Форумның негізгі миссиясы идеялар, жастардың құлшынысын ояту және қаланы көркейту. Ұйымдастырушылар аталған басқосудың жастар мен студенттердің жыл сайын бас қосып, қала жастарының белсенділігін арттыратын және шаһардың өсіп-өркендеуіне үлес қосатын пайдалы шараға айналатынына сенімді. Мұндағы мақсат – жақын аймақтардан және жергілікті жастар ұйымдары, қауымдастықтар, сол секілді жеке кәсіпкерлердің басын қосып, олармен тәжірибе бөлісу арқылы жастардың тың идеяларын жүзеге асыруға септесу.
Қала әкімі Рашид Аюпов жастарды қаланы дамытуға белсенді қатысуға шақырып, туризм және сервистік қызмет көрсету саласындағы бизнес идеяларды дамытуды ұсынды.
– Биыл Түркістанға 1 млн 200 мың турист келді. Қаланы жаңғыртсақ, бұл ағын жылына 4 миллионға дейін артады. Түркістан – қоғамдық тамақтану, қонақүй қызметтері, бірегей қолөнер тауарлары саласындағы бизнесті дамытуға қолайлы аймақ, – деді Рашид Аюпов.
Сондай-ақ әкімнің айтуынша, Түркістанда қалалық акселератор ашылады. Мұнда жастардың креативті жобаларына қаржылай қолдау көрсетілмек.
Жастар құрылтайында бизнесті тиімді жүргізудің жолы, сүйікті істен пайда табу, кәсіпті неден бастау керек, франшиза, инвестиция тартудың тың амалдары, краудфандинг арқылы 15 мың доллар жинау сынды мәселелер бойынша саланың үздіктері өз тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтқанда, белгілі блогер Жансерік Қадырбаев, StudyON лингвистикалық мектебінің негізін қалаған Шахноза Нышанқұлова, жас режиссер және жазушы Айдие Айдарбеков табысқа жетудің сырын айтып берді.