Осы тұста Алматының даму стратегиясын жасау барысында әлемдік мегаполистердің түрлі тәжірибелері қарастырылғанын да жиналғандардың қаперіне салды. Қазір әлем интеграциялық үдерістерді бастан кешіп жатыр. «Әлемдегі кейбір қалалар неліктен қарыштап алға жылжып, табысқа жетеді де, ал енді біреулері, керісінше, кедейленеді?» деген сұрақ тек қазақ үшін емес, әлем үшін өзекті.
«Сан-Франциско халқының жан басына шаққандағы табысы – Американың ең кедей қалалық аймағына қарағанда үш есе жоғары. Сан-Франциско сыры келесі үш түрлі себепке байланысты. Өмір сүруге қолайлы тамаша климат жағдайлары – АҚШ-тың қолайлы күн белдеуі, дамыған инфрақұрылым және АҚШ-тағы ең үздік бизнес-климат.
«Жалпы, Алматы да «күн белдеуінде» тұр. Мен тек климатты ғана айтып тұрғаным жоқ. Сан-Франциско сияқты қалалардың жолы бізге өте қызықты. Қалалық экономиканың құрылымдық маневрінің идеясы осыдан шығады» деп атап өтті Бақытжан Сағынтаев.
Алматы инвестклимат бойынша жетекші орынға ие. Дүниежүзілік банктің ұлтішілік рейтингісінде Алматы бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша Қазақстанның барлық өңірі арасында бірінші орында тұр. 2019 жылдың қыркүйек айында Fitch агенттігі Алматыға ВВВ несиелік рейтингін – Қазақстанның дербес рейтинг деңгейін берді, бұл инвестиция үшін тәуекелдің төменгі деңгейін білдіреді.
Іс жүзінде Қазақстандағы ең үздік бизнес-климат Алматыда. Сонымен қатар Орталық Азиядағы өзге бірде-бір мегаполис мұндай халықаралық несиелік рейтингке ие емес. «Қала экономикасының көлемі – 12,1 трлн теңгені немесе 35 млрд долларды құрайды. Бұл – жалпы ішкі өнімнің бесінші және салықтардың төрттен бір бөлігі. Алматы – жалпы өңірлік өнімі жан басына шаққанда 19 мың долларға жуықтайтын, Орталық Азиядағы ең табысты мегаполис. Мегаполисте өмір сүру сапасы мен жайлылықты арттыру үшін біз қысқа-мерзімді және ортамерзімді даму жоспарларының арнайы пакетін қабылдадық. Олар бірінші кезекте «жаңа Алматыға», яғни мегаполистің шеткі аудандарына, сондай-ақ Алматы агломерациясына қатысты. Екі жоспар да қаланың кезек күттірмейтін мәселелерін жылдам шешуге бағытталған: сумен жабдықтау, жарықтандыру, абаттандыру және қауіпсіздік» деп сөзін бір түйіп өтті шаһар басшысы.
Алматының даму жоспарында басымдық беретін келесі тренд – креативті индустриялар. Бұл тек Алматы емес, экономиканың ең перспективалы бағытының бірі болмақ. «Стив Джобстың бүгінгі әлемде идеялар ең құнды тауарға айналады дегенін естеріңізге салғым келеді. Бұл пікір дәлелденуде. Әлемдік ірі корпорациялар қазірдің өзінде білім капиталына түбегейлі ауысқан. Мәселен, әлемдік компаниялардың нарықтық құнындағы материалдық емес активтердің үлесі соңғы 40 жылда 17%-дан 84%-ға дейін өсті. Әлемдегі ірі компаниялар рейтингінде алғашқы орындарды Google, Apple, Facebook, Amazon иеленеді» деп атап өтті Алматы әкімі.
Одан әрі қала әкімі креативті индустриялар паркін салу жобасын бастауды жоспарлап отырғанын тілге тиек етті. Бұл парк материалтану, энергияны сақтау және тасымалдау, криогеника, кванттық материал, астрофизика, оптикалық физика, жоғары энергия физикасы, опто және микроэлектроника, сығылған материя теориясы, биотехнологиялар, медицина, жер туралы ғылымдар және т.б. сияқты салаларда жаңа әзірлемелерді дамытумен айналысады.
Осыған дейін классикалық өнерді дамыту мен оларды дотациялау деңгейін төмендету үшін Алматыда қаланың арнайы театр өнерін дамыту стратегиясы жасалатыны айтылып келген болатын. Басты мақсат – театрды тек қала тұрғындары үшін ғана емес, жақын қалалар мен елдер үшін де тартымды ету. «Біз театрға бару мәдениетін қайта жаңғыртуымыз қажет. Бұған біз ауқымды әлемдік деңгейдегі сахна, опера және балет жұлдыздарын тартып, театр фестивальдарын өткізу арқылы қол жеткіземіз. Алматының мәдени мұрасы мен білім базасын ескерсек, қаланың Орталық Азиядағы сахна өнерінің орталығы болуға толық мүмкіндігі бар. Осылайша, орталықазиялық аймақтың түкпір-түкпірінен осы өнер түрлерін сүйетіндерді тартуға болады», дейді Бақытжан Сағынтаев.
Одан әрі қала әкімі «Жаңа Алматы» мен агломерацияны дамыту жоспарлары қалалық экономика үшін маңызды драйверлер екенін атап өтті. Осы артықшылықтардың барлығы бізге кейінге қалдырмай, қаламызды күшті, серпінді өсіп келе жатқан, бәсекеге қабілетті ете түсу үшін қала экономикасында құрылымдық маневрді бастауға мүмкіндік береді.
«Мұндай құрылымдық маневрдің мәні неде?» деген сауалға әкім ұстанымын төмендегідей негіздеп өтті.
«Бүгінде қала экономикасында жетекші сала көтерме және бөлшек сауда – шамамен 32%; одан кейін қаржылық (10%) және жылжымайтын мүлікпен жасалатын іс-шаралар (8,3%). Өнеркәсіп, құрылыс, әлеуметтік экономика және жаңа индустрияның үлесі шамалы. Бұл ретте, көбінесе дәстүрлі және архаикалық сауданың (барахолкалар, базарлар және үйдегі сауда) рөлі басым. Электронды коммерцияның жалпы үлесі 3-5%-дан аспайды. Мұндай жағдай қаланың қарқынды дамуын едәуір тежейді. Бұл қала экономикалық жүйесінің әлсіз тұстары болмақ», дейді Бақытжан Сағынтаев.
Алматыда еліміздегі ең ірі салық төлеуші компаниялардың үштен бірі, отыздан аса трансұлттық компания, банктердің 90%-ы, бірлескен кәсіпорындардың 43%-ы және ірі халықаралық кәсіпорындар орналасқан, жақында БҰҰ-ның 14 арнайы агенттігі үшін жаңа ғимарат ашылды. Алматы БҰҰ тұрақты даму мақсаттарына, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы стандарттарына, әлемдік үздік тәжірибелерге сүйенеді. Смарт технологияларды енгізуде Алматының өзіндік ерекшеліктері, басымдықтары мен тәжірибесі бар. Солардың негізінде қағазсыз құжат айналымы жолға қойылып, бірқалыптанды. Мысалы, интернет арқылы кәсіпорын тіркеу, есеп-қисап жүргізу, түрлі мазмұндағы өтініштер беру сияқты қолданыстағы онлайн-сервистер бар. «Қазпошта» мәліметтеріне сүйенсек, электронды сауданың 55%-ы қалаға тиесілі. Ал БҰҰ рейтингінде электронды үкіметті енгізу бойынша Алматы 25-орында. Қала әкімі жүргізілетін құрылыстар, тұрғын үй, көлік дәліздері, білім, денсаулық саласына қатысты жетістіктерді мәлімдеп, болашақта Алматының инвестициялық тартымдылығы және даму стратегиясы бойынша нақты қадамдардың жүйелі әрі қарқынды жүзеге асатындығын айтты.
Алматы инвестициялық форумында құны 2,3 млрд долларға бағаланған 31 келісімге қол қойылды. Қол қойылған құжаттар арасында Алматы халықаралық әуежайына TAV Airports холдингінің инвестициялары ең көп талқыланды. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев пен TAV Airports басшысы Сани Шенер 700 миллион доллар көлеміндегі меморандумды мақұлдады, бұл қаржы аэропорт терминалын кеңейтуге жұмсалады. Сондай-ақ Downtown Almaty бизнес-орталығының жобаларына 300 млн, Smart City жобаларына 250 миллион доллар, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына 232 миллион доллар және 200 орындық емхана құрылысына 200 миллион доллар бөлінетіні де осы форум барысында белгілі болды. Қол қойылған өзге келісімдердің жалпы сомасы 100 миллион АҚШ доллары шамасында. «TAV Airports» холдингін сату бойынша мәміленің аяқталғаны туралы осы форум барысында білдік. Әуежайдың жаңа инвесторлары 150 миллион еуро инвестиция салуды жоспарлап отыр. TAV Airports холдингінің басшысы Сани Шенераның айтуынша, бұл мәміле әуежайдың инвестициялық мүмкіндіктерін жақсартады. «Біздің компания VPE Capital жергілікті серіктесімен бірлесіп келісім жасасуда. Ол іс жүзінде аяқталды. Алматы әуежайы үлкен. Біз бұл қаланың болашағын көріп отырмыз, сондықтан оған 150 миллион еуро инвестиция салуды жоспарлап отырмыз», деді Шенера.
Ол сонымен қатар жолаушылар ағынының 1 миллион адамға артуы әуежайда 1 мың және қалада 1 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретінін айтты. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың сөзімен айтқанда, Алматының табысты болуына барлық қажетті алғышарттар бар, атап айтқанда тұрғындардың жоғары білім деңгейі, озық кәсіпкерлік, күшті креативті класс.
Бұл – Алматыны өзгелерден ерекшелендіріп тұратын басты ерекшілік.
Демек, бизнес-климаттың Алматыға, Алматының бизнес-климатқа «ставка» жасайтын кезі келді. Табыстылық формуласы да осы фактордың беталысына қарап айқындалады.