Жиынға Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев қатысып, Үкіметтің атынан балалар ауылдарына ноутбуктар сыйлады. Сондай-ақ, бірқатар азаматқа Президент Қ.Тоқаев пен Премьер-Министр А.Маминнің алғыс хаттарын тапсырды.
Атап айтқанда, «SOS Қазақстан балалар ауылдары» қорының құрметті президенті Сара Алпысқызы, SOS Children`s Villages International директорының орынбасары Том Малвет және SOS Балалар ауылдарының халықаралық аймақтық өкілі Зденко Седлар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хатымен марапатталса, «SOS Қазақстанның балалар ауылдары» КҚ Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Құлыбаева, қордың Қамқоршылық кеңесінің мүшелері Айдын Рахымбаев, Нұрлан Смағұлов, Әсел Тасмағамбетовалар Премьер-Министрдің алғыс хатына ие болды.
«Балаларға қамқорлық жасап, көмектесу – әрбір адамның азаматтық борышы. 25 жыл бұрын қиын-қыстау кезеңде Сара Алпысқызының басшылығымен Қазақстанда қорғалған ауылдар пайда болды. Осы уақыттың ішінде 500-ге жуық ата-анасыз қалған балалар өздерінің отбасын құрып, қазір Қазақстанның түкпір-түкпірінде еңбек етіп жатыр. Бүгінде анасының бастаған жұмысын Динара Нұрсұлтанқызы әрі қарай жалғастырып, осы қордың көмегімен көптеген ата-анасыз қалған балалар қамқорлыққа ие болып жатыр. Үкіметтің атынан қордың қызметкерлеріне, демеушілеріне үлкен рахмет айтамын», деді Вице-премьер.
Кеште Сара Алпысқызының құттықтау сөзін оқыған «SOS Қазақстан балалар ауылдары» корпоративтік қоры Қамқоршылық кеңесінің бірінші төрағасы Галина Суворова идея авторының жылы лебізін жеткізді. «25 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы ресми сапары кезінде мені SOS Kinderdorf International Аустрия қорының өкілдерімен таныстырды. 1999 жылы ұлы гуманист Герман Гмайнердің соғыста ата-аналары қаза тапқан балаларға арнап салған ауылына бардым. Биыл аустриялық қор 70 жылдығын атап өтуде. Көрген дүниемнен ерекше әсер алдым, ондағы адамдар қатты ұнады. Сөйтіп Қазақстанда жаңа үлгідегі балалар үйлерін салу бойынша SOS Kinderdorf International-мен ынтымақтасу идеясы ойға келді. Біздің SOS ауылдардағы аналар мен балалардың қауышуын әрдайым қуана еске аламын. SOS аналарымызға балаларға қамқорлық танытқаны үшін ерекше алғысымды білдіремін», делінген хатта.
SOS балалар ауылы – отбасылық типтегі балалар үйі. Бірнеше шаңырақтан құралып, әр шаңырақты бір-бір SOS ана немесе SOS ата-ана ұстайды да олар балалар үйінен келген жасөспірімдерді бауырына басады. Бір отбасында бастары қосылған балалар болса бір-бірімен туған бауырдай болып, SOS ананың немесе SOS ата-ананың тәрбиесін көріп өседі. Ең алғаш мұндай балалар үйін 1949 жылы Герман Гмайнер есімді дәрігер Аустрияның Имсте қаласында ашты. Ол Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жетім қалған балаларды аш-жалаңаш қалдырмай, аман-сау өсіруді көздеген еді. Бүгінде SOS балалар ауылы әлемнің 130-дан астам елінде жұмыс істейді.
«SOS Қазақстанның балалар ауылдары» корпоративтік қоры 1994 жылы мемлекеттік емес әлеуметтік ұйым ретінде SOS Children’s Villages International халықаралық ұйымының қолдауымен, Сара Алпысқызының бастамасымен құрылған. 2018 жылдан бастап «Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім беру қоры» қоғамдық қорының директоры Динара Құлыбаева «SOS Қазақстан балалар ауылдары» КҚ Қамқоршылық кеңесінің төрайымы және құрылтайшысы болды. Елімізде SOS балалар ауылы Алматы, Нұр-Сұлтан және Теміртау сынды үш қалада бар. 25 жылда үш ауылдан 581 жетім бала тәрбиеленіп шықса, оның 296-сы өзін өзі қамтамасыз ететін жастардың қатарына қосылған. Бұл жастардың 95%-ы жоғары және орта арнайы білім алса, 68%-ы тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Қазір «SOS Қазақстанның балалар ауылдарында» 200-ден аса бала тұрады.