Қазақстан • 29 Қараша, 2019

Жас тарихшы ғалымдардың VІІ халықаралық конференциясы өтті

418 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында, сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты «Ұлы Даланың ұлы есімдері: жастарды патриоттық тәрбиелеудің ғылыми-теориялық және зерттеу мәтініндегі практикалық қырлары» тақырыбында жас тарихшы ғалымдардың VІІ халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізді.

Жас тарихшы ғалымдардың VІІ халықаралық конференциясы өтті

Қазіргі заманғы тарих ғылымының өзекті мәселелерін талқылау, оның ішінде ғылыми зерттеулердің тұлғатану бағытын дамыту, «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы бойынша нәтижелерін көпшілікке тарату, өскелең ұрпаққа патриоттық және адамгершілік тәрбие беруді мақсат етіп отырған іс-шарада Жас  ғалымдар кеңесінің төрағасы, PhD  Тимур Әпендиев «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында Қазақстанды әлемнің дамыған отыз елінің қатарына  енуді мақсат етіп қойды. Ал бұл бағдарлама іске асуы үшін алдымызда қандай міндеттер тұр?

Мақсат айқын, ол қоғамда, әсіресе, рухани салада бірқатар өзгеріс болуы керек» деген сауалдарға көпшіліктің назарын аудара келе «Қоғамның саяси және экономикалық дамуы, алдымен, қоғамдық сананың жаңғыруымен тікелей байланысты. Сондықтан қоғамның рухани жаңғыруында, қоғамды ұлттық идея аясында топтастыруда әрбір халықтың жүріп өткен жолы, бүгінгі дамуы, болашағы, дәстүрі мен мәдениеті, ұлттық коды маңызды рөл атқарады. Ал ұлттық кодты, яғни құндылықтарды сақтаған тарих ғылымының бұл өзгерістерді жүзеге асырудағы маңызы ерекше. Демек, біздің, яғни тарих саласында зерттеулер жүргізіп жүрген жас ғалымдардың алдында үлкен міндеттер мен жауапкершілік тұр. Біздің зерттеулеріміздің ғылыми сапасы, тарихи фактілерді, құбылыстарды түсіндіріп, ұғындырудағы ұстанар объективтілік принципіміз, сондай-ақ белгілі бір тарихи жағдайларда тұжырымдарды дұрыс қолдана білу секілді мәселелер қоғамдық сананы қалыптастырып, бүкіл елдің келешек саяси бағытын айқындайтындығын естен шығармауымыз қажет.

Тәуелсіздік алғаннан кейін басқа зерттеу салаларындағы шешілмеген мәселелер секілді Қазақстан тарих ғылымы да оқшаулану жағдайында қалып қойды, әрине, бұл біздің тарихи өткенімізден қалған «инерциялық» құбылыс. Демек, біз бұл мәселенің де шешімін табуға тиіспіз және оны қазақстандық жас тарихшылардың, жалпы қоғамтанушылардың басты міндеттерінің бірі деп түсінуіміз керек. Кейбір тарихи оқиғалардың әр елдің тарихшылары тарапынан әр түрлі түсіндірілетіндігі, тіпті кейде қарама-қарсы жағынан жеткізілетіндігі ешкімге таңсық емес. Сондықтан осындай конференция жұмыстары ғылым жолына енді қадам басқан жас ғалымдарға шет елдік әріптестерінің ғылыми көзқарастарымен, қызметтерімен танысуға, сөйтіп, келешекте кәсіби маман ретінде қалыптасып, дамуына мүмкіндіктер береді» деп атап өтті.

Одан кейін сөз алған Ш.Уәлиханов атындағы институттың ғылыми қызметкері Малика Морякова жыл бойы институтта жас ғалымдар тарапынан атқарылған жұмыстарға байланысты презентация жасады.  Сондай-ақ С.Велент-Щербач, С.Зиеев, Э.Темиров, М. Буваков, М.Жылгелдинов, О.Алымкожаев,ғ М.Қозыбаев, Қ.Өмірбек, М.Шағырбаев, Ж.Қуаныш, Д.Жайлыбаев, Ұ.Төлешова, т.б. ғалымдар ғылымның өзекті мәселелерін талқылап, өз зерттеулері бойынша баяндама жасады.

Ұсынылған және талқыланған баяндамалар негізінде конференция қатысушылары қазіргі тарихи тұлғатанудың өзекті мәселелерін талқылау жөніндегі конференцияның нәтижелеріне орай нақты шешімдерін ортаға салды.  

Іс-шара аясында жас ғалымдар арасындағы жыл сайын өткізілетін «Е. Бекмаханов атындағы сыйлық» республикалық байқаудың қорытындысы жарияланып, жеңімпаздарға  ақшалай сыйлықтар табысталды.

 

АЛМАТЫ