Экономика • 04 Желтоқсан, 2019

Жалған мәлімет жарға жығады

678 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ел Президенті Қ.Тоқаев жуырда сөйлеген сөзінде мемлекеттік қызметкерлердің жұмысында шалағайлыққа, көзбояушылыққа жол берілмеуі керектігін айтты.

Жалған мәлімет жарға жығады

енің ойымша, Мемлекет басшысы осылайша тек қана көзбояушы­лық­ты әшкерелеп отырған жоқ. Сонымен қатар бұдан әрі жалған ақпарат беріп жұмыс істеуге болмайтынын көрсетіп отыр. Себебі бұл экономикамызды дамы­туда үлкен кедергіге айналды. Оны дұ­рыс басқару үшін де жергілікті жер­лердегі жағдайдың нақтылығын білу қажет.

Осыған мысал ретінде біздің ауыл ша­руа­шылығын, нақтырақ айтсақ, астық өндірісін келтіруге болады. Биыл­ғы қуаңшылық ондағы қорда­лан­ған көптеген мәселенің бетін ашты.

Мәселен, неге дамыған елдер ұқ­сас ауа райы жағдайында бізге қа­ра­ған­да 2 есе көп өнім алады? Неге біз­­дің негізгі бәсекелес елдерімізде соң­­ғы 15 жылда бидайдың өнімді­лі­гі 30-40%-ға, ал бізде бар болғаны 14%-ға өсті? Неліктен астық өндіретін басқа ірі мемлекеттерде нанның баға­сы біздегі сияқты көтерілмейді?

Мүмкін, мұндай сұрақтардан кейін аталған саланың мемлекеттік саясатына елеулі түзетулер енгізу қажет шығар? Ал әзірше мәселені тал­­дай қарасақ, бізде қағаз жү­зінде, баян­дамада бәрі мінсіз. Мы­­са­лы, жыл сайын көктемде «ша­руа­­шы­­лық­тар үздік сұрыпты тұ­­қым­­дармен қамтамасыз етілді» деп мә­лім­дейміз. Ал шындығында қа­лай? Биыл университетіміздің ға­лым­­­дары солтүстік облыстардың 23 элита тұ­қымын өндіретін ша­руа­­шы­­лық­тары­ның ең жоғарғы сапа­дағы деген тұ­қым­дарын зерттеді. Нәти­жесінде олардың барлығының зең және бактериялық ауруларға ұшыра­ғаны анықталды.

Тағы бір мысал, әкімдіктердің егін салу және егін жинау жұмыстарының аяқталғаны туралы ресми ақпарат­тары мен ғарыштық мониторинг мәлі­мет­терінің арасында көп алшақ­тық бар. Мұның өзі жүздеген мың гектар алқаптардың қараусыз қалып, бос жатқанының бірден-бір көрсет­кіші. Тәуекелі жоғары егіншілік жағда­йында (әсіресе биылғыдай) топы­рақ­­­тағы өсімдіктер үшін қажетті ылғал­ды­лық­ты көтеру мақсатында ауыс­палы егіске пар танаптарын енгізу­дің маңызы зор. Астық себетін облыс­тардың бірінің мәліметінше, биылғы пар танаптары­ның көлемі 720 мың гектарды құраған, ал біздің ғарыштан түсірген суреттер бойынша оның көлемі 2 есеге аз болып шықты. Мұндай жалған ақпарат не үшін қажет? Академик А.И.Бараев айт­қандай: «Жерді алдай алмайсың ғой!». Соңғы уақытта жиналған өнімнің көлемі туралы жыл сайынғы мәліметтер тіпті келекеге айналуда. Осы орайда өзінің ғарыштық мониторинг­тері ар­қылы егістіктеріміздің жағ­дайын бізден жақсы біліп отырған амери­ка­лықтардың болжамындағы цифр­лар біздегі мәліметтерге қарағанда шындыққа көбірек жанасатыны ың­ғайсыз жағдай туғызады.

Біз үлкен мәжілістерде «егін түсі­мінің күрт артуын қамтамасыз ететін ерекше заманауи агротехноло­гиялар жергілікті жерлерде айтар­лық­тай алқаптарға енгізілген» деп, өтірікті шындай қылып баяндауды үйрендік. Кейде қиялдаған «шындығымыз» да­мы­ған елдердің көрсеткіштерінен де артық болып жатады...

Қазір Ауыл шаруашылығы ми­нистр­­лігінде жерді тиімді пайдалану мәселелерінде тәртіп орнату үшін көп жұмыс жүргізілуде. Бірақ оның нәти­желі болуы жергілікті жерлердегі нақ­ты жағдайды білуге тікелей байланысты. Енді ашық кадастрлаудың, шынайы бағалаудың және жер­мен жұмыс істегенде айқын әрекет жа­сау­дың уақыты келді. Ал бұл үшін цифр­­лы технологияға негізделген ға­рыш­­­тық мониторинг және жерді қа­шық­­­тық­тан зондтау әдістерін батыл түр­де қолдану керек. Сол кезде ғана біз дұрыс мәліметтерге қол жеткі­зе ала­мыз және де барлық дең­гей­дегі әкімдіктердің ондаған мың қыз­мет­керлерін қағазбастылықтан боса­тып, олардың өздерінің негізгі мін­дет­терімен, әсіресе Президентіміз айтқан­дай, сараптау жұмыстарымен шұғыл­дануына толық мүмкіндік туғыза­тын боламыз. Тек осылай «ащы» шын­дық­ты біліп қана, аграрлық саланы дұрыс дамыта аламыз.

 

Ақылбек КҮРІШБАЕВ,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» АҚ басқарма төрағасы