Руханият • 28 Қараша, 2019

Қадірлі қызы қазақтың

904 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сандуғаш үні салқар даланы тегіс тербеген Бибігүл Төлегенова биыл тоқсан жасқа толды. Халық әртісінің мерейлі белесіне арналған кезекті шара Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында жалғасын тапты.

Қадірлі қызы қазақтың

Қазақ ән көгінде қалықтаған бұлбұл үннің құдіретіне бас иген мәртебелі тыңдарман сарай ішін лық толтырды. Жезтаңдай әншінің құрметіне арналған кеште халық әндері мен әйгілі романс­тар қатар шырқалды. Мерейтой иесі сахна төріне шығып Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін тамылжыта орындағанда, тебірене тыңдаған жұрт «сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді деген осы шығар» десті. Талай асуды аттаса да сиқырлы сазы мен әдемі қалыбынан жаңылмаған Бибігүл Ахметқызы ыстық ықыласпен келген халқына ізгішуақ көңілін жеткізді.

«Әлі күнге дейін қолымнан келгенше еліме пайдамды тигізгім келеді. Өйткені мен сахнаға шығып, ән айтқанда қаншама адам осында отырып, нәр, күш алып кетеді. Мен үшін одан үлкен дәреже, одан биік атақ жоқ. Әрдайым елімнің алдында тіземді бүгіп, иіліп сәлем берген сайын халыққа сүйсінетінмін. Жасым үлкейген сайын халық аяғынан тік тұрып, мені қарсы алады. Бақыт деген осы шығар», деп тебіренді КСРО және Халық әртісі Бибігүл Төлегенова.

Аты аңыз әншінің дауысын есту үшін жиналғандар өнер иесіне ыстық ықыластарын білдіріп, гүл шоқтарын ұсынды. Концерттік шара барысында әншінің әріптестері мен шәкірттері де өнерін ортаға салды. Бибігүл Төлегенова атындағы Халықаралық вокалистер конкурсының лауреаттары Расул Жармағамбетов, Мәдина Оразбай, Балуан Беркенов, Халықаралық конкурстардың лау­реаты Мәди Мадияров, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Толқын Забирова, Ян Рудковский жетекшілік ететін консерваторияның аралас хоры және өзге де дарынды жастар әсем әнмен салтанатты думанның сәнін арттыра түсті.

– Айтулы кештің осы Құрманғазы атындағы консерваторияда өтуінің өзіндік ерекше себебі бар. Мұнда Бибігүл Төлегенова білім алып, қазіргі уақытқа дейін студенттерге дәріс берді. Ұлыларымызды дәріптеп, олардың өнегесін қазіргі жастарға үлгі насихат ету біздің міндетіміз. Бәріміздің ақжарқын анамызға айналған, қазақтың бұлбұл әншісінің 90 жылдығы құтты болсын. Осыған орай еліміздің түкпір-түкпірінде көптеген іс-шаралар жүріп жатыр. Мұның бәрі Бибігүл апамызға ғана емес, күллі қазақ өнеріне жасалған құрмет, – дейді Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Арман Жүдебаев.

 Өнегелі өмір жолында киелі өнердің киесін кетірмей, тұнығын лайламай, жұрт жүрегінің жүлдесін алған Төлегенованың тағылымы тұтас ұрпаққа мұра. Ал жезтаңдай әншінің мерейлі тойына арналған шаралар шоғыры жалғаса бермек.

 

АЛМАТЫ