Руханият • 04 Желтоқсан, 2019

Түркі әлемінің тұғырлы тұлғасы

230 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Түбі бір түркі жұртының ертеңін баянды ету жолында Елбасы бас­тамашы болып, ірге көтерген Түркі кеңесі, ТүркПА, ТҮРКСОЙ, Халықаралық Түркі академиясы сынды құрылымдар бүгінде табысты жұмыс атқарып келеді. Осы ретте халықаралық Түркі академиясы Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін атап өту аясында Нұр-Сұлтан қаласында «Түркі әлемінің тұғырлы тұлғасы» атты тағылымды жиын өткізді.

Түркі әлемінің тұғырлы тұлғасы

Алқалы басқосуға Қазақ­стан халқы Ассамблеясы Төраға­сы­ның орынбасары Жансейіт Түйме­баев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутат­­тары, Ха­лық­ара­лық Түркі академия­сы­­ның прези­денті Дархан Қыдырәлі, еліміздегі бірқатар елдің ел­ші­лері, ғы­лыми мекемелер мен білім орда­ларының басшылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, танымал ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Алғаш болып сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев өте қысқа мерзімде егемен елдің зайырлы, құқықтық және біртұтас мемлекет ретіндегі негізін қалап қана қоймай, жас мемлекетті халық­аралық қоғамдас­тықтың белді мүшесіне айналдырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың тарихи рөлі мен ықпалы турасында кеңінен баяндады.

– Әр мемлекеттің өзін сақ­тауы, келешек ұрпаққа жетуі ең бірінші кезеңде сол елді басқарып отыр­ған көшбасшыға байланыс­ты. Бұл тұрғыдан келгенде Қазақ­стан бақытты мемлекет. Өйткені Кеңес Одағы ыдыраған 1991 жы­лы еншісін теңдей бөліп ал­ған мемлекеттер өз күндерін өз­дері көре бастады. Осын­дай кезеңде мемлекетті бас­­қару­дың еншісі біздің Тұңғыш Пре­­зи­­дентіміз Нұрсұлтан Назар­­баевтың пешенесіне жазыл­ды. Жыл сайын желтоқсан айында есебімізді түгендеп, қорытын­дылап отырамыз. Салыстырудың қарапайым ғана өлшемдері бар: экономика, саясат, мәдениет, ғы­лым, халықтың әл-ауқаты. Со­­ның барлығын өт­кен кезең­дер­мен және көрші мем­ле­кеттер деңгейімен салыстыра отыра, біздің үлкен жетістікке көтеріл­геніміз тарихи факт, – деген ол Нұрсұлтан Әбішұлының аймақ­тық, жаһандық мәселелердің шеші­луіне дер кезінде атсалысып, халық­аралық жағдайды реттеу мақ­сатында тың идеялар ұсына білген сұңғылалығына айрықша тоқталды.

– Елбасының Түркі әлемінің тұғырлы тұлғасы болуының өзі үлкен әңгімелерге арқау болатын жағдай.Түркі дүниесі сонау Түркі қағанатынан кейін бірлескен емес, сол кезеңнен кейін тек XX ғасыр соңында тамыры бір туыс жұрт қайта ұйысты, – деген Жан­сейіт Түй­мебаев түркия­лық пуб­лицист, профессор Кур­шад Зор­лу­дың Елбасы Н.Ә.Назар­баев­тың ке­меңгерлігі мен лидер­лік қырын зерделеген «Назар­баев көшбасшылығы: Ұлы дала­ның өрлеуі» атты еңбегі үшін Ассамб­лея атынан зор алғыс біл­діріп, «Мейірім» медалімен мара­пат­тады. Бұдан соң аталған кітаптың ресми таныстырылымы өтіп, жиналған жұртшы­лық зор ықыласпен қабыл алды. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет құрудағы даңғыл жолын, ел басқару моделі мен көш­басшылық қырын терең тал­даған зерттеу еңбек әуелі қазақ тілінде жарық көрсе, таяу күн­дері Түркияда 5 мың дана таралыммен басылып шықпақ.

Дөңгелек үстелге модератор­лық еткен Халықаралық Түркі акаде­миясының президенті Дар­хан Қыдырәлі еңбектің Тұңғыш Президенттің мемлекет құру жо­лын­дағы көшбасшылық қы­рын тануға және Қазақстанның тәуел­сіздік жылдарындағы қа­лып­тасу кезеңін зерттеушілерге тап­­тыр­май­тын көмекші құрал еке­нін атап өтті. Сондай-ақ «Назар­баев феноме­нін» зерттеу жұ­мыс­тарына арқау еткен сая­сат­­тану­шы ғалымдар мен пуб­ли­цист-қаламгерлердің көп екенін, осы ретте автордың туындысы Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың саяси қызметін ұзақ жылдар бойы тұрақты зерт­теуі­мен ерекшеленетінін айтты. Аталған туындыда Елбасы­­ның түркі дүниесінің ынты­мақ­тас­ты­ғын нығайтудағы рөлі кеңінен талданған. Ең әуелі Н.Назарбаевтың көшбас­шы­лы­­ғына қатысты ұғым­дық және теориялық мағлұ­мат­тар ұсыны­лып, жұмыстың эмпири­калық бөлімінде жүргізілген сауалнамадан алынған нәтижелер бе­рілген. Кітапты қолға алған оқыр­ман Елбасының дара­лығына ғана емес, сонымен қатар Қазақстанды жақыннан танып, түркі әлеміне қысқа саяхат жасайтыны анық.

– «Бірлік болмай тірлік болмайды» деген қос елге ортақ сөз бар. Сондықтан жаңа дәуір жүйесі Қазақстан мен Түркияның тығыз байланысып, жақындасуын талап етеді. Түрік жұрты сіздердің қысқа уақыт ішінде қол жеткізген жетістіктеріңізге сүйсіне қарап отыр. Қазақстан тәуелсіздік ал­ғал­ы бері Түркияда қазақша біле­тін, қазақша сөйлейтін жан­дар кө­б­ейді. Тарихтағы ғасыр­­лар бой­­ғы қазақ даласының дамы­­ған жетіс­­тігі қазіргі уақыт­та Түркия әлемі­не бағыт-бағдар болуда. Осы себеп­пен Қазақстан моделін зерт­теп-зерделеу үшін шамамен 20 жыл бойы Қазақстандағы жаңа­лық­тар мен өзгерістерді мұқият бақыладым. Зерттеу еңбек келесі жылдардан бастап Түркия­ның жоғары оқу орындарында оқытылады деп сенемін, – дейді кітап авторы Куршад Зорлу.

Қазақстандағы өзбек жұрт­шы­лығының өкілі, Мәжіліс депутаты Фах­риддин Қаратаев атал­ған ең­бек­тің саясаттану, әлеу­меттану ғылым­дарының соңғы озық әдіс-тәсілдерін пайдалана отырып жа­зыл­ғанын, бұл ретте автордың соң­ғы жылдары жиған тың деректер мен жеке тәжірибесін сарп еткен орасан еңбегі байқалатынын жеткізді.

– Автор түркі тектес бауыр­лас елдердегі халық арасында сауалнама жүргізіп, қоғам­­дық пікір айнасын өз еңбегінде дәйекті пайдаланады. Тұңғыш Президентті Түркі әлемінің дарабоз лидері қарапа­йым халық­тың қайраткері ретінде таныл­ғаны, оның есімі Қазақстан елінің баламасына айналға­нын ай­қын­дап жазып шыққан, – деген ол оқырман ретінде автор­ға алғыс білдіріп, жарық көрген еңбек­тің мән-маңызы мен құндылы­ғы­ның жоғары екендігін атады.

Бұдан бөлек, жиынға қатыс­­қан Мәжіліс депутаты Сауыт­бек Абдрахманов түркі дүниесін біріктірудегі Назарбаев еңбегі­нің орасан екендігін айта келіп, жақсы күндерді былай қойған­да, қиын күндердің өзінде түркі бір­лі­гін нығайтуға өлшеусіз үлес қос­қан тұлға ретінде ықпа­лы зор деп тұжырымдаса, бел­гілі қыр­ғыз­стандық ғалым, түрко­лог Қадыр­алы Қонқобаев, Назар­баев Университеттің профес­соры Юлай Шамилоглу, Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасы­ның жетекші зерттеушісі Ғазиз Телебаев, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілі Әскер Пириев жаңа басылым туралы ой-пікірлерін ортаға салып, Елбасының түркі әлеміндегі рөліне қатысты лебіздерін біл­дір­ді. Жиын соңында академия басшысы Дархан Қыдырәлі Кур­шад Зорлуға арнайы құрмет көр­­се­тіп, Халықаралық Түркі акаде­мия­сының Құрмет грамотасымен марапаттады.