мәселелер төңірегінде өзара пікір алмастық. Көп тарапты қызметтестіктің форматында атқарылуға тиіс бірлескен әрекеттерді айқындадық. Біздің үкіметтеріміз арасындағы өзара сауда-саттық көлемін қанаттандыру жолдарын белгіледік. Былтырғы жылмен салыстырғанда сауда-саттық көлемі биыл 10 пайызға жоғарылады. Қырғызстандағы қазақ-қырғыз бірлескен кәсіпорындарының саны 1900-ге жеткені экономикалық бағыттардағы жұмыстардың қарқын алғанын білдіреді. Бүгінгі келіссөздердің қорытындысы бойынша бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды. Негізгі құжаттардың бірі «Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы 2020-2022 жылдарға арналған ынтымақтастықтың кешенді бағдарламасы. Аталған бағдарлама екі тараптың қарым-қатынасының барлық саласын қамтиды. Қырғыз тарапы осы келіссөздердің қорытындысына разы екенін және бүгінгі жұмыстарымыздың жемісті болғанын ерекше атап өткім келеді. Бүгінгі талқылаулар саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салаларда байланыстарды күшейтуге ықпал етеді. Қазақстан Республикасының Президенті – құрметті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғыз Республикасына мемлекеттік сапарының қорытындысы екі елдің ынтымағын, бауырластығын арттыра түседі, – деді Сооронбай Жээнбеков.
Өз кезегінде Қазақстан басшысы қырғызстандық әріптесіне және барша қырғыз халқына ыстық ықыласпен қарсы алғаны үшін тағы да алғыс білдірді. Бауырлас Қырғызстанға мемлекеттік сапарының мән-мағынасы ерекше екеніне тоқталды.
– Оның себебі баршаңызға айқын. Ежелден біздің елдерімізді ынтымақ, достық байланыстырады. Ата-бабамыздан мирас болып қалған осы берік арқаудың негізінде екі ел арасындағы одақтастық және стратегиялық ынтымақтастық табысты дамып келеді. Осы құндылықтарды еселеп, қазақ-қырғыз қатынастарын жаңа сатыға көтеру үшін күш-жігерімізді біріктіріп, жұмылып жұмыс істейміз деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент атап өткендей, Қырғызстан – Қазақстан үшін одақтас мемлекет, қайырымды көрші, бауырлас ел. Қашанда біздің халықтардың арасындағы тереңнен тамыр тартатын тығыз бауырластық қатынастар тату көршіліктің мызғымас негізі болып келеді. Бабаларымыз әрқашан бір-біріне қолұшын беріп, қолдау көрсетті. Тарихтың трагедиялық парақтарында да екеуі қиындықты бірге көрді. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап екі мемлекет жаңа заманауи, геосаяси ахуалда өзара қарым-қатынасты табысты қалыптастырды.
– Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы осы қарым-қатынастар одақтастық пен стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілді. Екі ел арасындағы қатынастарды қалыптастыруға және дамытуға Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев баға жетпес үлес қосты. Елбасы қазақ пен қырғыз халықтарын тарихтың өзі тығыз байланыстырғанын бірнеше рет атап көрсеткен болатын. Құрметті Сооронбай Шәріпұлы Жээнбековтің Қырғыз мемлекетінің басшылығына келуімен біздің елдеріміздің арасындағы ынтымақтастық жаңаша серпін алғанын да атап өту керек. Нұрсұлтан Назарбаев пен Сооронбай Жээнбеков 2017 жылы саяси ерік-жігер танытып, екі ел үшін аса маңызды болып табылатын мемлекеттік шекараның құқықтық мәртебесін айқындау жұмысын мәреге жеткізді. Сөйтіп барша әлемдік қоғамдастыққа Қазақстан мен Қырғызстанның рухани тұрғыда берік байланысты екенін көрсетті. Қазақстан Президенті ретінде мен Қазақстан мен Қырғызстанның жан-жақты өзара іс-қимылын одан әрі жалғастыруға ниеттімін. Бүгін біз қол қойған Бірлескен декларация осының дәлелі, – деді Қазақстан басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, шағын құрамдағы келіссөзге және Жоғары мемлекетаралық кеңес отырысына қатысқан екі мемлекет делегацияларының құрамы жоғары деңгейлі лауазымды тұлғалардан жасақталған. Келіссөздер барысында сауда-экономикалық байланыстарға ерекше көңіл бөлінді.
– 2015-2018 жылдары екіжақты тауар айналымы 30 пайызға артып, 900 миллион долларға жуықтады. Соның нәтижесінде еліміз Қырғызстанның жетекші сауда серіктесіне айналды және Ресей мен Қытайдан кейінгі үшінші орынды берік иеленіп отыр. Өз кезегінде Орталық Азия елдері ішінде Қырғызстан – Қазақстанның екінші сауда серіктесі. Біздің таяу болашақтағы жоспарымыз тауар айналымын 1 млрд долларға дейін көтеру. Осыған орай екіжақты сауда номенклатурасын кеңейтіп, жаңа нарықтық бағыттарды іздеуге тапсырма берілді. Бұл мәселеде кәсіпкерлерге ыңғайлы жағдай жасаудың ерекше маңызы бар. Соған байланысты сауда кедергілерін азайтуға уағдаластық, бизнес кооперациялардың жұмысын кеңейтуді қарастырдық. Бүгінде Қазақстанда Қырғызстан капиталы бар 1 100-ден астам кәсіпорын жұмыс істеуде. Ал Қырғызстандағы қазақстандық капитал салынған кәсіпорындардың саны 2 мыңға жуықтайды. Бұл көрсеткіш өсіп келе жатқанын атап өткен жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттер екі елдің арасында іскерлік байланыстарды қолдау үшін кәсіпкерлердің өзара тікелей байланыс орнатуына мүмкіндік тудыратын алаң құруға уағдаласты.
Президенттің мемлекеттік сапарының күн тәртібінде қаралған басты мәселелердің бірі инвестиция салуға қатысты болды. Қазақстан басшысы атап өткендей, біздің еліміз Қырғызстандағы ең ірі инвесторлардың бірі болып табылады. Тәуелсіздік жылдарында салынған 1 миллиард доллардан астам қаражат осының бір көрінісі. Осыған орай Президент Қазақстан мен Қырғызстан аумағында кәсіпкерлер мен инвесторларға қолайлы жағдай туғызудың маңыздылығына кезекті мәрте тоқталып өтті. Шекара бойындағы мәселелер бойынша бірлескен іс-қимылдар да біртіндеп дамып келеді. Қазақстан Президенті өзара сауда-саттықтың шамамен 50 пайызын құрайтын шекара маңы ынтымақтастығының қарқынды дамып келе жатқанын көлденең тартты. Бұл жақсы көрсеткіш. Шекара бойындағы байланысты одан әрі жақсарта түсу үшін екі ел азаматтарының қатынауын жақсарту, сол арқылы сауда ағынын ұлғайту шаралары қолға алынды. Атап айтқанда, Сарытөбе, Тоқмақ, Ауқатты, Кеңбұлың өту бекеттерінің мәртебесін өзгерту жұмыстары аяқталады. Кеген, Қордай, Қарасу, Ақтілек және басқа да өту бекеттерінің жұмысын жеделдету қарастырылған. Экспорттық және импорттық операцияларды дамыту үшін тауарларды рәсімдеу логистикалық орталығы құрылуы мүмкін. Бұл жоба әкімшілік процедураларды және ел аумағында тауар тасымалдауды айтарлықтай жеңілдетуге тиіс.
Келіссөздер барысындағы өзекті тақырыптардың бірі су-энергетикалық саладағы бірлескен іс-қимыл болды.
– Орталық Азияның трансшекаралық өзендерінің су ресурстары ортақ құндылық болып табылады. Оны тиімді пайдалануға ондаған миллион адамның тағдыры, бүкіл аймақтың тұрақтылығы мен игілігі тәуелді. Шу мен Талас өзендері бассейні бойынша Қазақстан мен Қырғызстанның өзара іс-қимылы бүгінде әлемнің көптеген елі үшін жақсы мысал бола алады. Су шаруашылығы мемлекетаралық нысандарын пайдалану жөніндегі бірлескен комиссия бар. Қазақстан жыл сайын осы нысандарды пайдалану мен жөндеу жұмыстарын үлестік қаржыландыруға қатысады. Осы мақсаттарға біздің тарапымыздан 2000 жылдан бері 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді, қаржыландыру алдағы уақытта да жалғаса береді. Біз бүгін екіжақты форматта және аймақтағы басқа да әріптестерімізбен тығыз жұмыс істеуді жалғастыру туралы уағдаластық, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы жыл санап екі мемлекет арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстар да қанат жайып келе жатқанын атап өтті. Бұл сала ғасырлар бойы бауырлас елдердің жақындасуында шешуші рөл атқарғаны мәлім. Қазақстанда қырғыз интеллигенциясының қатысуымен көптеген мәдени шаралар жүйелі түрде өткізіледі. Айталық, өткен жылы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығы Қазақстанда кең көлемде атап өтілді. Астанадағы көшелердің біріне ұлы жазушының есімі берілді, басқа да көптеген шаралар өтті. Президент осы саладағы өзара іс-қимылдың қарқынын бәсеңдетпеу керектігін жеткізді. Таяу болашақта өзара мәдениет күндерін ұйымдастыру ұсынылды.
– Екі ел арасында 180-ге тарта келісім мен уағдаластықтан тұратын салмақты келісімді-құқықтық база қалыптасты. Бүгін де екіжақты келісімдердің ірі пакетіне қол қойылды. Сол құжаттардың ішінде «Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы ынтымақтастықтың 2020-2022 жылдарға арналған кешенді бағдарламасын ерекше атап өткім келеді. Бұл кешенді бағдарлама біздің әріптестігімізге жаңаша серпін беруі керек, – деді Қазақстан Президенті. Сөзінің соңында Қазақстан басшысы қырғызстандық әріптесіне келіссөздердің нәтижесіне көңілі толатынын жеткізді. Қонақжай пейіліне және кездесуді керемет ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді.
Бұл сапар Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Президенті ретінде көрші елге жасаған алғашқы мемлекеттік сапары екенін айта кетейік.
Келіссөздерден кейін Қазақстан басшысы Қырғызстанға жасаған мемлекеттік сапарының мәдени іс-шаралар бағдарламасы аясында Президент Сооронбай Жээнбековпен бірге қырғыз халқының көрнекті жазушысы Шыңғыс Айтматовтың Музей-үйіне барды. Қазақстан Президенті қаламгердің 22 жыл бойы тұрған үйінде ашылған музейдегі жәдігерлермен танысты. Жазушының зайыбымен және баласымен әңгімелесу барысында Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев Ш.Айтматовпен 1989 жылы Бейжіңде танысқан сәтін еске алды. Мемлекет басшысына Бішкек қаласында Ш.Айтматов атындағы мәдени орталық ашылатыны туралы айтылды. Экскурсия соңында Қазақстан басшысы Құрметті қонақтар кітабына естелік қолтаңбасын қалдырды.
Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкек қаласында өтетін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Жоғары қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысады. Сессия аясында ҰҚШҰ қызметінің 2018 жылғы басым бағыттарының жүзеге асырылуы қорытындыланып, болашақ жоспарлары жасалады. Ұйым жұмысының барлық шешуші бағыттары бойынша кең ауқымды мәселелер талқыланбақ.