Көрмені Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев ашты. Ол «Қазавтожол - Kaztraffic-2019» көрмесінің қатысушылары мен қонақтарын қарсы ала отырып, Қазақстанның автомобиль жолдары желісін дамыту мен жетілдіру Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің алдына қойылған басты мемлекеттік міндеттердің бірі екендігін атап өтті.
«Қазақстан автомобиль жолдары саласының дамуына ерекше көңіл бөледі. Бүгінгі таңда біздің жолдардың шамамен 600 шақырымы ақылы. Біз жаңа жүйелер мен жол киімі құрылымдарын, асфальт-бетонды қоспаларды дайындаудың жаңа технологияларын енгізіп жатырмыз. Бүгін қазақстандық және шетелдік компаниялар келушілер назарына жаңа технологияларды, жаңа идеяларды ұсынды», деді Берік Қамалиев.
Экспозицияға жыл сайынғы дәстүрге сәйкес Қазақстан Республикасы, Беларусь, Украина, Ресей, АҚШ, Германия, Түркия, Қытай елдерінің жүзден аса жетекші компанияларының қазіргі заманға сай ғылыми және техникалық зерттемелері мен өнімдері қойылды. Осылайша көрмеде жол зертханаларын, жүк тиегіштерді, қар күрегіш жабдық пен басқа да техниканы көруге болады.
«ТМД елдері жолшыларының үкіметаралық кеңесінің басты міндеттерінің бірі – автомобиль жолдары саласына жаңа материалдарды, технологияларды, зертханаларды енгізу. Бұл ретте бізге «Қазавтожол – Kaztraffic» көрмесі үлкен қолдау көрсетеді. Мұндағы алаңда сала мамандары жыл сайын түрлі проблемалық мәселелерді, оларды шешу жолдарын талқылайды», деп атап өтті ТМД елдері жолшыларының үкіметаралық кеңесі хатшылығының басшысы Бури Каримов.
Шара аясында сондай-ақ, «Жол құрылысындағы инновациялық тәсілдемелер: перспективалар мен даму» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Мұнда автомобиль жолдары саласындағы инновациялар, жолдардың сапасына, қауіпсіздігіне, автомобиль жолдарын күтіп ұстау және дамытуға қатысты кең ауқымды мәселелер қарастырылуда. Тыңдаушылар алдында АҚШ, Германия, Франция, Ресей және Қазақстандағы танымал компаниялардың өкілдері баяндама жасайды. Мәселен, қазақстандық тарап биыл 60 жылдық мерейтойы аталып өткен отандық ҚазжолҒЗИ жаңа жетістіктерін, 2019 жылы құрылған Ұлттық жол активтері сапасы орталығының жұмысын көрсетті. Бұдан бөлек, «QazAvtoJol» ҰК» АҚ сарапшылары автомобиль жолдарын жобалау, салу, жөндеу және күтіп ұстау мәселелерін көтеретін болады.
«Қазавтожол - Kaztraffic-2019» көрмесі елордада 16-шы рет өткізіліп отыр. Ол Қазақстанның ғана емес, басқа да елдердің жол саласы мамандары үшін табысты диалогтық алаңға айналды.