24 Шілде, 2013

Бағаналы орда, басты орда

585 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін


Астанамыздың мерейтойына орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өнер иелеріне енді ғана есігін ашқан «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында көпшілікті бағаналы орда, басты ордамыздың 15 жылдық мерекесімен құттықтап, ертесіне ел газеттеріне мазмұнды мақаласын жариялаған болатын. Мақалада тек Астананың 15 жылдық жетістігін айтып қана қоймай, сонымен бірге, еліміздің егемендік жолымен жүріп өткен жылдарын ақыл-парасатына салған. Мен осы мақаланы оқи отырып, Астананың небәрі он бес жылда жеткен жетістіктеріне сүйінсем, еліміз келшегінің кемелдігіне де үлкен сеніммен ой жүгірттім.

Шын мәнісінде, еліміздің дәрежесі елордамыздың даңқымен жыл сайын асқақтап келеді. Аты әлемге мәшһүр Еуразия мен Солтүстік Америкадан 56 мемлекет пен үкімет басшыларын жинаған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының ХХ ғасырдағы алғашқы саммиті осындай жас қалада өтуінің өзі мемлекет ертеңінің бұдан да жарқын болатынына сенімді нығайта түскен. Бұдан кейін Қысқы VII Азия ойындары, Ислам ынтымақтастығы ұйымының жиыны сынды бүкіл халық үшін маңызды шешімдер осы жас қалада қабылданды. Мұның бәрі елордамыздың саяси мәр­тебесін бұрынғыдан да арттыра түсті.

Қаланың тез арада өсіп, сәулетті үйлер сапының бой түзеуі, оның әсем келбеті мен өзіне ғана тән ою-өрнектері қазақстандықтарды ғана емес, сонымен бірге, алыс-жақын шет­елдерден келген көптеген қонақ­тарды да таңғалдыруда. «Астана – ел экономикасының локомотиві болады» деген Елбасы қағидатының ақиқат екенін де уақыт дәлелдеді. Жыл өткен сайын қала құрылысы қарқынын жоғалтқан жоқ. Елорда мәртебесін алғанына көп уақыт болмаса да, осы қысқа мерзім ішінде Астана адам танымастай болып өзгерді. Осыдан 15 жыл бұрын Астана Ақмолаға көшкен сәтте әрбір қазақстандықтың ойында бүгінгідей жас қаламен мақтанамын деген ой болмағаны рас. Бірақ, Елбасының жүргізген сындарлы саясатының және халықтың ауызбіршілігінің арқа­сында бүгінде, міне, Астана тәуел­сіз­дігі­міз­дің бойтұмары ғана емес, бүкіл қазақ­стандықтардың ортақ мақта­нышына айналып отыр. Бұл Қазақ­стан­ның азаматы ретінде мен үшін үлкен мақтаныш, зор абырой.

Біздің жас кезімізде, шыны керек, шетелдіктерге «Қазақстаннан келдім десек», мән бермейтін. Ал бүгінде Астана Қазақ елінің өрісін, тынысын ашқанын баршамыз көріп отырмыз. Қазіргі жас­тар әлемнің қай түкпірінде жүрсе де жас қаласының, бас қаласының тамаша жетістіктерін айтып мақтана алады.

Астана – Қазақстанды әлемге танытқан, дамудың биіктеріне бастаған, халықты ынтымақтастыққа біріктірген жасампаз қала. Ерке Есілдің жағасында орналасқан әсем қала. Астана – елдің жүрегі. Сондықтан да елорда мерейі асқақтаған сайын еліміздің де беделі биіктеп, еңсесі тіктеле түседі.

Елбасы Қазақ елі елордасын – жасыл қалаға, мемлекетін «Мәңгілік Елге» айналдыру жоспарын алға қойды. Қазірдің өзінде көз жауын алатын гүлзарлар, жаңа саябақтар, «жасыл белдеулер» аумағы 65 мың гектарға жеткен екен. Ал 2020 жылға дейін қалаішілік және қала маңындағы далалы аумақтардың 100 мың гектары көгалдандырылатын болады. Жасыл құрылыс айналаны әдемі етіп қана қоймайды, сонымен бірге, әрбір азаматты игі ойларға, жақсы істерге бастайды. Сондықтан осындай жасыл аймаққа куә болған әрбір астаналық, әрбір қазақстандық тұрғын оның өркендеуіне атсалыссам деп ойласа керек.

Баршаңызға мәлім, еліміз алдағы уақытта ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін Астанада өткізуді жоспарлап отыр. Бұл көрме ТМД аумағында алғаш рет біздің елімізде өту мәртебесін иеленді. Көрменің өтуі Астананың жасыл қалаға айналуының алғышарты десек те болады. Қазірдің өзінде оған дайындық қызу жүргізілуде. Осы әлемдік көрменің арқасында елімізге небәрі 3 айдың ішінде 3 миллиондай турист келеді деп жоспарлануда. Жүйелі жоспар нәтижесінде баламалы энергия көздерімен қамтамасыз етілетін тұтас бір қала орамы тұрғызылмақ. Мұның өзі Астананың және күллі қазақ жұртының абыройын тағы да асқақтата түсетіні рас.

Бүгінде көздің жауын алар небір заманауи ғимараттардың қатары, Мемлекет басшысы өз мақаласында айтып өткендей, 2040 жылға дейін жалғасатын болады. Бүгінде жас қаламыз қоғамдағы бейбітшілік пен келісімнің негізгі тұғырына айналып отырса, болашақта қазақ Астанасы бүкіл әлем қалалары ішіндегі жасампаздық символы болатынына сенім зор. Ерке Есілдің бойына отау тіккен қазақтың Астанасы алты алаштың бағаналы орда, басты ордасы