Футбол • 28 Қараша, 2019

Футбол: Чемпиондар лигасының плей-офф додасына жолдама алған сегіз команда анықталды

213 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Футболдан УЕФА Чемпиондар лигасының бесінші тур ойындарының қорытындысы бойынша Испанияның «Барселонасы» мен Германияның «Лейпциг» клубтары плей-оффқа жолдама алды.

Футбол: Чемпиондар лигасының плей-офф додасына жолдама алған сегіз команда анықталды

Кеше испандықтар Дормундтың «Боруссиясынан» 3:1 есебімен басым түсті. Католониялықтар сапында Луис Альберто Суарес, Лионель Месси және Антуан Гризманн мергендік танытса, немістер қатарында Джейдон Санчо нысананы дәл көздеді.

«Лейпциг» пен «Бенфика» арасындағы матчта алғашқы екі допты португалиялықтар соқты. Бұл голдардың авторлары – Пицци мен Карлуш Винисиус. Бірақ бұл жағдай немістердің сағын сындыра алған жоқ. Кездесудің 90 және 90+6 минуттарында Эмиль Форсберг екі мәрте допты торда тулатып, таразы басын теңестірді. Есеп – 2:2. 

Сөйтіп, плей-оффта өнер көрсетуге тиіс 16 команданың тең жартысы анықталды. «Барселона» мен «Лейпцигтен» бұрын Англияның «Манчестер Сити» мен «Тоттенхэм», Испанияның «Реал», Францияның ПСЖ, Италияның «Ювентус» және Германияның «Бавария» клубтары дәл сондай мүмкіндікке ие болған еді.