Кеше Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен селекторлық режімдегі Үкімет отырысында әлеуметтік-экономикалық дамудың және мемлекеттік бюджеттің ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында орындалу қорытындысы қаралды. Сондай-ақ, келесі жартыжылдықтың міндеттері талқыланды.
Дағдарыс дертінен әлем әлі де айыға алған жоқ. Жаһан жұртын жабырқатып, дүниені дүрліктірген қаржылық тоқырау тауқыметін тартып жатқандар қазір де аз емес, әрине. Десек те, әрбір ел бар халінше қарекет қылып, бұл аласапыраннан аман шығуға, экономикасын барынша тұрақты сақтап қалуға тырысып бағуда. Иә, төрткүл дүниені «тітіркенткен» дағдарыс заманында ешбір ел өз бетінше оза шауып, дамудың дара даңғылына түсе қоймасы анық. Себебі, сыртқы экономиканың әсері орасан. Қарыштап, қара оздырмасақ та, кешегі Үкімет отырысында мәлім болғандай, Қазақстан экономикасының даму қарқыны жаман емес.
Отырыста сыртқы нарықтардағы белгісіздіктерге қарамастан, 2013 жылғы қаңтар-маусымда экономикамыздың оң өсуі қамтамасыз етілгені айтылды. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаевтың хабарлауынша, алдын ала бағалау бойынша елдің ішкі жалпы өнімі бірінші жартыжылдықта 5,1 пайызға өскен, яғни биылғы жылдың соңына дейін жетуге тиіс межелі 6 пайыздың ауылы алыс емес. Ал экономиканың алты негізгі саласы бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикатор 104,1 пайызды құрады.
Енді осы кезеңдердегі шетелдер дерегіне де көз жүгіртсек, АҚШ-та ішкі жалпы өнімнің өсімі бірінші тоқсанда 1,8 пайызды құрапты. Еуроодақ елдеріндегі ішкі жалпы өнімнің төмендеуі 1,3 пайыз. Қытайдың ішкі жалпы өнімінің өсу серпіні жылдық мәнінде бірінші тоқсанда 7,7 пайыздан екінші тоқсанда 7,5 пайызға қысқарған.
Қытайдың өнеркәсіп өнімдерінің көлемі маусым айында 8,9 пайыз өскен, бірақ бұл мамырмен салыстырғанда 0,3 пайызға төмен. Қытай экономикасының баяулауы шикізатқа деген әлемдік бағаға әсер етуі және шетел компанияларының акцияларына кері әсерін тигізуі мүмкін дейді мамандар. Ал соңғы үрдіске байланысты халықаралық валюта қоры шілде айында әлемдік экономиканың өсуі бойынша болжамды 3,3 пайыздан 3,1 пайызға дейін, яғни өткен жылдың деңгейіне дейін төмендетті.
Біздің елдің экономикасының өсіміне тұрақты макроэкономикалық ахуал септігін тигізді. Инфляция ағымдағы жылдың маусымында 0,3 пайызды, жылдың басынан бері 2,7 пайызды құрады. Жылдық мәндегі инфляция 5,9 пайыз деңгейінде қалыптасты, деп атап өтті кешегі Үкімет отырысында Е.Досаев. Сондай-ақ, ол өнеркәсіп өндірісінің өсуі 1,8 пайызды құрап, өңдеу өнеркәсібіндегі өнім өндірісі 1,8 пайызға өскенін жеткізді. Ал кен өндіру өнеркәсібіндегі өнім шығарылымы 2,2 пайызға ұлғайған.
Тұтынушылық сұраныстың ұлғаюы экономика өсуінің маңызды факторы болды, оған бөлшек тауар айналымының жыл басынан бері 12,3 пайызға өсуі куәлік етеді. Көлік қызметі 7 пайызға, байланыс қызметі – 14 пайызға ұлғайды, деді министр.
Экономика өсуінің негізгі факторларының бірі негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемінің ұлғаю үрдісінің қалыптасуы болып табылады, ол бірінші жартыжылдықта 7,9 пайызға өсті, бұл ретте 2012 жылғы қаңтар-маусымда өсу 3,1 пайызды құраған. Ағымдағы жылғы қаңтар-мамырда сыртқы сұраныстың қысқаруы еліміздің сыртқы сауда айналымының 4,5 пайызға төмендеуіне әкелген. Бұл ретте, Кеден одағы елдерімен өзара сауда бес ай ішінде өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,8 пайызға өсіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,4 млрд. АҚШ долларын құрағанын атап өткен жөн. Халықтың нақты ақшалай табысы 2013 жылдың бес айы ішінде 2,4 пайызға, қаңтар-маусымдағы нақты жалақы 0,5 пайызға, номиналды жалақы 7,0 пайызға өсіп, 104 мың теңгеден асты. Еңбек нарығындағы жағдай тұрақты болып отыр. Маусымдағы жұмыссыздық деңгейі экономикалық белсенді халыққа шаққанда 5,2 пайызды құрады.
Бірінші жартыжылдықтағы дамудың оң үрдістерінің сақталуы 2013 жылы ішкі жалпы өнімнің көзделген 6 пайыз деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп күтілуде.
Есепті кезеңдегі мемлекеттік бюджеттің орындалысы туралы Қаржы министрі Б.Жәмішев баяндады. Оның айтуынша, 2013 жылдың 6 айында мемлекеттік бюджетке 3 160,6 млрд. теңге түсті. Бұл – жоспардағының 97,6 пайызы. Өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда мемлекеттік бюджетке түсім 2,2 пайызға кеміген.
Республикалық бюджетке 2 592,0 млрд. теңге кірістер түсіп, жоспарлы атқарылым 94,7 пайызды құрады. Бұл негізінен бюджеттегі қаржының жеткіліктілігіне байланысты Ұлттық қордан толық емес көлемдегі кепілді тран сферт тарту есебінен құралды, деді Б.Жәмішев.
Салықтық түсімдер 102,7 пайызға атқарылған. Бұл өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 42,8 млрд. теңге артығымен түскенін көрсетеді. Түсім бір реттік алымдарды есептемегенде 23,3 пайызға артып отыр. 2013 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 93 млрд. теңге салық мерзімінде төленбеген, жыл басымен салыстырғанда ағымдағы салықтардың есептелуіне, сондай-ақ салықтық тексерістер актілері бойынша есептеулерге қарағанда салықтық берешек 11,7 млрд. теңгеге, яғни 14,4 пайызға өскен.
Үкімет отырысында жылдың алғашқы жартыжылдығындағы қорытындылар жөнінде бұдан әрі Ауыл шаруашылық министрі Асылжан Мамытбеков, Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Альберт Рау және Қостанай, Қызылорда облыстарының әкімдері қосымша баяндады.
Премьер-Министр С.Ахметов отырысты қорытындылап, Үкімет мүшелеріне бірқатар тапсырмалар жүктеді. «Есептік кезеңде біз ішкі жалпы өнім өсімін 5,1 пайызға арттыруға қол жеткіздік. Еліміздің экономикасына қысым көрсететін сыртқы факторлардың ықпалына қарамастан биыл экономика өсімінің 6 пайызға жеткізілуі қамтамасыз етілуі тиіс», деп атап көрсетті С.Ахметов.
Осыған орай, ол Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі мен мүдделі мемлекеттік органдарға еліміздегі макроэкономикалық жағдайларға әлемдік экономикада қалыптасқан тенденцияларды есепке ала отырып, тұрақты мониторинг ұйымдастыруды, қажет болған жағдайда өмір шындығын есепке алып, қолданыстағы дағдарысқа қарсы шараларға түзетулер жасау туралы ұсыныс енгізуді тапсырды.
Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі ТМРА-мен бірлесіп салмақталған тарифтік саясатты қалыптастыру бойынша жұмыстарды жалғастыру қажет. Қаржы министрлігі мемлекеттік бюджетті пайдалану жағдайын қатаң бақылауы тиіс. «Мемлекеттік органдар басшыларына бөлінген бюджеттік қаржының жұмсалуын жеке бақылауына алуды тапсырамын», деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ, Премьер-Министр Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне бюджеттік бағдарламалар әкімгерлерімен бірлесіп үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегіне дейін 2014-2016 жылдарға арналған үшжылдық бюджет пен осы кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық даму болжамын Парламент Мәжілісіне енгізуді тапсырды. Ауыл шаруашылығы министрлігіне егін орағын мерзімінде, шығынсыз өткізу, ал Мұнай және газ министрлігіне оны жеткілікті көлемде жанар-жағар маймен қамтамасыз ету тапсырылды.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».