Конференция жұмысына Сенат пен Мәжіліс депутаттары, Әзербайжан, Болгария, Қырғыз, Моңғолия, Сербия, Татарстан, Түркия елдерінің парламент өкілдері қатысты. Бұған қоса форумға БҰҰ ДБ, ЕҚЫҰ, ТүркПА, ҰҚШҰ сияқты халықаралық ұйымдар мүшелері мен АҚШ, Швеция және басқа да шетелдерден сарапшылар келді.
Басқосуда сөз тізгінін ұстаған Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин жыл сайын Тұңғыш Президент күні қарсаңында өткізіліп келе жатқан бұл конференция бүгінде Қазақстанның қол жеткізген табыстары туралы халықаралық деңгейде диалог құратын ерекше форумға айналғанын айтты.
– Биылғы конференцияның маңызы да зор, орны да бөлек. Себебі алдағы жылы біздің елімізде Президенттік басқару институтының құрылғанына тура 30 жыл толады. Бұл – біздің егемен еліміз үшін айтулы белес және тарихи кезең. Осы 30 жылда барлық реформалар жоғары деңгейде орындалып, біздің Қазақстанымыз аз уақыттың ішінде саяси, экономикалық және әлеуметтік табысты мемлекетке айналды. Бұл тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының, батыл қадамының және бірлігі жарасқан халқымыздың ерен еңбектерінің жемісі екені сөзсіз. Бүгінде Елбасының бастамаларын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жалғастырып, еліміздің стратегиялық жоспарларын әрі қарай жүзеге асыруда, – деді Н.Нығматулин.
Мәжіліс Спикері 30 жыл ішінде еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен экономиканың тұрақты өсуі, әділетті әлеуметтік саясат, қоғамды демократияландыру нәтижесінде барлық салада толық ауқымды реформалар жүзеге асырылғанын атап өтті.
Бұдан кейін сөз алған Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев тәуелсіздіктің құндылықтары ашықтық пен тең құқылы өзара қарым-қатынас қағидаттарына негізделгенін, Тұңғыш Президент жүргізген сарабдал саясатының арқасында Қазақстанның бет-беделі қалыптасқанын айтты.
– Елбасы Қазақстанның әлемдік аренадағы қазіргі кейпін айқындап берді. Бүгінгі таңда Қазақстан өңірлік және жаһандық проблемаларды шешуге өз үлесін қосып келеді. Тұңғыш Президентті көпвекторлы, прагматикалық және теңдестерілген сыртқы саясаттың авторы ретінде білеміз. Мемлекеттің егемендігі мен аумақтық тұтастығына кепіл болған Нұрсұлтан Назарбаев қоғамның ұзақ мерзімді перспективада қауіпсіз әрі тұрақты дамуының негізін қалады. Елбасы Қазақстанның беделді халықаралық құрылымдарға кіруін қамтамасыз етіп, мемлекетіміз 182 елмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты, – деді ол.
Келелі кеңесте төрден орын алған шетелдік құрметті қонақтар да өздерінің жылы лебіздерін жеткізіп, Қазақстанның жетістіктері туралы сөз қозғады. Соның бірі Татарстан Мемлекеттік Кеңесінің Төрағасы Фарид Мұхаметшин осынау іс-шараға шақырту алғаны үшін алғыс айтып, қазақтармен түбі де, тілі де бір екенін, қашанда құшақ жая қарсы алатын халқымызбен тәржімасыз түсінісе алатынын айтты.
– Демократиялық мемлекет қалыптастыруда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегі зор. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін тәуелсіздік алған елдердің көбі бірден аяқтарынан нық тұрып кете алмады. Бірақ шамалы уақыттың ішінде Қазақстан халықаралық деңгейде өз атын қалыптастырып, қарқынды даму жолына түсті. Мұның бәрі, әрине көреген көшбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы. Мен осыдан бірнеше жыл бұрын, яғни 2007 жылы Қазақстанның астанасына ат басын бұрдым. Сол кезде қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге екі ел арасындағы парламентаралық келісімге қол қойдық. Сол уақыттағы елордамен салыстырып қарағанда бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласын танымай қалдық. Осы елдің айнасы саналатын астанаға қарап, Қазақстанның даму деңгейін аңғаруға болады. Бүгінде Татарстанда 170-тен аса ұлт өкілдері өмір сүреді. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің ұсынысы бойынша Татарстан Республикасының Халық ассамблеясын құрдық, – деді Фарид Мұхаметшин.
Жиында Болгария Халық жиналысы Төрағасының орынбасары Веселин Марешки екі ел арасында орнаған достық қарым-қатынастар туралы сөз сөйледі.
– Тұңғыш Президент күніне орай ұйымдастырылған осынау конференцияның басынан табылу – мен үшін зор мәртебе. Болгария Қазақстанмен екіжақты қарым-қатынастардың тұрақты әрі достық сипатын жоғары бағалайды деп сеніммен айта аламын. Болгария мен Қазақстан достығы екі халықтың арасындағы ізгі ниеттер, нарықтық және әлеуметтік даму бағытында қабылданған реформалар, дипломатиялық қарым-қатынастар, көптеген сала бойынша екіжақты ынтымақтастық негізінде нығая түсті. Бұл ретте Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қосқан үлесін ерекше атап өту керек. Болгария Президенті Румен Радевтің Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесулері екіжақты ынтымақтастыққа серпін берді. Парламентаралық диалог екі елдің соңғы жылдардағы саяси байланысын дамытудың маңызды элементі ретінде саналады, – деді Веселин Марешки.
Ал Қырғызстан Жогорку Кенеші Төрағасының орынбасары Аида Касымалиева бұл дәстүрлі конференцияның Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстанға жасаған мемлекеттік сапарымен тұспа-тұс келгенін, қазақстандық делегацияны өз елдерінде қуана қарсы алуға қашанда дайын екендерін жеткізді.
– Осы іс-шарада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі ұлықталып жатқанына қуаныштымын. Бұл ретте Жогорку Кенештің және бүкіл қырғыз елінің атынан бауырлас қазақстандықтарды алдағы Тұңғыш Президент күні мерекесімен құттықтаймын. Қырғызстан алдына демократиялық ел құру міндетін қойды. Толыққанды парламенттік мемлекетке айналу үшін көптеген жұмыс атқару керек. Осы тұста біз қатысып отырған халықаралық конференцияның тақырыбы өте өзекті болмақ. Қазақстан Кеңес одағы құрамында болған елдердің арасында өзінің даңғыл даму жолымен, тұрақтылығымен ерекшеленеді. Қырғызстан бауырлас елдің әр жетістігіне сүйініп отырады. Елбасының бастамасымен іске асырылып жатқан ілкімді реформалар бауырлас елдің ілгерілеуіне даңғыл жол ашты, – деді ол.
Сонымен қатар Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысы Төрағасының орынбасары Левент Гек бауырлас қазақтардың түрік халқына деген ілтипаты үшін ризашылығын білдірді. Ол Қазақстан тәуелсіздігін жариялағанда Түркия бұл ақжолтай хабарды үлкен қуанышпен қабылдап, алғаш болып егемен ел ретінде мойындағанын, біздің елдердің достығын, түрлі саладағы ынтымақтастығын бүкіл Түркі әлемінің жетістігі деп қарайтынын айтты.
Екі панельдік сессия бойынша өткен конференция жұмысында «Елбасы және қазақстандық парламентаризмнің дамуы» және «Ақорда: көпвекторлы бағыт» атты тақырыптар төңірегінде кеңінен әңгіме өрбіді.