Футбол • 03 Желтоқсан, 2019

Тарихи табыс – «Астана» атақты «Манчестер Юнайтедті» 2:1 есебімен жеңді

9 реткөрсетілді

Өткен аптада футболдан Еуропа лигасының топ­тық кезеңіндегі 5-тур ойын­дары өтті. Еурокубок додасының «L» тобында өнер көрсетіп жатқан елорданың «Астана» ко­ман­дасы «Астана Аре­нада» Англияның азулы «Манчестер Юнайтед» командасын жеңіп, қа­зақ­стандық футбол жан­күйерлеріне тарихи жеңіс сыйлады. Жерлестеріміз «Армандар театрында» яғни, Old Trafford стадио­нында «Манчестерді» жеңе алмаса да арманын елордада орындады.

«Астана» клубы 2013 жылдан бері Еурокубок ойындарына үздіксіз қа­тысып келе жатқанын көзі қарақты жан­күйерлер жақсы біледі. Тіпті 2015/16­ жы­л­ғы доп додасын ә дегеннен-ақ Чем­пиондар лигасының топ­тық кезеңінен бастады. Сол уақыт­тан бері «Астана» елімізге кем дегенде әлемнің бір ТОП командасын әкелетін болды. Олардың арасында Испанияның «Атлетико Мадрид», «Ви­льяр­реал», Түркияның «Галата­сарай», Шотландия­ның «Сел­тик», Францияның «Ренн», Ук­раина­ның «Динамо» (Киев), Пор­ту­галияның «Спортинг» және «Бен­фика» командалары бар. Ал биыл  Ни­дерландтың «АЗ Алкмар» және Англияның «Манчестер Юнайтед» ойын­шыларының табаны қазақ жеріне тиді. Аталған топ командалар елімізге «Астананы» менсінбей келіп, талайы «Астана Аренада» жеңіске жете алмай, елдеріне абыройсыз оралған-ды. Атап айтар болсақ, Чемпиондар ли­гасының финалына үш рет шығып, Еуропа лигасында үш рет топ жарған «Атлетико Мадрид» (0:0) тең ойнаса, «Селтик» 4:3 есебімен жеңіліп, салы суға кеткен-ді. Енді бұл қатарға ағылшынның «Манчестер Юнайтед» клубы да қосылды.

Еуропа лигасының жеребе­сінен кейін «Манчестер Юнай­тед» клубы «Астанамен» бір топ­қа түскенде бөркін аспанға атып, қуанбаған қазақстандық фут­бол жанкүйері жоқ еді. Қайтсін енді, әлемнің үздік командасы Қазақстанға күнде келе бермейді ғой. Бірақ ағылшын командасы елімізге үшінші құрамын әкел­генін жариялағанда ала допқа ар­бал­ған отандық және шетелдік жан­күйерлердің көңілі су сепкендей басылды. Өйткені еліміз­дің түкпір-түкпірінен, басқа да алыс-жақын шетелден келген «МЮ» жанкүйерлері аты аңыз­ға айналған футболшыларды көреміз деп үміттенген болатын. Десе де, «Астана Аренаға» жи­налған жанкүйерлер алдағы 3-4 жылда жұлдыз болатын жас­тардың ойынын тамашалауға мүмкіндік алды.

29 мың жанкүйер жиналған матчта елорда командасы «Манчестер Юнай­тедке» қар­сы жігерлі ойын көрсетіп, 0:1 есе­бімен жеңіліп жатса да, матч со­ңың­да жеңісті жұлып алды. Кездесуге дейін бірқатар футбол мамандары «Ман­чес­тердің» жастары «Астана» футболшыларына қарсылық көрсете алмайды деп болжаған-ды. Бірақ матчтың бірінші таймында ағыл­шын командасы тәуір ойын көр­­сетіп, қазақстандық футболшы­ларды біраз састырғанын айта кету керек. Тіпті қонақтар ойын­ның 11-минутында есеп ашты. Люк Шоудан тамаша пас алған Джесси Лингард Эрич қорғаған қақпаның алыс бұрышын нысанаға алып, дәл соққы жасады. Гол соққаннан кейін ағыл­шындық жас футболшы­лар­дың сенімділігі артып, біздің қақпаға екін­ші гол соғудың қа­­мына кірісті. Тайм соңына дейін қонақтар бірқатар қауіп­ті шабуыл ұйымдастырғанымен, қорғаушы­ларымыз сәтті өнер көрсетіп, қауіптің бетін Эричке жеткізбей қайтарып отырды.

Екінші таймда «Астана» футболшылары мүлде басқа ойын көрсетті. Үзіліс кезін­де бас бапкер ойыншыларға не дегені бізге беймәлім, бірақ жас фут­бол­шылардан жеңіліп жат­қандарын есі­не салып, жігер­лерін жанығаны анық. Үзі­лістен кейін «Астананың» ойыны 180 градусқа өзгеріп шы­ға келді. Төреші екінші тайм бас­талғаны туралы белгі бергеннен бас­тап біздің футболшылар қар­сыластарды әбден тықсырып, бүкіл команда болып шабуылға кірісті. Нәтиже көп күттірген жоқ. Кездесудің 55-минутында ша­буыл­шылар гол соға алмаған соң, іске қорғаушы Дмитрий Шомконың өзі кірісті. Қақпаның алыс бұрышын нысанаға алған  Шомко мергендігімен көзге тү­сіп, есепті теңес­тіріп кетті. Арада 7 минут өткенде Ан­тонио Рука­винаның айып алаңына асыр­ған добы «Манчестер Юнайтед» қор­ғаушысы Ди’Шон Бернардтың денесіне тиіп, доп бағытын өз­гертті. Нәтижесінде Ди’Шон қақ­­пасына автогол соғып алды. Осы­лайша «Астана» футболшылары атақты қарсыластарынан 2:1 есебімен жеңісті жұлып алды. Тарихи жеңіс!

17-18 жастағы балаларды же­ңіп, оны тарихи жеңіс деп ш­ат­танудың қажеті жоқ де­уі­ңіз мүмкін. Бірақ тарихта коман­даның қай құрамда ойна­ға­ны емес, қандай есеппен жеңгені қала­ды. Сондықтан бұл жеңісті қазақ футболындағы тарихи жеңіс­тердің бірі деп айта беруге болады.

 «Астананың» бұл жеңісін шетелдік ақпарат құралдары сенсацияға балап, жарыса жазуда. Мысалы, Eurosport.ru басылымы: «Қазақстандағы шок: «Астана» бірінші гол өткізіп алса да, атақты «Манчестер Юнайтед» клубын жеңіп кетті», деп жазған. Сондай-ақ «Астана» – «Манчестер Юнайтед» матчында жұмыс істеген Британияның BBC, The Guardian және және Ресейдің «Матч ТВ» телеарнасы, «Спорт-Экспрес» сияқты басылымдары да «Астана» туралы жазуда. Тағы бір айта кетерлігі, Ресейдің «Sports.ru» басылымы қазақстандық футбол жанкүйерлерін қазақша құттықтап, ағынан жарылды.

Бұл жеңісінен кейін «Ас­тана» командасы УЕФА клубтар рейтингінде бір саты жоға­рылады. Бұған дейін 25-орында тұрған елордалықтар 19.375 (3.375) ұпаймен 24-сатыға жайғасты. Сондай-ақ «Астана» қоржынына үш ұпай ғана емес, 570 мың еуро салды. Қазіргі уақытта «Астананың» Еуро­мау­сымдағы табысы 4,31 миллион еуро­ға­ жетті. Егер «Астана» соңғы ойында «Партизанды» жеңіп жатса, қоржынына тағы да 570 мың еуро, ал тең түсіп жатса 190 мың еуро қаржы қосады. Сондай-ақ маркетингтік және телеқұқыққа байланысты тапқан табысы маусым соңында белгілі болмақ.

«Астана» командасы мау­сым­дағы соңғы ойынын­ 12 желтоқсанда Сербия­да «Пар­тизан­ға» қарсы өткізеді. Жер­лестеріміз бұл ойында елордада кеткен есені қайтаруға тырысады. Себебі «Астана Аре­нада» өткен алғашқы ойын­да «Партизан» 1:2 есебімен жеңіске жеткен болатын.

 

Соңғы жаңалықтар

Атыраулықтар тағы да үздіктер қатарында

Аймақтар • 13 Желтоқсан, 2019

Тәуелсіздік – тұғырым

Аймақтар • 13 Желтоқсан, 2019

Жас отбасылар баспаналы болды

Аймақтар • 13 Желтоқсан, 2019

Күлкі керуені № 25

Руханият • 13 Желтоқсан, 2019

Ұқсас жаңалықтар