Биылғы оқу жылының қорытындысымен №1 орта мектептің «Тұлпар» қоғамдық ұйымы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев қорының 1 миллион теңге грантын жеңіп алған болатын. Балалардың бастамашылдығымен бұл қаржыны Аршалы ауылындағы жиырма жыл бойы қараусыз қалған демалыс паркін тәртіпке келтіріп, жаңғыртуға жұмсау туралы шешім қабылданды.
Игі іске жұмыла кіріскен оқушылар мен өзге де еріктілер жазғы каникул күндері белсене жұмыс атқарып, аумағы екі гектарлық саябақты адам танымастай өзгертті. Балалар бастамасы ауыл жастары, жергілікті әкімшілік, коммуналдық шаруашылық қызметі тарапынан қызу қолдау тауып, шарбақтар орнатылып, гүлзарлар егілді, үлкен сахна бой көтеріп, жарық тартылды. Ойын алаңына қажетті жабдықтар, спорттық қондырғылар сатып алынды. Жергілікті кәсіпкерлер де қарап қалмай, алтыбақан, балалар әткеншектерін, тіпті пейнтбол алаңын сыйға тартты.
Аршалылықтар жаңа саябаққа «Қуаныш ордасы» деген ат берді.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.