Руханият • 04 Желтоқсан, 2019

Алматыда Фариза Оңғарсыноваға арналған әдеби байқау өтті

448 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Дара қолтаңбасымен, өзіндік болмыс-бітімімен қазақ поэзиясына соны леп әкелген ақын, ұлт әдебиетінің көрнекті өкілі, мемлекет және қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына орай Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде әдеби байқау өтті. Бұл туралы оқу орнының баспасөз қызметі хабарлады. 

Алматыда Фариза Оңғарсыноваға арналған әдеби байқау өтті

«Тұнық жырдың тұмары» деп ат қойып, айдар таққан жыр кешінің өтуіне «Ақ қауырсын» жастар шығармашылық клубы ұйытқы болды. Тұңғыш рет ұйымдастырылған сайысқа Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының студенттері бақ сынасты. Қатысушылар онлайн дауыс беру арқылы іріктелген. Арнайы түсірген бейнебаян авторларына байқаудың ақтық кезеңіне жолдама берілген.

Сайыс үш бағыт бойынша өтті. «Жырың қалды жанымның ұшқынындай» атты бағытта қатысушылар Фариза Оңғарсынованың өлеңдерін нақышына келтіріп орындады. Ал «Әуелеген әсем ән» бағытында ақынның сөздеріне жазылған музыкалық туындылар орындалса, «Жыр жазамын жүрекпен» атты кезеңде қатысушылар жүрекжарды арнау жырларын ұсынды.

Қатысушылардың өнерін жазушы, журналист Бейбіт Сарыбай, актриса Нұргүл Мыңғатова сынды руханият саласының өкілдерінен құралған қазылар алқасы бағалады.

 – Өткенге көз салсақ, қазақ әдебиетінің тарихында өмірін өлеңге арнаған ақын әйелдер аз емес. Олардың қатарында Мария Хакімжанова, Зияш Қалауова, Марфуға Айтқожина, Ақұштап Бақтыгереева, Қанипа Бұғыбаева, Күләш Ахметова есімдерін ерекше атасақ болады. Өткен ғсырдың 60-70-жылдары – көзіқарақты көпшілік «поэзия падишасы» деп әспеттеген Фариза Оңғарсынованы осы тізімнің көш басында, алдыңғы сапында тұрған ұлт әдебиетінде өзіндік өрнегі бар нәзікжандылардың бірі һәм бірегейі деп атасақ болады. Талай ұрпақ Фаризаның шығармашылығына шын сүйсінсе, Күләш пен Қанипаның, Ақұштаптың лирикасын жатқа оқыды. Олар поэзия арқылы қазақ қызының жаңа образын сомдады, жаңа кейпінен сыр шертті. Олар сырлы да нұрлы жырларымен қазақ қызын тәлімді тәрбиеледі. Олар ана бола тұра, ақын бола тұра қиындыққа мойымай, өлеңнен теріс айналмай, адалдығынан, азаматтығынан айнымай, оны дәлелдей білді, – деп атап өтті жиында сөз алғандар.

Байқаудың «Жырың қалды жанымның ұшқынындай» атты бағытында бас жүлдені Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің студенті Жанар Жексенова иеленді. Бірінші орынға Қыздар университетінің студенті Нұрай Айтбаева, екінші және үшінші орындарға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері Құмарбек Нұркен мен Сағыныш Балтабай ие болды.

«Әуелеген әсем ән» бағытында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенті Алуа Тұмарбайдың жұлдызы жанды. Екінші орынды әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері Жанәлі Бекзатхан мен Мағжан Датқа өзара бөліссе, үшінші орынды Қыздар университетінің білімгері Ақерке Жаһанқызы олжалады.

«Жыр жазамын жүрекпен» атты бағыт бойынша Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің студенті Диана Ізбасар жүзден жүйрік шықты. Бұл бағытта Қыздар университетінің студенті Ақтолқын Жолаушыбай бірінші орынды, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті Қанат Ерболат екінші орынды және осы оқу орнының білімгері Бауыржан Асқарұлы үшінші орынды еншіледі.

 

 

АЛМАТЫ