Қоғам • 29 Қараша, 2019

Келісім – ел ырысы

156 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Келісім – ел ырысы

Жиынға Қазақстан Респуб­лика­сының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары –Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, ҚХА мүшелері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің өкіл­дері, өңірлік ассамблея­лар хатшылықтарының мең­ге­ру­шілері, ҚХА Ғылыми-сарап­тамалық кеңесінің мүше­лері, ғылыми-шығармашы­лық зиялы қауым, жастар, БАҚ өкілдері қатысты.

Отырыс барысында Қазақ­станның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың Қазақстан хал­қы Ассам­блеясының XXVII сессиясында берген тап­сырма­ларының орындалу барысы, Ассамблеяның этно­мәдени бірлестіктерін қоғам­дық аккредиттеудің қоры­тындылары, Алматы облыстық ассамблеясының жұмыс тәжі­рибесі, сондай-ақ «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасының іске асырылуы, Шымкент қаласы ҚХА-ның жұмыс тәжірибесі және бірқатар ұйымдық мәселелер қарастырылды.

– Қазақстан халқы Ассам­блеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысына жыл соңында жиналып отырмыз. Бұл – атқарылған жұмысты қорытындылап, алда тұрған міндеттерді айқындайтын кезең. 2019 жылы Ассамблея қо­ғамда белсенді жұмыс ат­қар­ғанын атап өтуіміз керек. Биыл өткен кезектен тыс пре­зиденттік сайлауға қатысып, жүргізіліп жатқан саяси бағытқа қолдау білдірілді. Арыста бол­ған оқиғаға байланысты гума­нитарлық көмек акциясы ұйым­дастырылып, Ассамблея өзінің азаматтық ұстанымын танытты, – деді Қырымбек Көшербаев.

Мемлекеттік хатшы өз сөзінде халық бірлігін қамтамасыз ету ісі әрқашан мемлекеттік саясаттың маңызды басымдығы екенін және солай болып қала беретінін жеткізді. Қазақстан халқы Ас­сам­блеясы бірлікті нығайту жолында маңызды рөл атқарады. Ассамблеяны, оның қоғамдағы рөлі мен беделін нығайту үшін қажетті тұжырымдамалық, құ­қықтық негіздер жасалған.

Қ.Көшербаев Ассамблеяның ал­дағы уақытта  атқаратын бір­­қатар басым міндеттерін, атап айтқанда, 2020 жылы ҚХА-ның 25 жылдығына және Мемлекет басшысының «Сын­дарлы қоғамдық диалог – Қазақ­станның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жол­дауын іске асыруға арналған іс-шараларды жоғары деңгейде өткізу, сондай-ақ жұмыстың ғылыми-талдамалық бағытын кү­шейту қажеттігін атап өтті.

Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессия­сында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Сыртқы істер министрлігіне бірқатар тапсырма берген болатын. Медиация институты арқылы даулы мәселелердің шешімін табу, қоғамдық кеңес институттарын жетілдіру, Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жыл­дығына әзірлік жұмыстары туралы Дәурен Абаев баяндады.

– Дау-дамайды сотқа жет­кізбей шешу институтта­рының дамуы – адамдар арасында пайда болған дау-дамайдың алдын алудың тиімді жолы екені даусыз. Бұл ретте, біздің тараптан мемлекет пен қоғамның өзін-өзі реттеуге деген мүмкіндігін арттыруға қатысты жобалар енгізілуде. «Медиация туралы» заң медиацияны жүйелі ұйымдастыру кезінде қоғамдық қарым-қатынасты реттеуге негіз­делген. Осы күні Парламент депу­таттарының бастамасы бойынша аталған заңға өзгерістер мен түзетулер енгізу жоспарлануда. Нәтижесінде, медиацияны қолдану аясы кеңейтіледі, – деді Дәурен Абаев.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Елбасы берген тапсырмалар бойынша ат­қарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығын ұйымдастыру және өткізуге қатысты ұлттық іс-шаралар жос­пары әзірленгенін алға тартты. 

 

Соңғы жаңалықтар