Президент • 29 Қараша, 2019

Тәуелсіздік тұғыры

2244 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Желтоқсанның алғашқы күні – шын мәнінде тағдыршешті күн. 1991 жылы 1 жел­­тоқ­­сан­да ел тарихындағы алғашқы демократиялық сайлауда халқы­мыз өзі­нің тұңғыш Пре­зиденті ретінде Нұрсұлтан Назарбаевты таңдады. Осы тарихи таң­дау Қазақ­станның тәуелсіз әрі қуатты мемлекет ретіндегі кемел келешегін, тар­лан тағдырын, боямасыз болашағын айқындап берді.

Тәуелсіздік тұғыры

 

Бұл күн іс жүзінде еліміздің ұлттық жаң­­ғыруы мен мемлекеттіліктің іргесін бекіту жолындағы жылнамасының да жаңа пара­ғы. Олай дейтініміз, Тұң­ғыш Пре­зидент Нұрсұл­тан Әбішұлы Назар­баевтың алғаш­қы айшық­ты қадам­дары­ның бірі болған Қазақ Совет­тік Социа­лис­тік Республикасын қайта атау жөніндегі шешіміне сәйкес, әлем­дік геосаясат көк­жиегінде Қазақстан Респуб­ликасы деген жаңа мемлекет пайда болды.

1991 жылғы 1 желтоқсандағы прези­дент сайлауы менің жадымда жақсы сақ­та­­лып қалды. Ол жылдары мен ҚазМУ-дың әлеуметтану кафедрасында қыз­­мет істей­тінмін. Отбасыммен бірге Ал­­маты­­дағы Фрунзе – қазіргі Медеу ауда­­нын­дағы учаскеде дауыс бердім. Ал­­ма­­ты­­­лық­тардың сол күнгі көңіл күйі әлі көз алдымда. Азаттық деп соқ­қан әр жүректе ерекше сенім, санада сер­піліс бар. Баршамыз да үлкен үміт жетегіндеміз.

Расында да, 1991 жылғы 1 желтоқ­сан­дағы президент сайлауы айрықша мәнге ие. Бұл – президенттік мерзімге берілетін мандат қана емес, Тәуелсіз Қазақстан атануға деген ұлы ұмтылыстың жалпыұлттық референдум формасындағы көрінісі болатын.

Сайлау тоталитарлық жүйе мен Кеңес­тік Социалистік Республикалар Одағы күйреп, шаңырағы ортасына түсіп жат­қан аса қолайсыз кезеңде өтті. Осынау ал­ма­­ға­йып уақытта қазақстандықтар Нұрсұл­тан Назарбаевқа дауыс бере отырып, Отаны­мыз­дың Еркіндігі мен Егемендігі, Тәуел­сіздігі үшін де дауыс беретінін ай­қын сезінді. Өйткені Н.Назарбаев сол кездің өзінде-ақ қарапайым халық арасында парасат-пайымы биік, білікті басшы, отаншыл азамат ретінде танылған еді. Алматылықтар да оны жақсы білетін. Сондықтан тек Н.Назарбаев қана сындарлы саясат жүргізіп, егемен ел­діктің дара жолына бастай алатынына, өт­пелі кезеңнің алмағайып аласапыранынан аман алып өтеріне сенді. Сондықтан бү­кіл ел жұдырықтай жұмылып, Нұрсұл­тан Назар­баевтың айналасына шоғырлан­ды. Сайлау­шылардың 98,8% дауысы Тұң­ғыш Пре­зи­денттің қолына ел-жұртының алғау­сыз се­німі деп аталатын билік мандатын ұс­тат­ты. Сол арқылы Тәуелсіздіктің тұ­ғырын ор­на­тып, егемендіктің жолына ғұмырын арна­ған тұлғалы ұлына сар­қылмас қуат нәрін берді.

10 желтоқсанда Алматыдағы Респуб­лика сарайында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президенті ретін­­де Ант берді. Азат­тықтың арайлы алтын таңында жас мем­лекеттің ертеңін жар­қын, келешегін кемел ету жолындағы Нұрсұлтан Назарбаевтың қа­жыр­лы қыз­меті, дара дәуірі осылай бас­талды!

Сондағы ұлықтау рәсімінде Елбасы: «Біз дербес өмір сүретін жағдайдамыз» деп атап айтқан болатын. Бұл – одақтас рес­пуб­ликалардың бір-біріне тәуелді өндіріс ошақтары арасындағы байланыс­тар үзіліп жатқан тоқырау кезеңі еді. Оның үстіне Қазақстан сол КСРО-ның өзінде ең кедей елдерінің қатарында – 15 елдің арасында 13-орында болатын. Алайда, Тұңғыш Президент сөзінде тұрды.

Әлбетте жұмақ бір күнде орнаған жоқ. Пре­­зидент іс жүзінде күндіз отырмады, түн­де ұйықтамады. Бүгінгі ахуалды екшей отырып, алыс келешектің көкжиегіне көз тікті.

Дәл сол күндер жағдайында ауыр бол­­ғаны­мен, баянды болашақ үшін айрық­ша қажет реформалар мен қатаң шешім­дер, көре­ген қадамдар жасауына тура келді.

Нәтижесінде, мемлекетіміз уақыт сыны мен түрлі қатерінен сүрінбей өтіп, әлем жұрт­шылығы алдында құрметке кенел­ді, абырой-беделі артты. Күш-қуаты толысып, мемлекеттіліктің іргесі бекіді. Қазақ­стан 90-шы жылдардағы жоқшылық пен аласапыраннан – осы күнгі тұрақтылық пен бақуат­тылыққа қадам басты. Бір сөзбен айтсақ, дамудың дара даңғылына түсті. Ал­ды­мыз­ға қойған стратегиялық зор мақсат-мін­деттерге ұмтылу арқылы әлемдік орташа даму деңгейіне жеттік. Ендігі мақсатымыз – да­мыған 30 елдің қатарына қосылу. Көп ұзамай бұл межеге де жететінімізге бек сенімдімін.

Дүние жүзін мойындатқан, өз тиім­ділі­гін көрсеткен қазақстандық даму моделі әлем жұртшылығына «Назарбаев моделі» ретінде танылды. Оның қағидаты – «әуелі – экономика, содан кейін саясат», болашаққа ұмтылыс. Н.Назарбаев моделі – жаһандық сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлердің алдын-алуға негізделген батыл реформалар жолы. Қазақ­­станды кедей мемлекеттер қатары­нан алып шығып, әлемдік дағ­дарыс­тарға қарсы тұруға мүмкіндік берген Н.Назарбаевтың үш жаңғырту тол­қыны Ли Куан Ю, Людвиг Эрхард, Рузвельт, Дэн Сяопин, Ататүрктің ұлы ре­фор­ма­ларымен қатар аталуы да кездейсоқтық емес.

Елбасының «Қазақстан-2050» Страте­гия­сы мен бес институционалдық реформаларды жүзеге асыруға негізделген Ұлт жоспарындағы қадамдардың барлығын тегіс қамтитын бағдарламасы заманның ең қатаң талабына сай келетін, елді дамы­тудың аса қуатты тұғырнамасы деп санаймын. Анығында, бұл – алдағы онжыл­дықтарға негізделген ұлттық идеямыз.

 * * *

Нұрсұлтан Назарбаевтың реформа­торлық рухы – Тұңғыш Президенттің туған қаласына айналған Алматыға аса жа­қын. Алматы – Н.Назарбаев дәуірінде жаңа өмір бастаған, екінші тынысы ашыл­ған Алатаудай өр, прогрессивті, озық шаһар.

Елбасы Алматыны «Тәуелсіздіктің тал бесігі» деп атады. Бүгінде осы қалаға қа­тысты сөздік қорымыздағы ең негізгі теңеу­лердің біріне айналған бұл сөзді немқұ­райлы қабылдау мүмкін емес. Тұңғыш Президентіміздің осы теңеуінің астарында тамыр­лы тарихы бар терең мән-мағына жатыр. Себебі біздің қала 1991 жылы 16 жел­тоқсанда Қазақстанның Тәуел­сіздігі жария­ланғаны үшін ғана Тәуел­­сіздіктің талбесігі аталған жоқ. Азат­­­тық рухы мұнда одан бұрын туғаны және ол 1986 жылғы 16 жел­­тоқ­санда тота­ли­тар­лық жүйеге қарсы жас­тар­­дың нара­зы­лығы ретінде көрініс тапқаны белгілі.

Анығында, 1991 жылғы тамызда да шаһар тұрғындары Мемлекеттік Төтен­ше жағ­дайлар комитетінің (ГКЧП) бүлі­гін елемей, Н.Назарбаевтың тәуелсіз бағытын қолдады.

Тағдыр бабалардың аңсары болған азат­тықты алу мүмкіндігін алға тартқан сәт­те де Алматы Нұрсұлтан Назарбаевты сол Тәуел­сіздіктің көшбасшысы ретінде қа­былдап, еркін елдің ертеңгі болашағын аманаттады.

Жаңа қазақ мемлекеті Алматыда кін­дігін кесті. Сондықтан «Елбасы мен Алматы тағдыры ажырағысыз» деген сөздің де әділ екені ақиқат.

Тұңғыш Президент пен Алматы арасында айрықша қастерлі байланыс бар. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Алматы менің сүйікті қалам. Мен ол шаһарға әлі күнге дейін көңіл толқы­нысымен барамын. Ол – еліміздің ең әсем шаһары» деген сөзі әрбір алматылық тұрғынның көкейінде тұр.

Біздің мегаполисте Елбасының саяси­ көшбасшылық өнері мен ел басқару қасиеті жылдар бойы шыңдалып, біре­гей Назарбаев стилі пайда болды. Алматыда Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік деңгейдегі саясаткер ретінде қалыптасты. Сондықтан мемлекет құрылысының мүлде жаңа моделі – «Н.Назарбаев мо­делінің» нақ осы шаһарда қа­лыптасуы да заң­дылық. Алматының креа­тивті рухы адам бойындағы дарынды даралайды. Елбасының мемлекеттік даныш­пандық қыры да дәл осы қалада ашылды.

Елбасы Алматыға ұдайы келіп тұрады, алматылықтармен бейресми әңгімелеседі, ақылдасады. Қала тұрғындарының көңіл күйі, мемлекет мен мегаполистің дамуына қатысты ой-пікірлері Тұңғыш Прези­дент үшін аса маңызды. Мені әкім етіп тағайындаған кезде Нұрсұлтан Әбішұлы Алма­тыда жұмыс істеу аса жоғары жауап­­кер­шілік әрі бүкіл елге қызмет ету екендігін айтқан еді.

2019 жыл – Алматы дамуындағы ай­шық­ты жыл. Тұңғыш Президенттің тапсыр­масы негізінде мегаполистің ұзақ мер­зім­дік даму стра­тегиясы жасалып, ол қала­лық БАҚ-тар­да жарияланды. Қазіргі таң­да стратегияны кеңі­нен талқылау жү­ріп жатыр. Оған кәсіп­кер­лер, қаладағы зия­лы қауым өкілдері, аза­маттық қоғам бел­­сен­ділері, үкіметтік емес ұйымдар жұ­мыл­­ған. Қала тағдырына бейжай қарай алмайтын барлық алматылық өз ұсы­ныс-тілегін жасағаны біз үшін аса маңызды.

 

 * * *

Ромен Роллан «Жүрегі көпшілік үшін соғатын адам ғана ұлы адам» деген екен. Маған ұзақ уақыт Елбасының қасында қыз­мет ету, оның тапсырмаларын орындау құр­меті бұйырды. Тұңғыш Президент күні қар­саңында Елбасын даралап тұратын айрық­ша адами қасиеттерін атап айтқым келеді.

Соның ең біріншісі – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың аса қиын халықаралық келіссөздерде ұлт мүддесін қорғай білу өнері. Келіссөз жүргізушінің жоғары ше­бер­лігі шахмат ойынына ұқсайды. Бірде, алғаш рет мұндай келіс­сөздерге сарапшы ретінде қатыса отырып, ұстанымымыз уысымыздан шығып бара жатқандай көрінді. Алайда, Елбасы түпкі нәтижеде Қазақстан үшін маңызды жетістікке жете білді.

Елбасының маңызды қыры – әділ­дікке, тең құқықты қарым-қатынасқа ұм­тылуында. Сонысы үшін де ол халық­аралық қоғамдас­тықта да айрықша құр­метке ие. Еуразиялық Экономикалық Одақ келіссөздері кезінде оның өзге елдердің өз мүд­делерін қорғауына көмек көрсеткенін көрдім. Ресей Президенті Владимир Путин сынды саясаткердің Елбасы дәлелімен келіскені де мәлім.

Әлемдік деңгейдегі саясаткер бола тұ­рып, Нұрсұлтан Назарбаев қарапайым адам­­дарға зор құрметпен қарайды. Оның халықпен әңгімелесуіне куә бол­ған кез­дерім көп болды. Адами қасиеті айрықша. Оның өзіне ғана тән таби­ғи биік беделі бар. Ол өз қуатымен тыңдау­шы­ларын там­­сандыра да, таңдандыра да біледі.

Елбасының көрегендігі, адамдарды терең түсінуі алғаусыз шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Мұны біз 2019 жылы көрдік. Елбасының арқасында билік тран­зиті бейбіт, тұрақтылық жағдайында өтті. Бұл ретте Қасым-Жомарт Кемелұлы Ел­ба­сы бағытының сабақтастығын қам­та­­ма­сыз етеді. Ал алматылықтар мұны бағалайды.

* * *

Осындай оймен 1 желтоқсан – Тұңғыш Пре­­зи­дент күнін қарсы аламын. Бұл күн – ұлт тағдырына таңдау жасалған күн. Бұл күн – Қазақстан Республикасының жа­ңа тарих сахнасындағы ұлы қадамы бас­тал­ған күн.  Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік тұғырын орнатқан тарихи күн. 

2

 

Бақытжан САҒЫНТАЕВ,

Алматы қаласының әкімі