Мәдени бағдарламалар аясында Ташкенттегі «Түркістан» өнер сарайында әйгілі әнші, Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісованың концерті өтті. Аталған іс-шараны Өзбекстан Мемлекеттік филармониясы, Өзбекстан Республикасының Мәдениет министрлігі және Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп ұйымдастырған болатын.
Қазақстан эстрадасы жарық жұлдыздарының бірі Мақпал Жүнісова қырық жылдай уақыттан бері өзінің өнерімен көрермендерін көл-көсір қуанышқа бөлеп келеді. Ол қазақ ұлттық ән өнеріне сүбелі үлес қосып жүрген айтулы тұлға екені белгілі.
«Түркістан» сарайында «Астана сазы» этно-фольклорлық ансамблі мен Saz@Soul вокальды-аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен өткен концертте өзбекстандық көрермендер қазақ әншісінің концерттік бағдарламасын ыстық ықыласпен қабылдады.
– Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы достық нығая берсін!, – деді әнші. – Бұл концерт қос ел арасындағы тату көршілік пен бауырластық қарым-қатынастардың әрі қарай дамуына ықпал етеді деп ойлаймын. Өзбек эстрадасын өте жақсы көремін. «Ялла» ансамблінің, Юлдуз Усманованың әндерін жатқа білемін және шырқай аламын. Өзбекстандық эстрада жұлдыздарын қазақстандықтар қатты қадірлейді. Өйткені, елімізде олардың өнеріне тәнті болушылар өте көп.
Біздің халқымыздың жүрегін жаулап, кең тараған бірқатар танымал әндерді әйгілі әнші мен көрермендер бірге шырқады. Концерттік бағдарлама жылы шырайлы, көтеріңкі көңіл күйде өтті.
Фатима ҚАНАЕВА
Шыршық қаласы (Өзбекстан)