23 Шілде, 2013

Антыңа адал бол!

514 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

 

Өткен сенбіде Жеңіс алаңында №5517 әскери бөлімінің биыл жазда әскер қатарына шақырылған жас сарбаздары салтанатты түрде елін, Отанын қорғауға ант қабылдады. Осы салтанатты рәсімге бөлім басшылығының арнайы шақыртуымен Алматы, Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан ат терлетіп сарбаздардың ата-аналары келді.

Сонымен, белгіленген мезетте, яғни сағат тілі 10-ды көрсеткенде бөлім жеке құрамы Жеңіс алаңында сап түзеді.

Оқу пунктінің бастығы, подполковник Ескендір Жігітов полк командирі подполковник Мамай Құрмантаевка жеке құрамның әскери ант қабылдауға даярлығын баяндады. Бөлімнің Жауынгерлік туы алып өтілді. Көп ұзамай белгіленген бес нүктеде жас­тар әскери анттың киелі мәтінін жігерлене оқып жатты. Осы айтулы сәтте өз балаларын өздері танымай қалған ата-аналар өзара күбірлесіп, кейбіреулері көздеріне жас та алды. Сарбаздардың әрқайсысы өздерін жақсы көрсетуге тырысты.

Одан кейін мереке қонақтары мен бөлім басшылығы мінбеге көтерілді.

Ант қабылдау рәсіміндегі салтанатты жиынды полк командирі подполковник Мамай Құрмантаев құттықтау сөзбен ашты.Өз кезегінде «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары, полковник Исатай Жәрдемов, «Батыс» өңірлік қолбасшылығы ардагерлер кеңесінің төрағасы запастағы подполковник Сансызбай Токашев, құқық қорғау органдарының басшылары, дін өкілдері және сарбаздардың ата-аналары ақ тілектерін айтып, балаларына баталарын берді.

Мерекелік митингтен кейін жас жауынгерлер саптық, қолма-қол ұрыстың көрсетпелі жаттығуларын көрсетті.

Шара аяқталған соң жиналған меймандар казарма үй-жайына, сарбаздар асханасына, медициналық бекетке кіріп, бөлімнің тыныс-тіршілігімен танысты.Салтанат соңында әскери бөлімнің клубында бөлімнің үрмелі-аспаптар оркестрі өз өнерін паш етті. Қонақтардың ойынан шыққан оркестр құрамы өздерінің мақтауға тұрарлықтарын тағы да бір дәлелдеп берді.

Концерттен кейін мерекелік түскі ас берілді. Әскер қатарына келгелі бері жас сарбаздар алғашқы рет «серуенге шығу қағазына» ие болды. Ата-аналар мен туыстары келіп бірге қыдырып кетіп бара жатқан жолдастарына алыс аймақтардан әскер қатарына шақырылған басқа да сарбаздар қызыға қарайды. Алайда, әскери бөлімде бұл мәселе де алдын ала шешіліп қойылған болатын. Қалған жас сарбаздар әскери бөлім басшылығынан мұндай сияпат күтпесе керек. Олар түс ауа мәдениет және демалыс бағына жол тартты.

Мерекелік жиыннан соң Павлодар қаласынан келген қатардағы жауынгер Бекзат Әбішевтің анасы Гүлмира Сәрсенқызын сөзге тарттық. Ол өз сөзінде: «Бүгін тұңғыш ұлым Бекзаттың Отан алдындағы әскери ант берген сәтіне куәгер болдым. Ұлымыздың осы Орал шаһарында 5517 әскери бөлімінің ішкі әскерлер сапында қызмет ететініне ризамын. Жас сарбаздардың әскери өмірге қадам басқан жолы ақ болсын! Әскери бөлімнің басшыларына айтарым, балаларымызды отансүйгіштікке, жолдастыққа үйрете берсін. Сарбаздар берген анттарына заты лайық азаматтар бола берсін! Ата-аналарының сағынып жүргенін біліп, азғана уақытта осы әскери міндетін абыройлы атқарсын демекпін», – деді.

Мінеки, 5517 әскери бөлімдегі ант қабылдау рәсімі осылай өтті. Еліміздің Ішкі әскерлерінің қатары жаңадан келген 154 жас толқынмен толықты.

Ерболат СҰЛТАНОВ,

майор.

Орал.