23 Шілде, 2013

Ауылы қаласына тең Шығыс Қазақстан

270 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары экономикасы қарқынды дамып, халқының әл-ауқаты еселеп артып келе жатқан облыстардың бірі Шығыс Қазақстан екені анық. Көптеген игі бастамаларға себепкер болып, серпінді жобалардың қай-қайсысын да өмірге бейімдей білуімен өзге аймақтарға үлгі болып отырған өңірдің бүгінгі әлеуеті орасан. Оған осы жерге жақында жасаған жұмыс сапарым кезінде куә болдым.

Иә, шырайлы Шығыс қуатты Шығысқа айналып келеді екен. Парламенттегі әріптестерім – Нұртай Сабильянов және Төлеген Ибраевпен бірге әуелі облыс орталығындағы медициналық диагностика орталығына бас сұқтық. Мұндағы мамандардың біліктілігін, қызмет сапасының жоғарылығын, ал бағасының қолжетімділігін жақсы білетін өзге өңір тұрғындары мен Ресей азаматтарының жыл он екі ай ағылып жататынын көп еститінбіз. Сол сөздің шындық екенін көзімізбен көрдік.

Мұнда атқарылған қы­руар істің ішінен, әсіресе, келу­­ші­лердің кезегін сейілту тұр­ғы­сын­да қолға алынған шаралар оң әсер қалдырды. Атап айт­сақ, орталықтан шалғайда жат­қан аудандарда диагностика орта­лығының филиалдарын ашу, электронды талон жүйесін енгізу сынды жолдар қарапайым халық­тың тұрмысын жеңілдете түскен. Ал мұндағы заманауи құрылғылар мен қондырғылар, олардың құлағын ұстаған білікті мамандар көптің көңілінен шығып, науқастың дертін дәл анықтап, дауасын табуға тікелей әрі тиімді әсер етуде.

Облыста әлеуметтің әлеуе­тін жақсарту ісіне көп көңіл бөлініп жатқаны депутат ретінде мені шын қуантты. Мәселен, Өскеменге іргесі тиіп жатқан Ұлан ауданының өзінде әлеу­меттік нысандар қатары жылдан жылға артып келеді. Даңқты батыр, әйгілі партизан Қасым Қайсеновтің есімін алған аудан орталығында халықты бас­панамен қамту мәселесі жан-жақты ойластырылған екен. «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасының аясында аудан орталығында 80 пәтерлі үйдің құрылысы қызу жүріп жатса, екінші жарты­жыл­дықта 95 пәтерлі тағы бір тұрғын үйдің құрылысы бас­талмақ екен. Бұл тұрғын үйлерге жас отба­сылар мен бюджеттік сала қызметкерлері, мемлекеттік қыз­меткерлер және ардагерлер бірін­ші кезекте қоныстанатыны да орынды ойластырылған.

Қазақ мектебінің су жаңа ғимараты барлық талаптарға сай жасалған. Сондай бизнес ны­са­нының бірі – «Өскемен құс фабрикасы» АҚ аудан орталығында стадион салып беріпті. Бұл стадион құрылысына 40 млн. теңге жұмсалыпты. Саламатты өмір салтын қалыптастыру ісіне үлес қосқан акционерлік қоғамның ісі құптауға тұрарлық.

Сөзімнің басында аймақта қолға алынған тың бастамалар жаппай жеміс беріп жатқанын атап өткен едім. Сондай сәтті жүзеге асып жатқан бастаманың бірі – тірек елді мекендерді түлету бастамасы. Осы бағдарлама аясында тұрмысын тіктеп, түті­нін түзеген елді мекеннің бірі – бұрынғы аудан орталығы болған Бозанбай ауылы. Мені бір қуантқаны, бұрынғы аудан орталығының қайта жанданып, жаңа ғимараттар салынып, жаңа кейіпке еніп келе жатқаны. Ауылдың негізгі тірегі болған аурухана ғимаратын ақыл-есінде ауытқу бар жандарға лайықтап, қайта жарақтау арқылы жергілікті билік қосымша жұмыс орындарын ашып отыр.

Мұндай игілікті істерге Жар­ма ауданына барған кезімізде де куә болдық. Аудан орталығы – Қалбатау ауылындағы Жастар үйінің жұмысымен танысу барысында жастардың бос уақытын өткізуіне атқарушы билік тарапынан нендей қолдау көрсетіліп жатқанын көрдік. Жуықта ғана ашылған жаңа орталық аз уақыттың ішінде айтар­лықтай ауқымды істер тындырып үлгерген екен. Ауыл жас­тарына аталмыш орталықта бос уақыттарын мәнді өткізу үшін айтарлықтай жағдай жасалыпты. Осы ғимаратта орналасқан электрондық кітапхана, заманауи онлайн орталықтың да ауыл оқырмандары үшін берері мол.

Бұлар – Шығыс Қазақстандағы біз көріп үлгерген игі істердің бір парасы ғана. Ал мұндағы оң бас­тамаларды өзгелерге тарату, үлгі ету – халық қалаулыларының міндеті.

Ерген ДОШАЕВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты.

Соңғы жаңалықтар