100 • 28 Қараша, 2019

Ел газетінің мерейтойы Көкшетауда зор құрметпен атап өтілді

520 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Облыс орталығында республи­калық «Egemen Qazaqstan» газеті­нің 100 жылдығын мерекелеу аясында «Егемен» – Отанымыздың бас газеті» тақырыбында оқырман­дар конференциясы өтті.

Ел газетінің мерейтойы Көкшетауда зор құрметпен атап өтілді

Жалпыұлттық «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ төрағасының орынбасары – бас редакторы Айбын Шағалақ, көкшелік қалың оқырман және зиялы қауым өкілдері қатысқан мерекелік шараны облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, жазушы Ғосман Төлеғұл ашып, жүргізіп отырды.

Алдымен облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова өңір басшысы Ермек Маржықпаевтың құттықтауын жеткізді.

– Қазақ баспасөзінің қарашаңырағы болып саналатын, өзіндік өрелі тарихы бар, қалың оқырманы қалыптасқан беделді басылым – «Egemen Qazaqstan» газеті­нің жүз жылдық мерейтойы барша­мызға ортақ қуаныш, – деді Айна Мысыр­әлімова өз сөзінде, – қойнауы тарихқа тұнған көрікті Көкшетау мен Қараөткел жері ғасыр тойын айрықша салтанатпен, мол мағынамен кеңінен атап өтуде. Жыл басынан бастау алған дүбірлі той облыстың барлық аудандарында да жалғасын тапты. Оқырмандармен, газет жанашырларымен жылы жүзді кездесулер өткізіліп, газеттің өткен тарихына шолулар жасалды.

Өткен ғасырда «Ұшқын» атты шағын газет болып шыққан республикалық басылым бүгінде әр қазақтың төрінен орын алды. Газеттің тізгінін ұстаған Алаш арыстарының  бастамасы қазіргі таңда тәуелсіздікті ту еткен, басқа ба­сы­лымдар бой түзейтін, егеменді ел­дің басты басылымына айналды. «Egemen Qazaqstan» – әуел бастан ұлттық мүддені, елдік мұратымызды және рухани құн­дылықтарымызды дәріптейтін қазақ баспасөзі екендігі белгілі. Жүз жасаған басылымның егемен ел болу жолында атқарған жұмысы, қосқан үлесі ұшан-теңіз. Бұл газет қарапайым халықтың мұң-мұқтажын жоқтап, ар-намысын қорғау дәстүрін үнемі жалғастырып келеді. Үнпарақ беттерінен уақыт сарынымен үндес,  шынайы да танымды дүниелерді жиі оқимыз. Ақмола өңірінің де жетістіктері мен жақсы жаңалықтарын жұртшылыққа жедел әрі шынайы түрде жеткізіп, облысымызды кеңінен насихаттауда бұл басылымның үлесі орасан зор. Бір ғасыр бойы ел газетінің беттерінде елдің тарихы, елдіктің тарихы қатталса, соған киелі Көкше өңірі азаматтарының да қатысы бар екені біз үшін мақтаныш.

Айна Ермекқызы салтанатты шарада газеттің бұрынғы және қазіргі меншікті тілшілері Б.Амалбек пен Б.Байәділді облыс әкімінің Алғыс хатымен марапаттап, арнайы сыйлықтар тапсырды.

А. Шағалақ өз сөзін астаналық облыс­тың басшылығы мен жұртшылығына басылымның ғасыр тойына деген құрмет сезімдеріне алғыс айтумен бастады.

– «Егемен» тари­хының бастауын­да тұрған «Ұш­қын» газеті шын мәнін­де Алаш ардақты­ларының қолы­мен шығарылған алғашқы газет – «Қазақтың» заңды жалғасы деп айтуға негіз бар. Өйткені «Ұшқын» сол бас­пахана қаріптерімен, сол ардақты­лар­дың қатысуымен жарық көрді. Сон­дықтан бүгінгі газет ұжымы 100 жылдық аясындағы мерейтойлық шараларды қасиетті Семей жерінен бас­тап, Қарағанды, Қостанай, Алматы облыс­тарында жалғастырды. «Ұшқын­ның» Орын­бордағы ғимаратына алдағы күндері ескерткіш тақта орнатылмақ. Газет тарихында Ақмола облысының да орны ерекше. Уақыт үрдісінің жалғасын бүгінгі кездесуден де байқап отырмыз. Елбасы атап көрсеткендей, жаңа тұрпаттағы «Egemen Qazaqstan» газеті билік пен халық арасындағы алтын көпір қыз­метін алдағы уақытта да жалғастыра береді, – деді Айбын Бақытұлы.

Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміровтің сөзі толғанысқа толы болды.

– Газеттің 100 жылдық тарихынан Қазақ­станның тұтас тарихын көруге болады, – деді ол, – өйткені газет бет­терінде шежірелі жылдардың барлық белестері көрініс тапқан, басты басылым зар замандардан да айналып өте алмаған. Ашаршылық, зұлмат, соғыс жылдары, тың көтеру мәселелері сол кезеңнің тілімен халыққа жетті. Қазақстан егемендігін қалып­та­стыру, болашаққа бағытталған «Мәңгі­лік ел» үрдісі қазіргі күні басылым­ның басты тақырыбы. Мұны біз күн сайын ша­ңырағымызға келіп тұрған «Егеменнің» бетінен тамсана оқи беретініміз сөзсіз.

Бұдан кейін қоғам қайраткері, Көк­шетау қаласының Құрметті азаматы Болат Жанәділов, танымал ғалым, Ш.Уәли­­ханов атындағы Көкшетау мемле­кет­тік университетінің доценті Сәбит Жәм­бек, Қазақстан Журналистер одағы жер­гілікті бөлімшесінің төрағасы, «Көкше­тау» газетінің бас редакторы Серік Жетпісқалиев, «EL.Jastar» театрының арт-директоры Хәкім Хасамбай бас басылымға деген ыстық ықыластарын білдіріп, газет ұжымына шығармашылық табыс тіледі.

Конференция барысында «Ел газеті – «Егемен» тақырыбында көрме ұйым­дастырылды.

 

КӨКШЕТАУ