24 Шілде, 2013

Оразбайдың Медеуін білеміз бе?

485 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Семей өңіріндегі бір ауылдық округ пен ондағы орта мектеп еліміз егемендікке қол жеткізгеннен бергі жерде Медеудің атымен аталады. Жуырда аталған ауылда іссапармен болғанымызда бұрыннан естіп қалып жүретін деректерге қайтадан үңілгенді жөн көргенбіз.

Бірден айтайық, оқырман қауымның бәрі дерлік Медеудің есіміне соншалықты қанық болмаса да, кемеңгер Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясында бейнесі қапысыз суреттелетін оның әкесі Оразбайды жақсы білсе керек. Бір өзіне үш мың бас жылқы біткен сол Оразбай «бірінші Құдайыма, екінші Шұнайыма сенемін» дейді екен. Шындығында, Шұнай – құт қонған өңір. Әлгі үш мың бас жылқы сол өңірді толтырып жайылып жатса, Оразекең, е, малым түгел екен деп көңілі тоқ болып жүре беретін көрінеді.

Тағы бір аңызда бұл бабамыздың Ертістің бойына қоныстанып жатқан орыс саудагерлерімен қалайша сауда-саттық жасағаны туралы жыр ғып шертіледі. Яғни, оларға бір үйір жылқыны сатқаннан соң арада бірер күн өткенде Оразекең маңындағы қосшыларына Шұнай тауының басына шығып, Семей жаққа көз салыңдаршы, шаң көрінбей ме екен дейтін көрінеді. Айтқандай-ақ, ол жақтан алдымен будақ-будақ шаң, іле әлгі бір үйір жылқының қайтып оралып келе жатқаны байқалады. Сонда бұл кісі ішінен мырс-мырс күліп тұрады екен. Өйткені, сыры өзіне мәлім құла айғырдың өз үйірін Ертістен жүздіріп өтіп, Шұнайына аман-есен жеткізетініне бек сенетін көрінеді. Бір қызығы сол, енді ол бұл үйірді Қарқаралы жағынан келген сау­дагерлерге қайта сатып, орыстардан қуғыншы келгенде заманың түлкі болса, тазы болып шал дегендей, түк білмеген болып, сақалын сипап отырады екен.

Бүгінде бұған күлгенмен, хакім Абайды соққыға жығуға бірден-бір себепкер болған Оразбайды жақсы көрмесек керек. Ал сөйткен Оразбай Абай дүниеден қайтты деп сүйінші сұрағандай болып келген бір әумесерге дүре соқтырып, енді кіммен айтысып, енді кіммен айқасамын, деп көзіне жас алыпты деседі.

Медеу ауылына сапар барысында ауыл әкімі Дарын Мұхтарұлы мен ауылдық әкімдіктің бас маманы Қуанышбек Темірбекұлы бізді Шұнай жағына бастап алып барған. Сол жолы осы Шұнай өңірінде жылқы малын өсірумен жан-жақты айналысып жатқан Аян Жарылғапов, Шаған Оразалин сынды азаматтардың оңды тіршілігімен танысқанбыз. Әуелі Құдайына, содан кейінгі жерде Шұнайына сеніп отырған бұл азаматтар туралы кейінірек сөз қозғауға үлгереміз деп ойлаймыз.

Міне, заманында сай-саланы төрт түліктің ең асылы – жылқы малына толтырған Оразбай қажының зиратының басында тұрмыз. Сөздің шындығын айтайық, қажының зираты күтімсіздіктен тозып кетіпті. Ағаш есіктері сынған, қолдан құйған кірпіштері үгітіліп жатыр. Тек кезінде Самарқанттан алғызған қызыл құлпытас бірден көзге түседі. Ертеректе, егер рас болса, осы құлпытас түнде де жарқырап тұрады екен. Құрамында фосфор болса керек. Ал осы құлпытасқа жазылған жазуды Шәкер ақыннан басқа ешкімнің оқып білуіне білігі жетпепті. 1831 жылы өмірге келген Оразбай қажы Аққұлұлы 1922 жылы, яғни жасы тоқсаннан асып барып дүниеден өтіпті. Не десек те, мыңғырған малдан, астатөк байлықтан оған бұйырғаны осы Самарқанттың көк тасы ғана ма дедік.

Мүмкін, біздің мұнымыз да күпіршілік шығар. Өйткені, оның ұлы – Медеудің есімі, жоғарыда айтқандай, бір ауыл мен ондағы мектепке беріліп отыр ғой. Ал оның жөні жоқ емес. Яғни, Медеу осы өңірде алғаш мектеп ашқан көзіқарақты адам болған. Сол шақта бұл ауылға ұлтымыздың ұстазы болған Ахмет Байтұрсынов келіп кетіпті деген сөз бар. Жас Мұхтардың кеңесімен өкпе дертіне шалдыққан Сұлтанмахмұттың Медеудің ұлы Санияздікіне келіп, қымыз ішіп емделетіні тарихи шындық. Ал Медеудің Абайдың ұлы Тұрағұлмен құда болатындығы және рас әңгіме. Демек, Оразбай ұрпағы Алаш арыстарымен өте жақын қарым-қатынаста болған.

Жоғарыда айтқандай, көзі ашық, көкірегі ояу Медеудің басқа ұлдары да ел таныған азамат болып өседі. Айталық, бертінде өмірден озған, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері Әбділманап қазақтан шыққан алғашқы археологтардың бірі болатын. Медицина ғылымдарының кандидаты Қабыш болса, А.Н.Сызғановтың жетекшілігімен баспа ауруын емдеуге байланысты құрылған экспедицияға қатысады. Өкінішке қарай, небәрі қырық жасында өмірден озған. Медеудің Біләл, Мәукіл деген ұлдары да білімді азамат болып өседі.

Сонымен, Медеу ауылында кезінде Октябрьдің 60 жылдығы атындағы орта мектеп болып ашылға