Аймақтар • 30 Қараша, 2019

Ақтауда оқушылар сүт зауытына саяхаттады

254 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтаудағы ІТ лицей оқушылары «Берекет Ф»ЖШС-нің сүт зауытына барды. Күнделікті дастарханда тұратын «Ақ нек» маркалы сүт тағамдарының қандай әдіспен дайындалып, үлкен еңбекпен келетіні жете түсіндірілді. Көшпелі дәріс барысында оқушылардың бизнеске қызығушылығы жоғары екені байқалды.

Ақтауда оқушылар сүт зауытына саяхаттады

7-сынып оқушысы Дархан Әмірханов: «Бізге зауытқа жасалған экскурсия өте қатты ұнады. Мұндай кәсіпорынға алғаш рет келіп тұрмын. Сүт өнімдерінің қалай жасалатыны, олардың ыдыстарға құйылып, қақпағы жабылғанына дейін түгел сатыны көзбен көрдік. Осындағы қызметкерлердің еңбегі зор екен»,- деп таңданысын жасырмады. Ал, тағы бір оқушы Ақтоты Серік болса, өнімдер құйылатын ыдыстардың жасалу жолдарын көріп, сүйсінген. Шынашақтай ғана пласмасстан айран құятын үлкен бөтелкені ыстық ауамен үрлеп шығаруға болатынын, сыртқы қағаздары жабыстырылып, түптелгеніне қызыға қарағанын жасырмады.

-Студенттер мен оқушыларды түрлі кәсіпорындарға апарып, экскурсия жасату ең ұтымды әдіс. Ақтауда «Кәсіпкерлік негіздері» пәніналғаш рет пилоттық жобада оқыған ІТ лицей тәжірибесі республика бойынша барлық мектептерге енгізілген болатын. Сондай алдыңғы қатарлы мектеп оқушыларында іскерлік іргетасы қаланды деп санаймыз. Екінші жағынан кәсіпкерлік әдістерін түсінді. Бұл сабақта отырып теориялық тұрғыда танысқаннан гөрі тәжірибе жүзінде көру тиімді екенін аңғартады, дейді Өңірлік кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің қызметкері Руслан Бисекенов. 

Кәсіпорында оқушыларға зауыттың барлық өнімдерінің дайындалу жолдары көрсетілді. Қазір мұнда 15 түрлі сүт өнімі шығарылады. Аптасына 10 т өнім түрлі сауда орталықтары мен мекемелерге тасымалданып отыр.

«Ақ нек» сүт зауыты директорының орынбасары Мадина Абдугалиеваның айтуынша, 2006 жылы іске қосылған сүт зауытының өнімдері сапасы жоғары Беларусь шикізаттарынан дайындалады. Қазақстан бойынша ешбір кәсіпорын қолданып көрмеген бірегей табиғи ашытқыны тұтынуы- негізгі ерекшелік.