Руханият • 02 Желтоқсан, 2019

Сарайшықтан жаңа жәдігерлер табылды

532 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Махамбет ауданына сапары кезінде «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының болашақта салынатын сапар-орталығының құрылыс алаңымен танысты, - деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Сарайшықтан жаңа жәдігерлер табылды

Сапар орталығы туристер мен келушілерге толыққанды жағдай жасауға мүмкіндік беретін тұтас кешен болмақ.

«Сарайшық»  тарихи-мәдени  музейінің директоры Әбілсейіт Мұхтардың айтуынша, археологтар ХІХ ғасырдың орта шенінде жасалған карта бойынша қалашықтың бағзы қамалын табу мақсатында қазба жұмыстарын жүргізген.

Осы қазба жұмыстары кезінде диірмен тасы, Өзбек хан билік құрған уақытта жасалған мыс тиындар табылған. Соңғы жәдігерлер 1330-1350 жылдары Сарайшықта соғылған деуге толық негіз бар дейді тарихшылар. Археологтар көне қыш бұйымдарды да «олжалаған». Мұндай сипаттағы керамикалар ХІІ ғасырда жасалған екен. Сондай-ақ, жасалғанына екі мың жылдай болған айна сынығы мен тас келсаптар және әртүрлі кезеңдегі жебе ұштары табылған.  

Ал жылқы бейнесінде жасалған жез кілт - әлемнің кез келген алдыңғы қатарлы музейлерінің экспозициясынан ойып тұрып орын алатындай жәдігер. Музей қызметкерлері аймақ басшысына  қазба жұмыстарына қатысқан ғалымдардың бірі - Астрахан қаласының тарихи-сәулет музей-қорығының археология секторының меңгерушісі Вячеслова Плаховтың осы тектес кілттің Эрмитаж жәдігерлерінің арасында да бар екендігін мәлімдегенін жеткізді.

Облыс әкімі тарихымызды сақтауға бағытталған мұндай жұмыстардың маңыздылығына тоқталып, аталған істе жергілікті атқарушы органдар жан-жақты қолдау білдіретінін атап өтті.

Өткен жылы көне Сарайшық қалашығы маңында су тасқынынан қорғайтын бөгет салынды. Бұл тарихи орынды Жайықтың шайып кетуінен сақтап қалды.