Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловпен әңгіме
– Қуандық Тұрғанқұлұлы, сайлау туралы заңға сәйкес мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлауды жылына екі рет өткізу көзделгенін білеміз. Яғни, алдағы уақытта республика өңірлерінде сайлау өтетін болды ғой?
– Сайлау туралы Конституциялық заңның шығып қалғандардың орнына мәслихат депутаттарын сайлаудың бірыңғай күнін – наурыз және қазан айының соңғы жексенбісін белгілейтін 101-бабының 4-тармағы 2009 жылы енгізілген болатын. Мұның өзі жергілікті өкілді билік органын қалыптастыру үдерісін бір жүйеге келтіру мақсатындағы толықтыру болатын. Өйткені, бұрындары мәслихаттардың босаған депутаттық мандаттарының орнына сайлау өткізу әр өңірде әртүрлі мерзімде өткізіле беретін және мұның өзі мәслихаттардың қызметіне де, сайлау органдарының қызметіне де белгілі бір деңгейде кері әсер ететін.
Жалпы, заңның бұл нормасы мұндай сайлауды міндетті түрде жылына екі рет өткізу керек дегенді білдірмейді. Мәслихат депутаттары белгілі бір себептермен шығып қалған округтер болған жағдайда ғана бос мандаттарға сайлау өткізіледі. Бұл ретте, 2011 жылдың күзі мен 2012 жылдың көктемінде мәслихаттарға қосымша сайлау болмағанын айта кеткен жөн.
Ал биылғы жылғы қазан айының 28-і күні республиканың 11 өңірінің 45 сайлау округінде әртүрлі себептермен шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына сайлау өтетін болады.
Қазіргі уақытта біз осы электораттық шараны әзірлеу мен өткізуге қатысты мәселелермен шұғылданудамыз.
– Сонда, 28 қазанда барлығы қанша депутат сайланатын болады?
– Мәслихат депутаттары бір мандатты сайлау округтері бойынша сайланатын болғандықтан, 45 округтен 45 депутат сайлануы тиіс, олардың 10-ы – облыстық мәслихаттарға, 8-і – қалалық мәслихаттарға және 27-сі – аудандық мәслихаттарға сайланады.
– Шығып қалғандардың орнына сайлау өткізу тәртібінде қандай да бір ерекшеліктер бар ма?
– Ешқандай ерекшеліктер жоқ. Сайлау науқаны заңда көзделген негізгі кезеңдерде өткізілуі тиіс. Оларды қадау-қадау атап өткеннің артықтығы болмас: кандидаттар ұсыну, тіркеу, тіркеуден өткен кандидаттардың сайлауалды үгіт жүргізуі, дауыс беру, дауыстарды санау мен сайлаудың қорытындыларын анықтау және жариялау.
Мәслихат депутаттығына кандидаттарды белгiленген тәртiп бойынша тiркелген республикалық немесе жергiлiктi қоғамдық бiрлестiктер, сондай-ақ олардың құрылымдық бөлiмшелерi ұсына алады. Сонымен қатар, азаматтар өзін өзі ұсынуға құқылы.
Депутаттық мандаттан үміт ететін азаматтарға қойылатын белгілі бір талаптар да бар. Атап айтатын болсақ, Қазақстан Республикасының жасы 20-ға толған және белсенді сайлау құқығына ие азаматы мәслихат депутаты болып сайлана алады. Ал сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарында отырған адамдардың сайлау және сайлану құқығы жоқ. Бұл турасында республика Конституциясының 33-бабының 3-тармағында нақтылы айтылған.
Сот сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасады деп таныған адам да мәслихат депутаттығына кандидат бола алмайды, яғни сайлана да алмайды. Бұл талап «Сайлау туралы» заңда белгіленген.
Ұсынылған үміткерлер кандидат ретінде тіркелмес бұрын осы талаптар бойынша тексеріледі де, сәйкес деп танылғандарын округтік сайлау комиссиялары ресми тіркейді.
Кандидаттарды ұсыну кезеңі заңға сәйкес сайлау күніне бір ай қалғанда, 28 қыркүйек күні аяқталды. Барлығы 153 үміткер ұсынылған болатын. Олардың 52-сін саяси партиялар, 1-ін қоғамдық бірлестік ұсынса, 100-і өзін өзі ұсынғандар.
Қазіргі кезге дейін ұсынылған үміткерлердің 104-і мәслихат депутаттығына кандидат ретінде тіркелген. Олардың 46-сы – саяси партиялардың мүшелері, 47-сі – партияда жоқтар, 11-і өздерінің партияға қатыстылығын атамаған. Кандидаттарды тіркеу 3 қазан күні аяқталады.
Назар аудара кететін бір жәйт, елімізде баламасыз сайлау өтпейді, яғни бір депутаттық мандатқа кемінде екі үміткер бәсекелесуі тиіс. Егер қандай да болмасын сайлау округінде