Әлем • 28 Қараша, 2019

Қазақ аруы Лондонда жүр – Мәдина Батық «Әлем аруы» байқауының үздік модельдері ондығына енді

754 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Үлкен үмітпен үкілеп аттандырған «Қазақ аруы-2019» Мәдина Батық бұл күндері «Тұманды Альбионда» әлемдік деңгейдегі ақыл-парасат жарысына қосылып та кетті.

Қазақ аруы Лондонда жүр – Мәдина Батық «Әлем аруы» байқауының үздік модельдері ондығына енді

Ұлттық сұлулық тәжін киген Мәдина Батық қазір 120 мемлекеттен келген сұлулармен бірге «Әлем аруы» дирекциясы ұйымдастырып жатқан түрлі шараларға қатысып, қосымша аталымдар бойынша қарым-қабілетін көрсете бастады. Дүниежүзілік жарыстың ақтық сыны 14 желтоқсанда өтеді.

Қазірдің өзінде кәрі Еуропадан жақсы жаңалықтар жетіп жатыр. Мәдина алдын ала өткізілген байқаудың үздік ТОП-10 модельдері жарысында алғашқы ондықтың қатарында салтанат құрып жатыр. Осылайша, мұндай аралық нәтижелер біздің сұлуымызды байқаудың бастапқы кезеңдерінде-ақ даралады. Демек, аталған аталымда қазақ қызының топ жарудан үміті ұлғайды. Бұл жарыстың қорытындысы «Әлем аруының» соңғы сәттерінде жария болады. Ал әрбір аталым бойынша жинаған балдар қыздарды күллі әлемнің көркемі екендігін айғақтайтын тәжге тезірек жақындата бермек.

Сонымен финалдық шоу басталғанға дейін Мәдина да әлемнің әр түкпірінен келген сұлулармен бірге түрлі дайындықтарға, қайырымдылық жобаларына, спорттық шараларға, фотосессияларға, ең үздік ұлттық киім мен таланттар байқауына қатыса бермек.

Сондай-ақ сұлулардың сұлулары Лондонның көрікті, тарихи жерлерінде ұйымдастырылған көше сәні фотосессияларына қатысып үлгерген.

Сол сияқты онлайн-дауыс берудің басталуына да санаулы күндер қалды. Ал керекулік қызымызға отандастарының қолдауы да осы кезде қажет болмақ.

Ал Қазақстанның сұлулық тәжін киген қыз сәуірден бері өзінің ағылшын тілінен білімін жетілдіріп, дене бітімін жақсарта түсуі тиіс болатын.

Әлемдік сайысқа жолдама алған сұлу туралы «Қазақстан аруы» жобасының түсіру тобы «Қазақстан туралы әдемілікпен» атты тұсаукесер фильмін жасаған еді. «Қазақстан аруын» «Әлем аруы-2019» байқауында бүкіл дүнияға таныстыратын картинада Ұлы даламыздың ең көрікті жерлері, қасиетті мекендері, еліміздің ғажайып өлкелері мен табиғат тамашасы да қоса салтанат құратын болады.

Қазақстан аруын таныстыратын тұсаукесер фильм еліміздің түрлі табиғатын, асқар таулары мен барқыт құм даласын қамти келе, Ұлы Жібек жолы бойымен жүріп отырып, 20 жылда әсем қалаға айналған еліміздің астанасында мәреге жетеді. Осылайша қазір жиырмаға толған Мәдина Батық ширек ғасырға да жетпейтін аралықта мегаполис шаһарға айналған Нұр-Сұлтан қаласы, Қазақстан туралы әдемілікпен әңгімесін аяқтайды.

 

АЛМАТЫ