Үкімет • 28 Қараша, 2019

Инклюзивті білім беру кабинеті ашылды

825 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев пен елорда әкімі Алтай Көлгінов №88 жаңа мектеп-лицейіне барды. Оқу орны 1200 орынға есептелген. Бұл №75, №84 және №85 мектептердің шамадан тыс жүктемесін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Жаңа мектептің жұмысымен танысу барысында «Әр бала мектепке лайықты» жобасының іске асырылуы таныстырылды. Мектеп-лицейде ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау мақсатында инклюзивті кабинет ашылды.

Инклюзивті білім беру кабинеті ашылды

«Оқушылар жалпы топтарда құрдас­тарымен тең дәрежеде білім алады. Күн сайын балаға қажетті жеке көмек көр­сеті­леді», деді «Болашақ» корпора­тивтік қоры кеңесінің төрайымы Динара Шайжүнісова.

№88 мектеп-лицейінің инклюзивті кабинеті «Шеврон» компаниясының демеушілік қаражаты есебінен қаржылан­дырылды. Бұл аталған қордың «Әр бала мектепке лайықты» жобасы аясындағы алтыншы кабинеті.

«Шеврон» компаниясының Қазақ­станмен серіктестігіне 26 жыл толып отыр. Яғни компанияның елімізде жұмыс істей бастаған күндерінен бері, – деді компания өкілі Жанар Қошпанова – еліміздің медициналық мекемелерін қолдауға, халықаралық стандарттарды ен­гізуге, жер­гілікті мамандарды үздік халық­ара­лық тәжірибелермен таныстыруға қол­дау көрсетілді. Бұл – елдің әлеуметтік-эконо­микалық дамуына қосып жатқан үлесіміз».

Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев әлеуметтік жобаларды іске асыруда, атап айтқанда, ерекше қа­жет­тіліктері бар балаларды қолдауға бағыт­талған мемлекеттің, қоғамдық ұйым­дар мен шетелдік кәсіпорындардың өзара тығыз байланысының маңызды­лығын атап өтті.

Елорда әкімі Алтай Көлгінов оқу­шы­­лар­мен кездесу барысында жаңа­дан ашылған мектептің алғашқы оқу­­шы­­­ларына «Сіздер оқитын мектеп же­тек­­ші мектептердің бірі. Білім алу үшін ең­бек етіңіздер, ал біз өз тарапымыздан бар­лық жағдайды жасаймыз, «Шеврон» ком­паниясына қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіремін», – деді. Сондай-ақ қала әкімі инк­л­юзивті кабинеттердің қаланың басқа мек­тептерінде де ашылатынын жеткізді.

Ата-аналар да алғысын білдіріп, атал­ған инклюзивті кабинеттердің маңыз­дылығын атап өтті. Сондай-ақ №88 мек­теп-лицейінде гидропоника кабинеті ашылды. Технология көмегімен мектеп оқушылары өздері өсімдік өсіре алады. Сонымен қатар оқушылар физика мен химия пәндері бойынша тәжірибе жасай алатын зертхана кабинеті ашылды.

Мұғалімдермен әңгіме барысында вице-премьер Елбасы мен Президенттің тапсырмасы бойынша педагогтардың мәртебесін арттыруда нақты шаралар қабылданғанын айтты.

«Мемлекет білім беру саласын дамы­туға және балаларды қолдауға ерекше көңіл бөледі. Бүкіл ел бойынша жаңа заманауи мектептер салынып жатыр, мұғалімдердің жалақысы артып, жұмыс жағдайы жақсаруда. Ұрпақтың  білімді, сауатты және тәрбиелі болып өсуі үшін барынша күш салуымыз керек», – деді Бердібек Сапарбаев.