24 Шілде, 2013

Халықаралық веложарыс жеңімпазы – Астанада

363 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше еліміздің бас қаласы – Астанаға халықаралық The Sun Trip атты веложарыс жобасына қатысушы Раф Ван Холь бірінші болып жетті. «The Sun Trip: Астана ЭКСПО-2017 бағытында» атты бұл халықаралық веложарыс үстіміздегі жылғы 15 маусымда Францияның Савойя қаласынан бастау алған болатын.

«The Sun Trip: Астана ЭКСПО-2017 бағытында» атты бұл халықаралық жарыстың басты мақсаты – елордамызда 2017 жылы өтетін Бүкіләлемдік көрменің бас тақырыбы – «Болашақ энергиясын» жаһандық ауқымда насихаттау болып табылады. Халықаралық веложарысқа қатысушылар Астанаға дейінгі өз сапарларының бағытын өздері таңдады. Сапар барысында велошабандоздар Венеция, София, Бухарест, Одесса, Ыстамбұл, Сочи, Баку, Атырау және Ақтөбе қалаларына тоқтады.

Бәсеке барысында «Solar Wind» командасының өкілі Раф Ван Холь мәреге бірінші болып жетті. Ол 38 күн аралығында, жеті мың километрден астам қашықтықты өзінің күннен нәр алатын көлігімен жүріп өтті.

Тау шыңын, халықаралық автобандар мен дала жазықтарын бағындырған велошабандоз: «Қазақстан – өте тартымды ел! Еуропа жұртшылығының көпшілігі Қазақстанның қандай ел екенін және мұнда шексіз әсем дала бар екенін білмейді. Сол себептен мен өз көзіммен көріп, жағымды пікір алу үшін осы сапарға шықтым!» – деп атап өтті.

Веложарыс жеңімпазын Астана қаласында Сыртқы істер министрлігінің, Францияның Қазақстан Республикасындағы елшілігінің және «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-тың өкілдері қарсы алды. Сол сияқты халықаралық веложарысқа қатысушыларды құттықтау үшін осы жобаның негізін қалаушы Флориан Байли да Қазақстанға келіпті. Екінші болып, бүгін елордамызға веложарысқа қатысушы француздық велосипедші Жордж Мойта келеді. Халықаралық веложарысқа қатысушы қалған велошабандоздар Астана қаласындағы мәреге таяудағы екі аптаның ішінде толық келіп жететін болады. Содан кейін елордамызда The Sun Trip жобасына қатысушы велошабандоздардың қатысуымен бұқаралық велосипед жарысы өткізіледі.

Мәреге бірінші болып жеткен Бельгия азаматы Раф Ван Хольдің мамандығы – сәулетші және энергетика мәселелері бойынша сарапшы. Ол осындай халықаралық жарыстарға қатысу арқылы сапарға шығуды ұнатады. Екі панельді күн батареяларымен жабдықталған велосипедін оның өзі құрастырған. Рафтың айтуынша, күн батареяларымен жарақтандырылған бұл велосипеді оның арнайы патент алған өнертапқыштық жаңалығы болып табылады. Бұл экологиялық тиімді көлік құралының жылдамдығы сағатына 50 шақырым.  

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Суретте: халықаралық веложарыстың жеңімпазын Астанада қарсы алу.