Экономика • 03 Желтоқсан, 2019

Қазақстандық үлесті арттырудың жаңа тетіктері қаралды

184 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

28 қарашада елордада елдегі мұнайгаз саласындағы қазақстандық үлесті арттырудың өзекті мәселелеріне арналған «Жергілікті үлесті істе дамыту» атты бизнес-тәжірибе өтті. 

Қазақстандық үлесті арттырудың жаңа тетіктері қаралды

Шара 2015 жылы қолға алынған Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) мен «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) арасындағы серіктестік бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Бағдарламада көрсетілген қолдаудың бір түрі – кеңестік жобаларды ұйымдастыру және қосымша қаржыландыру. Ол арқылы мұнайгаз саласында қызмет көрсетіп, өнімдерін ұсынатын кәсіпкерлер ЕҚДБ мамандарының көмегімен жергілікті және шетелдік кеңесшілерді тарта алады. Оған қоса, бұл кәсіпорындар кеңесшілерді тартуға жұмсаған ақшасының жартысын қайтарып ала алады. 

ЕҚДБ мамандары жергілікті компаниялар үшін кеңестік жобаларды жүзеге асыруда қарқынды жұмыс істеді. Бағдарлама іске асқан – 2015 жылдың соңынан бастап, жергілікті кеңесшілерді тартумен 26 жоба, халықаралық сала сарапшыларын тартумен 7 жоба жүзеге асқан. Сонымен қатар 2 компания шетелдегі көрмелер мен  Тайваньда, Австрияда өткен B2B кездесуге қатысты. 

Аяқталған жобаларды бағалау нәтижесі бойынша қатысушылардың 73 пайызының айналымы орташа 66 пайызға артқан (3,2 млн еуро).  Ал жұмыс орындарының саны 32 пайызға қысқарған, дегенмен, еңбек өнімділігі 35 пайызға артты. Қазіргі уақытта бағдарлама қатысушы 5 компания ТШО тасымалдаушысы болды не білікті бизнес-кеңесшілердің көмегі арқылы жұмысын жақсартып, жеткізу нәтижесін еселеген.

Бизнес-тәжірибеге «Теңізшевройл» ЖШС үкімет және қоғаммен байланыс бойынша бас менеджері Рзабек Артығалиев, ЕҚДБ Орталық Азия және Моңғолия бойынша ШОБ дамыту және қаржыландыру департаментінің аға банкирі, өңірлік басшысы Нодира Мансурова және басқалары қатысты.

«Теңізшевройл» ЖШС Үкімет және қоғаммен байланыс бойынша бас менеджері Рзабек Артығалиев өз сөзінде отандық тауарлар мен қызметтерді сату динамикасы артқанын атап өтті. «Теңіз жобасында қазақстандық үлесті арттырудың басты бағыттарының бірі – болашақ және қазіргі отандық тасымалдаушылардың мүмкіндіктері мен өкілеттілігін арттыруға жәрдемдесу. Осы мақсата  «Теңізшевройл» ЖШС Қазақстанда ЕҚДБ іске асырып жатқан орта және шағын бизнесті дамыту бағдарламасына қатысты. Егер бес жыл бұрын отандық тауарлар мен қызметті сатып алуға 2,4 млрд АҚШ долларын шығындаса, биылғы жылдың үшінші тоқсанының соңында бұл көрсеткіш 3,4 млрд АҚШ долларынан асты», деді Рзабек Артығалиев.

Бағдарламаға қатысушы-кәсіпкерлер электр трансформаторларын өндіруші «Alageum Electric JSC», криоген өнімдерін өндіруші Азот Зауыты,  «Altyn Dan Trade» азық-түлік тасымалдаушылар және басқалары өз жетістіктерінің сырымен бөлісті. Сондай-ақ шара барысында бағдарлама аясында оқыту жүргізген консалтинг компанияларды марапаттау салтанаты өтті. 

Бұдан соң, барлық шара қатысушыларына ТШО мен ЕҚДБ «Жергілікті тасымалдаушылар» атты ортақ бағдарламасы таныстырылды. «ТШО сатып алулары мен жергілікті нарық мүмкіндіктері» атты презентация көрсетілді. Сондай-ақ «Қауіпсіздік мәдениетінің негіздері» және «Мұнайгаз саласындағы сатып алуларға қатысу дайындығы» оқыту шеберлік сағаты ұйымдастырылды. 

Айта кетейік, «Теңізшевройл» қазақстандық үлесті дамытып, елдегі шағын және орта бизнесті дамытуға үлкен үлес қосады. 1993 жылдан бері отандық тауарлар мен қызметтерге 31,7 млрд доллар жұмсады, 2019 жылы бұл сома 3,7 млрд доллардан асқан.

Тасымалдаушыларды дамыту бойынша ТШО бағдарламасы Қазақстан аумағындағы барлық жергілікті компаниялардың жұмыс нәтижесін жетілдіріп, дамытуға бағытталған. Мысалы,  ілмекті арматура шығаратын қарағандылық «Бёмер Арматура» зауыты өзін ТШО-ның сенімді серіктесі ретінде танытты. Ілмекті шар арматураны шығару мұнайгаз саласы және су жіберу крандарын салу сияқты кез келген ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін маңызды. Ал бұл өндірістік салада осы қазақстандық өндіруші өңірлер арасында көш бастап тұр.

96

8