Спорт • 30 Қараша, 2019

Жекпе-жек: Нұрсұлтан ғана жеңді, өзге жерлестеріміз жеңілді

494 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ресейлік АСА және қазақстандық «Алаш Прайд» клубының мұрындық болуымен Алматы қаласында ережесіз жекпе-жектен ірі халықаралық турнир ұйымдастырылды. Өкінішке қарай, бірқатар мемлекеттерден келген сақа спортшылардың қатысуымен өткен айтулы додада біздің жігіттер өз жанкүйерлерін қуанта алмады.  

Жекпе-жек: Нұрсұлтан ғана жеңді, өзге жерлестеріміз жеңілді

«Алматы Аренада» өткен жекпе-жек кешінде жарыс жолына жеті жерлесіміз шықты. Солардың арасынан тек Нұрсұлтан Қасымхановтың ғана өнері көпшілік көңілінен шықты. 66 кило салмақта күш сынасқан қандасымыз ресейлік Александр Педусонмен айқасты. Октагонға шыққан бетте олар бірден бір-бірін ауыр соққылардың астына алды. Екеуі де тік тұрып, еш қаймықпай, шегінбей жұдырықтасты. Көбіне-көп қазақ жігітінің сілтеген соққылары нысанаға дәл тиіп жатты. Қарсыласына қарағанда Қасымхановтың қарымды көрінгені еш күмән туғызған жоқ. Нәтижесінде 15 минутқа созылған «жан алысып, жан беріскен» айқас Нұрсұлтанның жеңісімен аяқталды.

 

Өкінішке қарай, Қазақстанның өзге спортшылары өрелі өнерлерімен жергілікті жанкүйерлерді қуанта алған жоқ. Тұсаукесер кездесуде Фаниль Рафиков беларуссиялық Иван Жвирблядан ұпай санымен ұтылды. Бұл оның АСА додаларында қатарынан үшінші мәрте жеңілуі.  

 

Қырғызстаннан келген Алтынбек Мамашев жерлесіміз Гойти Дазаевты бірінші раундтың аяғында ауыр нокаутқа жіберді. Айтулы қос мемлекет өкілдерінің екінші өзара тартысы да Алатаудың арғы бетінен келген өрендердің пайдасына шешілді. Бұл жолы Қанат Келдібеков Алтынбек Думанұлынан айласын асырды.

 

Жастар буыны сенім үдесінен шыға алмағаннан кейін сақа спортшыларымыздың жолына үкілі үмітпен қарадық. Бірақ сол кеште олардан да қайыр болмады. Ресейлік Хусейн Шайхаев Ержан Естановтың аяғына «ауырту» тәсілін қолдаса, бразилиялық Роджер Соуза Шахмарал Жетпісовті қан жоса етіп сабады. Қазақ жігітіне жаны ашыған төреші жекпе-жекті мерзімінен бұрын тоқтатты. Сол секілді Башқұртстанның бас жұлдызы Венер Галиев пен Ермек Тлауов арасындағы бәсекеде де жеңіс өзге ел өкілінің еншісінде кетті.