Аймақтар • 29 Қараша, 2019

Тұңғыш Президент көшесі тұнған тарих

597 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Бір-бірімен қиылысып һәм қатар шауып, шумақ-шумақ созылып, шулы шаһардың тұла бойына жан бітіретін көшелердің де өз өмірі, тылсым тағдыры, терең тарихы болады. Біз бүгін көне Орал қаласының қақ ортасында жатқан осындай бір көше туралы әңгіме қозғамақпыз.

Тұңғыш Президент көшесі тұнған тарих

Орал қаласын алғаш көрген, көне даңғыл бойымен асықпай бір жүріп өткен адам ашық аспан астындағы мұражайда болғандай әсер алатыны рас. Оның үстіне шаһар тарихынан хабары бар адам кездесіп, көргеніңізді көне тарихпен байланыстырып түсіндіріп жіберсе, Жайық бойындағы осынау жасыл қалаға мәңгілік бауыр басып қаларыңыз анық. 2019 жылы 20 наурызда Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін иеленген даңғылдың басынан түсіп аралап, арғы-бергі тарихы туралы сөз етіп көрейік.

 Жайықтан – Яикқа

Даңғылдың басы Жайық өзеніне тіреліп жатыр. Бұл жерде өзен өрлеп тасыса, қала халқын тасқын судан құтқаратын биік жал – бөгет бар. Тарихшылар мен өлкетанушылар қазіргі Орал қаласының іргетасы дәл осы көшенің басынан – тұр­ғы­лықты халық «Курени» – «күрең үй» атап кеткен ауданнан басталған деп санайды. Қаладағы ең көне құрылыстар осы ауданда орналасқан. Мәселен, Михаил Архангел шіркеуі – осы кезге дейін аман жеткен ең ескі ғимараттың бірі. Оның іргесі 1740 жылы қаланыпты. Ел аузындағы әңгімелерде шіркеуді тұрғыз­ған­да ортағасырлық көне шаһардың кір­піш­тері пайдаланылған-мыс. Бұл сау ақылға сыймаса да рас болуы әбден мүмкін: Жарты әлемді билеген Алтын Орданың асқақ астаналары – Сарай Бату мен Сарай Берке шаһарлары да дәл осылай жойылған болатын...

Айтпақшы, 1773-1775 жылдары Ресейді дүрліктірген Дон казагы Емельян Пуга­чевтің есімін осы жерде айтуға тура келіп тұр. Орал казактарынан, Яик тұрғын­­дарынан ерекше қолдау көрген бүлік­­ші осы жерде екінші әйелі Устинья Кузне­ц­оваға үйленіпті. Некесін 1774 жылы жоғарыдағы Михаил Архангел – Мәкәйіл періште ғибадатханасында қидырған. Устинья туып-өскен үй – қазіргі Назар­баев даңғылындағы №35 ғимарат бүгінде мемле­кет қорғауына алынған. Алтын Орда кезеңінің күйдірген қыштан қаланған еңселі ғимараттары іргетасына дейін қира­тылып алынғанда, қарағайдан қиып сал­ған қарапайым үйдің төрт ғасырға таяу уақыт өтсе де әлі сақталып тұрғанына таңғаласың. Отаршылдық тарихымызды ойға алсақ, бәрі де түсінікті...

 Хан тоғайы

Дәл осы Пугачев музейінің іргесінен күнбатысқа қарай – Хан тоғайы деп аталатын табиғи мүйіс созылып жатыр. Жайық пен Шаған өзендерінің қосылар тұсында 400 гектардай алқапты алып жатқан бұл тоғай да мемлекет қорғауында.

Бұл жер неге «Хан тоғайы» деп аталған? Әрине, мұның да өз тарихы бар.

Дәл осы жерде 1812 жылы 7 шілдеде Кіші жүздің ханы Әбілқайыр баһадүрдің немересі, Нұралы ханның ұлы Бөкей сұлтан Ішкі Орданың ханы лауазымын иеленіп, ақ киізге көтерілді. Тарихи деректерде Бөкейдің Құран ұстап ант бергені, иығына бұлғын ішік жабылып, императордың сыйлығы – өз есімі жазылған қылыш тапсырылғаны айтылады.

Арада 12 жыл өткенде – 1824 жылдың 26 маусымында дәл осы жерде Бөкей ханның ұлы Жәңгір сұлтан да дәстүр бо­йынша ақ киізге көтеріліп, әкесінің тағына отырып, хан сайланған.

– Ортағасырлық Жайық қаласының іргесінде орналасқан осы тоғайдың «Хан тоғайы» деп аталуы Бөкей мен Жәңгірдің хан көтерілуінен бұрын да келе жатуы әбден мүмкін. Өйткені Ресей империясы өзі тағайындаған қазақ билеушілерін халық алдында легитимді – дәстүрге сәйкес деп қабылдануы үшін осындай әрекетке жиі жүгінген. Әрідегі әз-Жәнібек, берідегі Қасым хан жерленді делінетін Сарайшық та бұл жерден алыс емес. Сондықтан «Хан тоғайы» атауының тамыры терең деп ойлаймыз, – дейді тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев.

Айтпақшы, 1891 жылы дәл осы жерге болашақ император, Николай ІІ де келіпті. Империяның тақ мұрагеріне тоғай қатты ұнап қалған. Жергілікті жағымпаздар жалма-жан бұл жерді «Цесаревич тоғайы» деп атауға шешім шығарған. «Бірақ бұл атау халық арасына тарала қоймады» деп өкінішпен жазады кейін өзге елдің өлкетанушылары.

Тағы бір деректе белгілі этнограф Мұхамед-Салық Бабажановтың әкесі Қарауыл­қожа Бабажанов осы Хан тоғай­дың іргесіне мешіт көтермек болып, патшадан рұқсат сұрағаны, алайда өтініші қанағат­тандырылмағаны айтылады.

 Қазан алаңы

Назарбаев даңғылының бойында жатқан тағы бір шағын алаң бір кездері «Қазан алаңы» деп аталыпты. Өйткені бұл аудан – татар саудагерлерінің үйлері топтасқан мұсылман орамы болатын. Бұл жерде қазір белгілі көпес Ванюшиннің үйі, Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының ғимараты – бұрынғы «Қазан» қонақүйі орналасқан. Жалпы, Теке-қалада (Оралды қазақтар ертеде солай атаған – Қ.Қ.) 1897 жылы 3460 татар тұрғаны айтылады, бұл қала халқының 10/1 бөлігі еді. Орал – татар әдебиетінің классигі Ғабдолла Тоқайдың ақындық таланты ашылған, бауырлас татар халқы­н­ың алғашқы ұлт басылымдары – «Әл-ғасыр әл-жадид» («Жаңа ғасыр»), «Уқлар» («Оқтар»), «Фикер» («Пікір»), т.б. шыққан алтын бесік. Міне, осы татар ағар­ту­шы­ла­рының әсерімен Оралда оқитын қазақ талабалары да өркениетті өнер – театр ойынына ден қойған.

Назарбаев даңғылына бір бұрышымен тұрған Ванюшиндер үйінің де тарихы қызық. Ағайынды көпестер ХІХ ғасырдың екінші жартысында тұрғызған бұл үйдің сәулеті шығыс архитектурасын еске түсіреді. Басқа тарихын былай қойғанда, бұл ғимаратта Ұлы Отан соғысына дейін ауыл шаруашылығы техникумы орналасып, 1937-1940 жылдары болашақ ақын Жұбан Молдағалиев оқыған екен.

Ақиқат үшін айта кетейік, осы жердегі шағын алаңда – бұрынғы А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институ­ты­ның бас ғимаратына қарсы тұста күй алыбы Құрманғазы мен шәкірті Динаның бейнелерінен құралған әсем композиция орналасқан.

 Оқыған жастардың ордасы

Назарбаев даңғылының әр ғима­ра­тын түгендесек, мақаламыз ұзаққа созылып кететін түрі бар. Сондықтан айтарымызды жұптап, ғимараттарды топтап таныстырмасқа амал жоқ.

Орал қаласындағы ең әдемі ғимарат­тар­дың бірі – бүгінде Батыс Қазақстан облыстық тарихи өлкетану музейі орна­лас­қан, шығыс стилінде доға терезелі, дулыға мұнаралы, қос қабатты үй екенінде дау жоқ. Ресми мекенжайы Назарбаев даңғылы, 184-үй болып саналатын бұл ғимаратта бұрынғы қазақ-орыс қолөнер мектебі орналасыпты. 1891 жылы салынған бұл мектепте ер балалар ағаш шебері, темір ұстасы, т.б. істерден білім алған.

Бірінші ерлер гимназиясының ғима­ра­ты, қазіргі Жаһанша Досмұхамедұлы атындағы педагогикалық колледждің оқу кор­пусы да қазақ тарихы үшін ерекше қас­тер­лі шаңырақтардың бірі. 1880 жылдың соңында тұрғызылған бұл ғимаратта Орал әскери гимназиясы орналасқан екен. Әр жылдары «Орал әскери училищесі», «Ерлер классикалық гимназиясы», «алты кластық Орал әскери училищесі» болып аталған бұл оқу орнында белгілі Алаш қайраткерлері Жаһанша Досмұхамедұлы, Халел Досмұхамедұлы, Ғұбайдолла Бердиев, Нұрғали Ипмағамбетов, Сабыр Сарғожин, т.б. арыстар білім алғаны белгілі. Тарихи ғимараттың еденін басып, ауасын жұтқыңыз келсе, Оралдағы Назарбаев даңғылы, 173-үйді бетке алыңыз.

Қазіргі Махамбет Өтемісұлы атын­да­ғы Батыс Қазақстан мемлекеттік уни­вер­ситетінің бас корпусы А.Пушкин атын­дағы педагогикалық институттың ғимараты ретінде 1937-1939 жылдары мәскеулік архитектор Рогальский жоба­сымен салынған екен. Оның орнында бұрын Қазан шіркеуі болған. Университетке қарасты ғимараттардың бірінде 1939-1940 жылдары «Қазақ хал­қын құтқарушылар ұйы­мын» құрған өрім­дей студент Ғұбайдолла Әнесов оқып, жатақ­­ханада тұрған. Әзірге ескере жүретін бір тарих осы.

Оралда оқыған қазақ жастары әр уақыт­та бел­сенді болған. Ғұбайдолла Бердиев баста­ған бір топ талаба 1911-1913 жылдары шық­қан «Қазақстан» газе­ті­не жәрдем беру үшін жарғақ құлағы жас­тыққа тимей, өздері ашқұрсақ жүрсе де ұлттың тұңғыш басы­лымын қатарға қосу үшін қаржы жинағаны белгілі. Сол «Қазақстан» газетін шығарған редактор Елеус­ін Бұйриннің тұрған үйін көрсететін жан жоқ-ау! Шіркін, Чапаев, Фурманов, Фрунзе бастаған қызыл комиссарлардың есімін ұлықтап, әр ғимаратта қадалып тұрған тақталардың орнында Ғұмар Қараш, Бақытжан Қаратаев, Шахзада Шонанова, Ахмет Мәметов, Сәкен Сейфуллин, Қасым Аманжолов, Мұқағали Мақатаев, т.б. сынды ұлт ұлыларының да есім-сойы мен іс-үлгісі насихатталса дейсің...

Нар үйдің тарихы

Оралдың өзіне тән аңыздары да жетер­лік. Мәселен, атақты көпес Овчин­ников пен Каревтің арасындағы бақталастықты жергілікті халық әлі күнге дейін жыр қы­лып айтады.

ХІХ ғасырдың аяғы, ХХ ғасырдың басында қалада ғана емес, бүкіл Орал облы­сында белгілі ірі байдың бірі болған Овчин­ников Үлкен Михайлов көшесінің (қазіргі Назарбаев даңғылы) бойынан өзінің үлкен отбасына арнап аумақты үй салғызған. Ол үй бір кварталға созылып жататын. Овчинниковтің бір әдеті – елең-алаңда осы үйінің балконына шығып шай ішіп отырып, атқан таңды қарсы алады екен.

Бәсекелесінің осы салтанатын көре алмаған миллионер көпес А.Карев Овчин­ни­ков­­тің үйінің қарсы бетіне, күн жағына биік үй салуды ойлайды. Ол үшін алыстан архитектор алдырып, оған «көшенің қарсы бетіндегі Овчинниковтің үйіне таң сәулесі түспейтіндей етіп салуды» шарт етеді. Сөйтіп 1900 жылы Оралдың көркіне көрік қосқан жаңа ғимарат дүниеге келген.

Қараулықтың ақыры қайырсыз, әлгі Карев жаңа үйінің қызығын көре алмаған. Құрылысы аяқталып келе жатқан үйдің шатырын тексеріп жүріп оқыста құлап, мерт болыпты. Құрылысты көпестің әйелі аяқтаған. Әу баста үш қызына ар­на­л­ған үш балконы салынып, барлық жағ­да­й­ы ойластырылған бұл үйді Карев әулеті қайырсыз санаса керек, тұрмапты. Сөйтіп сәнді үй жалға берілген, қонақүйге айналған. Күні кешеге дейін осы ғимараттың жоғарғы тұсында «Номера» деген жазу тұрушы еді.

Енді осы үйдің қазаққа қатысты тарихын айта кетейік. Патша билігі кезінде «Ақсүйектер жиналысы» өтетін, «Ит пен киргизға кіруге тыйым салынады» деген жазуы бар ғимарат Кеңес өкіметі кезінде «Еңбек сарайы» аталған. Бір қызығы, қа­зақ­тар оны «Нар үй», «Каревтің нар үйі» деп кетіпті. 1920-жылдардың басында Орал­дағы «Қызыл ту» газеті ұжымы мен қала­дағы қазақ жастары тұңғыш рет кәсіби театр құрып, толыққанды қойылымдар қоя бастағанда, дәл осы ғимараттың сахнасына шыққан болатын.

Кейін көп жылдар Орал облыстық «Орал өңірі» газетінің редакциясына айналған бұл ғимаратта бүгінде Жұбан Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармония орналасып, қала тұрғындарына өнер мен білім шашып отыр.

Бұл көшенің әу бастағы атауы – Үлкен Михайловск екен. Яғни, жергілікті халық ерекше құрметтеген Мәкәйіл періште атындағы шіркеу тұрған көшеге осы ғибадатхананың атауы берілсе керек.

 Даңғылдың даңқы

ХІХ ғасырдың басынан бері осы атаумен келе жатқан көше 1919 жылы, Кеңес билігі орнағанда өзгеріске ұшырады. Совет көшесі аталды.

«Оралым, шықтың алдымнан,

Оралым менің, Оралым,

Қол созып қызыл вагоннан,

Үстіңнен өтіп барамын.

 

Оралым, сенің қойныңда,

Ойнақтап өткен жылдарым.

Жарқылдап Жайық бойында,

Достармен сайран құрғанмын.

 

Шағанның бойы көк шалғын,

Шалқамнан жатқам шаңқай түс.

Гүл болып менің құшағым,

Кеудеме қонған бұлбұл құс.

 

Өмірдің алтын кесесін

Тосқанмын айдың нұрына.

Кешкенмін Совет көшесін,

Кеудемді ашып құрбыма...», – деп Қасым Аманжолов жырлаған көше дәл осы жер болатын.

1953 жылы ақындар тең таппаған Сталин өмірден өтіп, Оралдың бас көшесі күн көсемнің атымен атала бастады. Бірақ оның ғұмыры ұзақ болмады. 1956 жылы ақпанда СОКП-ның ХХ съезінде Никита Хрущевтің «Жеке басқа табыну және оның зардаптары» деген әйгілі баяндамасынан кейін тиранның аты жойылып, Ленин есімін иеленді. 1960 жылы көше облыс орталығындағы жалғыз даңғыл мәртебесін алды. Осы атау мызғымай 2001 жылға дейін келді. Тәуелсіздіктің оныншы жылында ғана жергілікті билік оған Достық-Дружба атауын бергені есімізде. Ал 2019 жылдың 20 наурызынан бері бұл даңғыл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына көшті.

Сөзіміздің басында көшенің де өз өмірі, дәуіріне тән тағдыры болатынын айтқанбыз. Көне шаһардың ең құрметті көшесі тәуелсіздік жылдары да түлей түсті. Хадиша Бөкееваның есімін иеленген алтын керегелі, айна терезелі театр ғимараты салынды. Қарадан шығып хан болған Сырым Датұлының ат үстіндегі ескерткіші де осы даңғыл бойында. Болашақта бұл көшені «ашық аспан астындағы музей» атағына лайықтап, автокөлік жүрмейтін, жаяу серуендеуге, велосипедпен жүруге лайықталған экологиялық аймаққа айналдыру жоспарда тұр. Ендеше, тарихы терең көшеде кездескенше!

 

Батыс Қазақстан облысы