Экономика • 28 Қараша, 2019

Фермердің маусымдық табысы қанша?

327 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шаруалардың кооперативтерге бірігіп жұмыс істеуінің тиімділігі тура­сында мамандар жиі мәселе көтеріп жүр. Ұжымдасып еңбек ету­ге күмәнмен қарап жүргендерге қарағанда, білек сыбана іске кірі­сіп кеткен ұжымдар қомақты табыс таба бастады. Соңғы жыл­дарда жұмыс тәжірибесі жайын шаруалармен бөлісіп жүрген Алматы облысы Шелек ауданының фермерлері оңтүстік астанаға ат басын тіреп, көкөніс өсіру мен баптаудағы жетістіктерімен бөлісті.

Фермердің маусымдық табысы қанша?

Еңбекшіқазақ ауданы Жергі­лікті қауымдастықтар қорының директоры Б.Елшібаева фермер­лер жеткен табыс ұжымдық жұмыс­тың нәтижесі деп атап өтті. Ашық топырақта көкөніс дақыл­дарын өңдеуге арналған аумақ бүгінде екі жарым есеге артқан. Осыдан төрт жыл бұрын егістік көлемі 17 гектар болса, бүгінде көкөністер 42 гектарда өсіріледі. Фер­мерлер жылыжайда көкөніс өсіру­дің тиімділігіне де көз жет­кізді. Заманауи мүмкін­дік­тер өнім­дерді жылдың барлық мезгі­­лінде қолжетімді етуге мүм­кіндік беріп отыр. Биыл фермер­лер өнім түрлерін көбейтіп, көкөніс­тер­ді қабылдау және сұрып­тау тірек­терінің жұмысын жүйе­леді. «Шелек фермерлері» Ауыл ша­руашылығы өндірістік коопера­тивінің төрағасы М.Ман­сұровтың айтуынша, өсірілген және сал­қын­датылған өнімдер арнайы көлік­тер­мен «Арзан» және «МЕТРО Кэш энд Керри» супер­мар­кеттеріне жеткізіліп тұрады. Бұл қала тұр­ғын­дарын табиғи өнімдермен қам­т­амасыз етіп қана қоймай, фер­мерлер кі­рісін орташа есеппен 30 пайызға арт­ты­рып отыр. Кооператив мүше­лері 2015 жылы 89 тонна өнім өндірсе, биыл 32 млн теңгеге 227 тонна көкөніс өт­кізіп, әр фермер маусым барысын­да 500 мыңнан 5 млн теңгеге де­йін табыс тапқан. Қазіргі кезде шаруашылық өнімдері көрші ел­дерге де экспортқа шығарыла бас­тады. Ал осы бес жыл ішінде 4 365 ауыл тұрғыны Агробизнес орта­лығында білімін жетілдіруге мүмкіндік алса, 120-дан астам отбасы мүшелері көкөністен пайда тауып отыр. Науқан кезінде көкөніс алқаптарында 150-ге жуық адам жұмыс істейді.

Шелек фермерлерінің бас агрономы П.Капунов атап өткендей, көкөніс сапасы мен өнімділігін арттыруға байланысты жиырма­дан астам жобалар мен жаңа техно­логиялар енгізілген. Агро­бизнес орталығындағы жер телім­дерінде биогаз қондырғысы, күн панельдері, таспалы жылыжайлар, тамшылатып суару, күнмен суды қыздыруға арналған сплит-жүйе сияқты бес биотехнологиялық жүйе бар. Нәтижесінде, өнімділік жекелеген жағдайларда 20-дан 100 пайызға жеткен. П.Капунов сонымен бірге ауданда көкөністің барлық түрлерін өндіруге жағдай бар екендігін жеткізді. Дегенмен, фермерлердің нақты бір бағытта жұмыс істеуі тиімді. Бүгінде қыза­нақ, баялды, бұрыш, кәді сияқты көкөністерге маманданған Шелек фер­мерлері алдағы уақытта да тәжі­ри­бесімен бөлісуге дайын. Бұл жобаның жүзеге асып, жақсы нәти­же беруіне «Филип Моррис Қазақ­стан» компаниясы қолдау көр­сетіп отыр. Компанияның Сырт­қы байланыстар бойынша жетек­шісі Р.Заитов бағдарлама жос­пар­лау, дәнді себуден бастап, фер­мер­дің кіріс алғанға дейінгі шаруа­шы­лығына кәсіби бағдар беріп отырады. Ал елімізде томат, салат өнімдерімен белгілі «Цин-Каз» ЖШС бөлім басшысы М.Ерлан Шелек өңірінде өнді­ріл­ген өнімдердің табиғи таза кли­матты өңірге тән дәмі, ерек­шелігі бар екенін жеткізді. Ком­пания тарапынан стандартқа сай өнім­дерді шығаруға фермерлер үнемі кеңестер алып отырады. Ай­мақ­тағы фермерлер жаңа тех­но­логия­лық мүмкіндіктерді молы­нан иге­ретін болса, онда Қазақ­станға Гол­­лан­дия, Америка, Қытай­дан та­сы­­мал­данатын өнім­дері­мен бә­се­­кеге түсе алатын табиғи отандық көк­өніс­тер нарығы дамитыны анық.

 

АЛМАТЫ