23 Шілде, 2013

Есімнің мәні – адамның сәні

809 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

 

Ғалымдар адам баласына берілген есімнің әрқайсысының сөздік тегіне, атаулық мән-мағынасына айрықша мән беріп, оларды танып-білуді зерттеу нысанына айналдырып, оған филология ғылымының бір саласы ретінде қарайды.

Ғылым тілінде оны «антропонимика» деп атайды. Бұл – гректің anthropos (адам) және onyma (есім) деген ұғымды білдіретін екі сөзінің бірігуі арқылы жасалған атау (термин). Қазақтың талантты зерттеушілерінің бірі – Асқар Смағұлов ұзақ жылдардан бері, міне, ғылымның осы саласының бір тармағы – қазақ антропонимикасымен айналысып келе жатқан білікті азамат. Оның осы ұзақ жылдарға созылған ізденісінің қорытынды нәтижесі ретінде жақында «Ата­мұ­ра» баспасынан «Қазақ есімдері» атты энци­клопедиялық анықтамалық жарық көрді. Бұл – энциклопедиялық анықтамалықтың жаңа зерттеулермен толықтырылған екінші басылымы.

Анықтамалықта, шығу төркіні бойынша әлем халықтарының 50-ден аса тілдерінен (55 тіл) жұғысты болғандарын қоса есептегенде, 70 мыңнан аса дербес қазақ есімдері жинақталған. Бұл ретте кісі есімдерінің саны бойынша дүниенің бірде-бір халқы қазақтармен терезе теңестіре алмайды екен. Осыншама көп есімнің ішінен мағынасы жалпы көпшілікке беймәлім делінген 12 мыңына этимологиялық түсініктеме берілген. 70 мыңнан асатын осы кісі есімдерінің арасында өте танымал және әуезділігімен ерекшеленетін есімдермен қатар, мағынасы күнделікті қолданыстағы өзіндік көкейкестілігін жоғалтқан, архаизмге айналған есімдер де, сондай-ақ, дәстүрлі еместігіне қарамастан, халық арасында қолданылып жүрген, алда қолданыла беретін, «тосын» және «жасанды» есімдер де қамтылған. Сол себепті де бұл басылымды бүгінгі күнге қазақ есімдері толықтай жинақталған бірден-бір сөздік деп бағалаған жөн. Сонымен қатар, анықтамалық көрсеткіш бірқатар есімдердің шығу төркіні, пайда болуы, мағынасы, ұғымы жөнінде қысқаша берілген этимологиялық түсініктеме қызметін де атқарады.

Қазақтың аяулы перзенті, сан қыр­лы ғалым, марқұм Ақселеу Сейдім­бек­тің танымдық толғамы мол алғы­сө­зімен ашылып, автордың өзінің түсінік­теме дәйектемесімен әдіптелген энци­кло­педиялық анықтама төрт бөлімнен тұрады. Оның алғашқысы – «Қазақ есімдеріне этимо­логиялық түсініктеме» деп аталады. Мұнда, жоғарыда айтқанымыздай, 12 мың кісі есімінің әрқайсысына же­ке-жеке тоқталып, олардың сөздік мағынасын, атаулық мәнін ашып, жан-жақты түсініктеме беріледі.

Екінші бөлім «Білгенге – маржан» деп аталып, онда кейбір кісі есімдерінің туындауына негіз болған атаулардың мән-мағынасы баяндалады және олар жаратылыс табиғатына қарай жіктеліп, әрқайсысы жеке тараулар мен тараушаларға бөлінген. Бұл атаулардан қазақ халқының ұрпаққа есім таңдау барысында өздерінің таным-түсінігіне қарай болмыстың бар құбылысын, бүкіл жан-жануарлардың және олардың тіршілігіне қатысты атаулардың бәрін толық қамтитындығын көруге болады. Мұнда оқырманның таным-дүниесін байыта түсетін мәліметтер мейлінше мол. Осы мәліметтерді оқи отырып, жалпы қазақ антропонимикасының тарихи қыр-сырын пайымдау арқылы халқымыздың қандай соқыр сенімдер шырмауына шыр­­­малғанын, қандай саяси-идеологиялық ар­баудың тұзағына түскенін, қандай еліктеу-солықтауға ұрынғанын сезінеміз. Табиғатпен еншілес халқымыздың өзін­дік таным-түсінігіне сай ұрпағына беретін табиғи төл есімдерінің арасына: Демократ, Декрет, Мэлс (Маркс-Энгельс-Ленин-Сталин), Ким (Коммунистический Интернационал Молодежи), Ренат (Революция-Наука-Труд), Октябрь, Эрнест, Клара секілді табиғатына жат есімдердің қалай сыналап енгенінің себеп-салдарын да ұғына түсеміз.

Үшінші бөлім «Оқыңыз, қызық!» деп аталады. Бөлімнің атына сай мұнда қызық та, шыжық та жетерлік. Біз әдетте халқымыздың дәстүрге сай кейде ырымдап, көз тимесін деген тілекпен: «Шоқпыт», «Жәутік», «Итемген», «Биткөз»; немесе сәби өмірге келген кездегі жағдайға байланысты: «Төрт кемпір бір шал», «Үшкемпір»; болмаса әуезділігіне қызығып шетелдік: «Авелина», «Айселора» деп берілген оғаш есімдерді ерсі көріп жатамыз ғой. Сөйтсек, мұндай жай басқа халықтарға да тән екен. Олардың кейбіреулері, тіпті, ерсіліктен асып сорақылыққа дейін баратын тұстарын да анық байқаймыз. Сөз дәлелі үшін солардың кейбіреуіне тоқталсақ, мысалы, үнділік Брахматра деген азаматтың 1478 әріптен тұратын есімі тарихи мағыналы жер-су атауларын, атақты ғалымдар мен діни ғұламалар және белгілі қайраткерлер есімдерін қамтыса, белг