Хоккей • 29 Қараша, 2019

Шайбалы хоккей: «Барыс» «Автомобилисті» ұтты

111 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті турын ойынын Екатеринбурте өткізген Нұр-Сұлтанның «Барысы» жергілікті «Автомобилистен» айласын асырды.  

Шайбалы хоккей: «Барыс» «Автомобилисті» ұтты

Өте шиеленісті өткен бәсекеде есеп 19-минутта ашылды. Қонақтардың сапындағы Никита Михайлистың берген пасын Аркадий Шестаков голға айналдырды. Одан кейін жарты сағаттан аса уақыт бойы қос команда бір-бірінің қақпа кілтін таба алмады. Тек 51-минутта айдын иелері таразы басын теңестіре алды.

Тең есеп ойын соңына дейін сақталды. Ал қосымша уақытта «Барыстың» бағы жанды. 64-минутта Линус Виделль нысананы дәл көздеп, өз командасына жеңіс әперді. Есеп – 1:2. Бір айта кетерлігі, осыдан бірер күн бұрын ғана Магнитогорскінің «Металлург» клубына қарсы ойында да дәл осы хоккейші овертаймда гол соғып, елордалық командаға жеңіс сыйлаған еді.     

Осы күнге дейін 31 кездесу өткізген «Барыс» қазіргі кезде 40 ұпайды еншілеп отыр. Шығыс конференциясында Нұр-Сұлтанның хоккейшілері төртінші орында тұрса, тұрақты біріншіліктің жарыс кестесінде 10-сатыға жайғасты. Өзінің келесі кездесуін жерлестеріміз 1 желтоқсанда өз мұз айдынында Минскінің «Динамосына» қарсы өткізеді.