Аталған ұйым еліміздегі пікірсайыс қозғалысын жандандыруға, барлық пікірсайыс ұйымдарын біріктіруге, турнирлерді ұйымдастыруға, халықаралық жарыстарға қатысу үшін жас пікірсайысшыларды дайындауға бағытталған.
«Қазақ халқы әрдайым ақындарға, жыршы термешілерге бай болған ел. Өскелең ұрпақтың қаныңда да бұл өнер бар. Пікірсайыс бұл тек сөз түсіндіру, сөз таластыру ғана емес, сонымен қатар өмірлік жолын таңдауға үлкен жәрдем беретін мектеп. Меніңше, федерация болашақта көптеген жастарға өмірлік жолын тауып, кәсіби маман ретінде қалыптасуына көмектеседі», - деді «Қазақстан Пікірсайыс федерациясының» президенті Болат Бұхарбай.
Сондай-ақ брифинг аясында пікірсайысшылардың коммуникациясына арналған сайт және мобильді қосымша таныстырылды.
Қосымшаның ерекшелігі - уақыт өлшейтін таимкипер функциясын атқаруы. Айта кету керек, сайт пен қосымшаның баламасы біздің елде жоқ.
Сонымен қатар брифинг барысында «Jastar Alany 2019» республикалық пікірсайыс турнирінің нәтижелері таныстырылды. Үздік пікірсайысшы атағына 18-29 жас аралығындағы 120-дан астам жас сөз шеберлері бақ сынасты.
Жалпы жүлде қоры 4 000 000 теңгені құраған. Турнирдің финалдық ойындары ұзақ аралықтан кейін алғаш рет көгілдір экраннан көрсетілді. Атақты блогерлер, вайнерлер, журналистер мен қоғам қайраткерлердің қатысуымен «Stars Game» ойыны көрермендерге тосын сый болды.
«Биыл біз Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-мен бірлесіп «Jastar Alany 2019» республикалық пікірсайыс турнирін өткіздік. Бұл оқиға елдің пікірсайыс қауымдастығы арасында ерекше қызығушылық тудырды. Алғашқы кезеңде 133 фракциядан өтінім түсті. Комиссия шешімімен 60 фракция біздің турнирдің финалына қатысты. Сондай-ақ турнир аясында ойыншылар мен төрешілерге тұрақты түрде семинар мен тренингтер өткіздік. Олардың қорытындысы бойынша қатысушылар сертификаттар алып, осындай тренингтерді өз өңірінде өткізуге мүмкіндік алды», - деді Jas Otan жастар қанатының төрағасы Дәулет Кәрібек.