Тарихта есеміз кеткен ел едік. Осыдан отыз шақты жыл бұрын ғана республикамызға кадрлық эксперимент жасала алатын, топырағымызға табаны тиіп көрмеген көлденең көк атты бізді басқаруға жібере салатын ел едік. Нұрсұлтан Назарбаев сол елдің етектегі басын төрге шығарып берді. Қоғамды бір формациядан бір формацияға ауыстырып берді. Экономиканы жоспардан нарыққа көшіріп берді. Халықтың санасын өзгертіп берді. Мемлекеттің сипатын жаңартып берді. Тыныштықты, татулықты сақтап қалды. Елдің рухын көтерді. Еңсесін тіктеді. Ең бір қиын жылдардағы тар жол, тайғақ кешуден аман-есен алып шықты.
Қазақта «Би бол, би болмасаң, би түсетін үй бол» деген аталы сөз бар. Назарбаевтың басшылығымен біз алдымен үй болдық. Мемлекет құра алдық, ел болып тұра алдық, мығым мемлекет ретінде құралдық. Одан кейін би түсетін үй болдық. Бізге бағыты орнықты мемлекет ретінде, ішкі-сыртқы саясаты салиқалы, әлемге әйгілі ел ретінде дүниенің түкпір-түкпірінен делегациялар ағыла бастады. Одан кейін біз өзіміз де би болдық. Еуропаның 56 елінің басын біріктіретін ұйымға төрағалық еттік. Сол ұйымның он бір жылдан бері шақырылмай жүрген саммитін шақырып, өткізіп бердік. Одан кейінгі тағы бір ірі жетістігіміз – Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болуымыз. Қауіпсіздік Кеңесінде әлемнің ең беделді ұйымының ең беделді құрылымына төрағалық та еттік. Қазақтың дүниеге танымал ұлт болуы, мемлекетіміздің алыс та, жақын да, Батыс та, Шығыс та мойындайтын, құрметтейтін елге айналуы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен жүзеге асырылғанын біз де ұмытпаймыз, тарих та ұмытпайды, бұл ірі іске болашақтағы ұрпақтар да өзінің лайықты бағасын береді. Назарбаевтың биліктің асқар биігінде, даңқтың ұшар шыңында тұрған шағында мемлекет тізгінін өз бастамасымен, өз қолымен беруі, ел басқарудың эстафетасын өзі баулып өсірген, ұзақ жылдар бойы сан түрлі биік лауазымды қызметтерде сыналған, шыңдалған, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары деңгейіне дейін жетіп, әлемге танылған, сенімді адамға тапсыруы да болашақтағы саясаткерлер талай талдайтын терең мәнді қадам болды. Nur Otan партиясы өңірлік филиалдары өкілдерінің осы дүйсенбіде өткен кеңесінде партия Төрағасының қоғамды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың айналасында шоғырландырудың және Мемлекет басшысы қойған міндеттерді іске асыру жөнінде іс-шаралар қабылдаудың маңыздылығын атап айтуы, қадап көрсетуі де салмақты сөз.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Назарбаев феномені Батыс пен Шығыс мәдениетінің тоғысқан жерінде, жоспар мен нарықтың түйіскен тұсында, социализм мен капитализмнің ұштасқан жерінде, Шығыс ойшылдығы мен Батыс прагматизмінің қиылысында пайда болды» деп айтқаны бар. Дәл анықтама. Халқымыздың өз ортасынан шыққан, қазақы тәрбие көрген, туған тілінің тұнығына қанған, жас күнінен көпұлтты ортада өскен, өзін өмір бойы қамшылап, барлық тұрғыдан өскен, барлық сатылардан өткен Назарбаев – әлемдегі сирек саңлақ саясаткерлердің бірі. Назарбаев ел басқарған тұстағы онымен қатарлас тұлғалардың ішінде ешқайсысы да екі мәдениеттің ықпалын бірдей сезінген жоқ, экономиканың бір-бірінен алшақ жатқан екі түрінде, от пен судай саналып келген екі қоғамдық жүйеде бірдей жұмыс істеп көрген жоқ, ешқайсысы да екі қоғамдық жүйеде басшылық қызметте болған жоқ, ешқайсысы да ол көрген қоғамдық катаклизмдерді көрген жоқ, ешқайсысы да жаңарған мемлекетті өз қолымен құрып көрген жоқ, осындай биікке өзі жеткізіп көрген жоқ.
Иә, құшағың жетпейтінді құшақтай алмайсың. Назарбаевтың ел үшін еткен ерен еңбегінің бір саласына ғана салмақ сала сөйлемесек болмас. Ойлап-ойлап келгенде ол сала Елбасының ел астанасын ауыстыру жөніндегі жұмысы болғаны көкейге көбірек қонымды дегенге тоқтадық.
Қала туралы әңгімеге ауысарда мына жайдың басын ашып алайық. Мақалада елорданың атын Нұр-Сұлтан деп емес, Астана деп жазатын боламыз. Біз сөз ететін кезеңде қала Астана аталатын. Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласын салдырды. Еңбегіне риза халық қалаға Елбасының атын қалдырды. Нұрсұлтан Назарбаев Президент қызметін тапсырғаннан кейін. Оның өзінде де Елбасының есімі сол күйінде алына салған жоқ. Бұл әуезді атауға қазірдің өзінде көзіміз қанығып, құлағымыз үйреніп үлгерді. Біз өз тарапымыздан Нұр – Алланың 99 атының бірі екенін, Сұлтан сөзі Құранда биліктің бір баламасы болып табылатынын, бүкіл мұсылман әлемінде елдік, мемлекеттілік ұғымымен астасатынын қоса айта кетелік.
Заман зырғып, уақыт сырғып, жылдар жылжып барады. Қазақ қашанда арқа тұтқан Арқаға келіп, арқамызды тіреп, арқа-жарқа болып жатқанымызға да жиырма жылдан асып қалды. Осындайда енді-енді егемен ел атанып, тәуелсіздік туын тіккен кездегі үлкен қадамдарымыз еске түседі. Олардың алдыңғы қатарында ел астанасының орнын таңдау тұр.
Астананың қазақ үшін қадірі бөлекше. Бұл қала біздің алаң көңілімізді орнықтырған, өмірімізді тұрақты сипатқа ауыстырған мекен ретінде де айрықша ардақталуға тиісті. Бұл сөзіміздің мәнісі неде?
Қыран ұшса қияғы тозатын, құлан жортса тұяғы тозатын ұлан-ғайыр дала төсінде ата-бабаларымыз жүздеген жылдар бойы арлы-берлі жөңкіле көшіп тіршілік құрды, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен туған жерін қорғады, әр заманда ордалы жұрттың туы сол жердің сан қаласында тігілді. Қазақ қазақ болғанға дейінгі көне замандардағы көк түріктерінің кезіндегі, одан кейінгі Алтын Орданың тұсындағы ортақ астаналарымызды айтпағанда, бертіндегі, қазақ қазақ болғаннан кейінгі дәуірлердің өзінде дала төсіндегі астаналарымыздың керуені Созақ, Сығанақ, Сарайшық, Түркістан деп ауыса бергені белгілі. Тіпті халқымыз жаппай отырықшылдыққа көшкен кешегі жиырмасыншы ғасырдың өзінде Алаш жұртының астана алмастыруы Орынбор, Қызылорда, Алматы болып жалғасып жатты. Тарихымызда бұл қалалардың бәрінің де өзіндік орны бар. Қай кезеңде де біз елдіктің бір белесінен асып отырғанымыз анық. Дегенмен, солардың бәрінің тұсында да көңілімізден күдік-күмәннің кетпегені, ел ретінде ертеңімізге елеңдеп келгеніміз де жасырын сыр емес. Тіпті жер жәннаты Жетісудың төріне, асқақ Алатаудың төскейіне қоныс тепкен Алматыдағы жетпіс жылдайғы өміріміздің өзінде қаланың сұлу сәулетіне сүйсінгенімізбен, тамаша табиғатына тамсанғанымызбен, біресе елдің бір қиырында тұрғанын, біресе күшті зілзала қаупінің бар екенін, біресе қазаншұңқырға салынғандықтан дәйім жел жетпей, қапырықта самал шақырып жатқанын, біресе құрылыстың тауға тіреліп, өрісінің тарылғанын ойлап, бір түрлі күпті күйде жүретінбіз. Қысқасы, жүздеген жылға созылған көшіміз бүкіл әлем отырықшылыққа түгел ауысқан ХХ ғасырдың өзінде толық тоқтамағанын іштей сезетінбіз, өміріміздің де, көңіліміздің де біржола орнықпағанын түйсікпен болса да түсінетінбіз. Алаңдайтынбыз. Ол мәселені шешудің жолын таба алмай қиналатынбыз. Түйіні табылмайтындай да көрінетін.
Бұл түйін тек тәуелсіздік таңы атқанда ғана тарқатылды.
Астананың негізгі қозғаушы күші – тәуелсіздік.
Еліміз тәуелсіздік ала алмаса, біз Астана сала алмас едік.
Астана ауыстыру идеясының жеке дара авторы да, сол идеяны жүзеге асырушы да – Назарбаев. Елбасы ел байтағын Арқа төріне алып келу арқылы геосаясатта да, экономикада да ерекше мәнді мәселелерді шешіп берді. Ұлт тарихының атымен жаңа парағын ашып берді. Ел иесі, жер киесі түпкілікті анықталды. Елбасымыз осы шешімімен халқының рухын көтерді. Өзіне сенімін арттырды. Мықты мемлекет құра алатынымызға көзімізді жеткізді. Қазаққа ежелден тән рух асқақтығы қайта оралды. Даланың кеңдігіне сай ой еркіндігі қайта келді. Астана ауыстыру Қазақстанның геосаяси ұстанымдарын орнықтыра түсті. Бас қаланы орталыққа жақындату арқылы елдің қауіпсіздігі күшейтілді. Қасиетті қазақ жерінің қиыр-қиырын саудаға салғысы келіп баққан сол тұстағы саясаткерсымақтардың көмейіне біржола құм құйылды. Аса ірі жалпыұлттық мақсат ойдағыдай орындалды. Жаңа дәуір – Тәуелсіздік дәуірі біз үшін іс жүзінде жаңа елорда таңдаудан, Астана қаласын салудан басталды.
Астана салынғанға дейінгі қазақ пен Астана салынғаннан кейінгі қазақтың айырмасы едәуір. Оған дейінгі қазақ кемінде кейінгі үш ғасыр бойында рухы жаншылған, еңсесі езілген қазақ, одан кейінгі қазақ бойын тіктеген, ойын бүкпеген, қолынан ірі істер келеріне еркін сенген, алдағы асуларға бекінген қазақ. Осы арқылы Елбасымыз біздің бәріміздің ойымыздағыны болдырды. Ерке Есілдің бойына ел қондырды. Арқа төсін халқымызбен толтырды. Қазақ өз жеріне нықтап орнықты.
Астананың тағылымды тарихы аз жылдың аясында осындай ғажап қала тұрғыза алған елдiң қолынан бәрi де келетiнiне көзімізді жеткізедi. Еңселі елордамыз – Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігінің салтанат құруы. Аз жылдың аясында біздің ұлттық мақтанышымызға айналған бұл қала – мыңдаған жылдар бойы осы Ұлы даланың төсінде туған елін қанын төге, жанын сала қорғаған батыр бабаларымыздың аманатын ақтағанымыздың айғағы.
Соншалықты қиын кезде мұншалықты тосын ұсыныс енгізу арқылы Елбасы идеяның өзін ғана емес, жеке өзінің саяси тағдырын да таразыға тартып тұрғанын жақсы түсінді. Тәуекелге бас тігіп отырғанын, ойындағының орындалуы көңілдегідей шықпаған жағдайда саясаткер ретінде өзіне деген халық сеніміне селкеу түсуі мүмкін екенін де білді. Жоқ, «халық сеніміне селкеу түсуі мүмкін» дегенді тым жұмсартып жазып отырмыз. Астана жобасы сәтсіз шыға қалғанда Назарбаевтың саясаткер ретінде бір сүрінуі сөзсіз болатын. Сондай сын сағатта қатерлі өткелден қаймықтырмаған, қауіптен жүрегін шайлықтырмаған нендей күш екен?! Сырын түсіне алмай қайран қаласыз. Түйінін тарқата алмай дал боласыз. Әрине Назарбаевты бұл қадамға жігерлендірген елге деген ерекше сенім дейміз. Елдің болашағын осыншалықты алыстан ойластыру үшін алты қырдың астындағыны емес, алпыс алты қырдың астындағыны аңдайтын алғырлық, туа біткен көрегенділік керек. Ол басы ашық әңгіме. Соған қоса адамның өзіне, өз күшіне, өз рухына осыншалықты сенуі де керемет жай.
Иә, ол кез қиын кез еді. Бізге көп нәрсе керек еді. Қаржы керек еді. Инвестиция керек еді. Технология керек еді. Мамандар керек еді. Жұмыс орындары керек еді. Бірақ бәрінен де өзімізге өзіміздің сеніміміз көбірек керек еді. Қазақстанды осы заманғы, алдыңғы қатарлы елге айналдыра аламыз, өзгелер істегенді біз де істей аламыз деген сенім керек еді. Ондай сенімді жаңа идея, жаңа символ ғана оята алатынын білді Елбасымыз. Ол идея, ол символ Астана болып шықты.
Бүгінгі Астана – мемлекет қуатының архитектура тілімен айшықталған айғағы. Архитектура демекші, Астананың ажарын ашатын ғимараттардың әрқилы стильде салынуы сөзсіз сүйсінтеді. Олай деуіміздің мәнісі бар. 2007 жылы Елбасының атына мінгесіп, жер түбіндегі Бразилияға жеткенбіз. Ел астанасы Бразилиада болғанда Президент сол қаланы салдырып, астана ауыстырған президент Ж.Кубичектің мемориалдық кешеніне барған. Кешеннен шығып, көлігіне беттей бергенінде Нұрсұлтан Әбішұлы он шақты метрдей жерде, журналистер арасында тұрған маған басын изеді де өзіне қарай шақырды. «Мына қаладан алған әсерің қалай?», деді. Бразилиа архитектурасы ерекше екенін, сонымен бірге бүкіл қаланың бірыңғай үлгіде болғаны біртүрлі көрінетінін айттым. «Дұрыс байқапсың. Бір стильде салынса кез келген қала ескіріп қалатынын ескеру керек. Астананы әртүрлі үлгіде салып жатқанымыз сондықтан», деді Президент. Сол сапардан жазған репортажымыздағы «Ұлы сәулетші Оскар Нимейердің қанатты қиялынан туған осынау қала шынында да архитектура өнерінің қайталанбас туындысы. Сонымен қатар Бразилиа сәулеті Уақыт атты ұлы күштің нені болса да тоздыратынын танытып тұрғандай» деген сөйлемдер («Қашаған құрықтаған Қазақстан», «Елорда», 2010, 268-бет) – Елбасы салған ойдың жемісі.
Астана біз үшін елдігіміздің символы, ерлігіміздің символы, мемлекет мығымдылығының айқын айғағы, бақытты болашағымыздың берік кепілі. Мемлекет құра алатынымызды, ел болып тұра алатынымызды, ел болғанда да мықты ел болатынымызды, тәуелсіздік табалдырығын өзімізбен бірге аттаған елдердің алдына шыға алатынымызды әуелі біздің өзімізге шындап танытқан, одан кейін біздің дәл мұндайлық жасампаздық қуатымыз барын дүйім дүниеге алғаш танытқан осы атыңнан айналайын Астана – қазіргі Нұр-Сұлтан еді!
Осы мақалаға кіріскенде Президенттің «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабына тағы бір көз жүгірткен едім. Соны қарап отырып, «Осыны шынымен біз жасадық па?» деген сөйлемге қадала тоқталдым. Нұрсұлтан Әбішұлы өзінен өзі солай сұрапты да, өзіне өзі қысқа ғана «Иә» деп жауап қайтарыпты. Бәріміздің де қайтарар жауабымыз бұл.
Иә, осыны шынымен біз жасадық!
Иә, біз тәуелсіздік таңының атқанына үш жыл да толмай жатқанда осындай шешім қабылдай алдық.
Иә, біз шешім қабылданысымен іске бел шеше кірістік те, қысқа мерзім ішінде әлемдік ең үздік үлгі-қалыптарға сай келетін жаңа қаланы жарқыратып салып шыға алдық. Осындай ірі де игілікті істі аз уақыттың аясында атқарған халықтың қолынан бәрі де келетініне ендігі жерде ешқандай күмән қалмауға тиіс.
Астана біздің үмітімізді үрледі, сенімімізді серпілтті, айбынымызды арттырды, күшімізді көрсетті. Қазақпыз, елміз, халықпыз, ұлтпыз дегізді!
Біздің бәрімізді еркін, егемен ел құра алатынымызға, мына аумалы-төкпелі дүниеде, осынау жұмыр Жердің бетінде мығым мемлекет болып берік тұра алатынымызға кәміл сендірген күш – Астана. Тәуелсіздік тарихындағы ең сәтті жеңісіміз де – Астана, ең тәтті жемісіміз де – Астана.
Астана идеясын сол қиын кезде қолдаған, ел бастаған азаматына екі тізгін, бір шылбырды беріп, сенім көрсеткен, күрделі мәселелерді еркін, кең құлашпен шешуге мүмкіндік жасаған, ақыры аса ауыр міндетті абыроймен атқарып шыққан халқымыздың елдік қасиеттеріне қайран қалмасқа, тәнті болмасқа әддіміз жоқ тіпті.
Біз – қабырғалы халықпыз. Жаратқан Иеміз бізге ұлан-байтақ жер берген, сол жердің үстін дәнге толтырған, астын кенге толтырған, бәрінен бұрын – сол жерді ер көңілді дарқан елге толтырған. Біздің басты бағымыз да, баянды бақытымыз да осында.
«Мен осы істі бастадым, елім сеніп, соңымнан ерді. Мемлекет құруда да, астана салуда да солай болды. Осыдан артық бақыт бар ма?», деп еді Елбасы бізге берген сұхбатында. Нақтырақ айтқанда, Ақордадағы кабинетте жасалған сұхбаттың қағазға түсірілген мәтінін алдын ала көрсетуге апарғанда осы сөздерді қолжазбаның шетіне өзі қосып жазып еді.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бақытының баяндылығына даусыз дәлелдің бірі – өзі салдырған елордасының өзіне тұрғызылған ерекше ескерткішке – Нұр-Сұлтан қаласына айналуы. Астананы қазақ елінің қақ ортасына – Арқаға алып келу арқылы еліміздің сан ғасырларға созылған ұлы көшін діттеген жеріне жеткізген, межелі мекенге мәңгілік қазық қағып, мемлекет тәуелсіздігін түпкілікті тиянақтаған Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен ерлігінің замандастары тарапынан уақтылы бағалануы – елдігіміздің есейгендігінің келісті көрінісі.
Назарбаев сынды жаһандық ауқымдағы саясаткерлер әр қараған сайын жаңаша жарқырайтын алуан қырлы ақ алмасты елестетеді. Біз сол ақ алмастың бір қырын ғана сөз етіп байқадық.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
Мәжіліс депутаты