Қоғам • 03 Желтоқсан, 2019

Бүгінгінің бойжеткенін не толғандырады?

299 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің жанындағы Әлеуметтік және гендерлік ғылыми-зерттеулер институты «Мың келбетті жастық шақ: Алматы қаласының жоғары оқу орындары студенттерінің әлеуметтік-психологиялық портреті» атты зерттеу жүргізді.

Бүгінгінің бойжеткенін не толғандырады?

Осылайша Алматыдағы студент қыз­дардың кәсіптік дағдыларын зерттеу арқылы олардың өмірлік құндылықтары мен ұстанымдарын анықтаудың өзін­дік жобасы атқарылды. Сонымен қа­тар зерттеу барысында жоғарғы оқу орын­дарының оқу-тәрбиелік көрсеткіштеріне де талдау жүргізілді.

Институт мамандарының айтуынша, сауалдама әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университеті, Қазақ ұлттық қыз­дар педагогикалық университеті, С.Ас­фендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Алматы ме­неджмент университеті, Шет тілдері және іскерлік мансап университеті, Сү­леймен Демирел университеті мен М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясын қамтыған.

Әлеуметтік зерттеу барысында сту­дент­тердің жоғары оқу орнын таң­­дауына, кәсіптік бағдарға көзқа­расына, бюджет көздеріне, саяси бағ­дар­лауға, бос уақытты өткізуге, әлеу­меттік сәйкестілікке, некеге тұруға, репродуктивтік және гендерлік бағдар­ламаға қатысты сұрақтар қойылды.

– Бүгінде жастар психологиясының тұрақсыздығынан, қоғамда өз орнын таба алмауынан, білім және діни сауатының төмендігінен, еңбек на­рығында шеттетілуінен және бос уа­қытының көптігінен олқылықты жайттарға тап болады. Зерттеу барысында жастардың, соның ішінде қыздардың мәдени, рухани өміріне жете мән беріліп, толыққанды тұлға тәрбиелеу және олардың өз істерін ашу бағытында қандай жұмыстар атқарылуы тиістігі екшелді, – дейді Әлеуметтік және гендерлік ғылыми-зерттеулер институтының мамандары.

Респонденттер «Бұл мамандықты не үшін таңдадыңыз?», «Үш тілділік идеясына қалай қарайсыз? Ағылшын тілін оқытудың сапасы қанағаттандыра ма? Ағылшын тілін меңгеруде қандай қиындықтарға кез болдыңыз?», «Университет дипломы қыздарға ма, әлде ұлдарға маңыздырақ па?», Уни­вер­ситет дипломын алғаннан кейін ер адамдарға жұмысқа тұру қыздарға қа­рағанда жеңілдеу ме? Әлде екеуіне де тең дәрежеде ме?», «Әлеуметтік белсенділік бізге не береді? Ол не үшін қажет?», «Білім алу ата-ананың қаражатына байланысты ма немесе мүмкіндік болса басқа оқу орнын таңдайтын ба едіңіз?» сынды сауалдар төңірегінде өз ойларымен бөлісті.

«Шетел азаматына тұрмысқа шығу. Бұл дұрыс па?» деген сұраққа байланысты бойжеткендердің басым бөлігі мұны құптамайтынын айтты. Нәзікжандылардың пайымдауынша, қыздар шетелдік азаматқа әлеуметтік жағдайын түзету үшін жар болады. Ал сауалдамаға қатысушылардың бір тобы отбасылық бақыт ұлтқа немесе дінге байланысты емес деген пікірде.

– Сауалдамаға мыңға жуық бойжеткен қатысты. Оны жүргізу үшін Қыздар университетінде арнайы 9 фокус топ ұйымдастырылды. Осы та­қы­леттес сауалдама алдағы уақытта жо­ғары оқу орындарының профессор-оқытушылары мен қызметкерлерінің арасында жүргізіледі, – дейді жоба авторлары.