Руханият • 05 Желтоқсан, 2019

Әкемдей еді...

808 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
Әкемдей еді...

Фариза апамның қа­сын­да жүріп, Әбіш аға­­мен жақын араласу ба­қыты бұйырды. Ол кісінің қол астында еңбек етпесем де, жер­лес не замандас болмасам да, сырттай шығармашылығы ар­қы­лы атын білемін. Бір күні Фариза апамды іздеп Абай көшесінде орна­ласқан Парламент Үйіне бардым. Апам бір шаруалары шы­ғып, аяқ астынан Алматыға жол жүріп кетіпті. Жайшылықта көлденең кісіні кіргізе бермейтін ғима­ратқа кірген соң, «Әбіш аға­ға соғып, сәлем берейінші» деген ой келе қалды. Түскі үзіліске шыға­тын уақыт та таяп қалған. Ұзын коридорды жағалап жүріп «Ә. Кекілбаев» деген жазуы бар каби­неттің есігін қақтым. Төрде түрі шаршаңқылау тартып аға отыр екен. Сәлемдестім. Мені жыға танымады ғой деймін, түрі­нен шаршағандық пен қауырт жұ­мыстың көптігі көрінеді, «шар­уам болса, тездетіп айтуымды» сұ­раған кескін көрдім. «Аға, мен Елена деген қарындасыңызбын, аздап ән жазам, өлең жазам», деп едім, Әбіш ағаның бағанағы түрі жадырап сала берді. «Бәсе, түрің таныс, қайдан көрдім десем, ей, айналайын», деп айналып-толғанып жатыр. «Фариза апама келіп едім, апам Алматыға кетіп қалыпты, сосын сізге соғып сәлемдесейін дедім» деймін. Менен басқа қулау біреу болса, «Аға, сізге арнайы сәлем бере келдім, мынау бір сыбағаңыз» деп қалта-құлтасын ұстай кірер еді. Қапелімде «Фариза апам жоқ болған соң, сізге соға салдым» дегендей болдым-ау деп өзім қатты қысылып қалдым. Менің қысылып қалғанымды Әбіш ағам байқаған болуы керек: «Фариза Алматыға кетіп қалып па? «Тентектен – тез хабар» деген осы. Кеше ғана жұмыста еді», деп күліп алды да, «Құдайды да күніге төрт рет жақсы көріп, төрт рет жек көріп қалатын Фариза сені айны­май жақсы көріп келе жатыр, со­ған қайранмын», деді. Менің де қысыл­ғаным сейіліп сала берді. Аста­наға жұмысқа келгенімді айтып, аз-маз әңгімеден кейін: «Жал­пы, кабинет жағалап жүре­тін әдетім жоқ еді, бірақ сізге кел­дім», дедім. Онымның да «сә­ле­мімді бұлдағандай» сәл ың­ғай­­сыздау шыққанын, сөз-оқ аты­лып кеткеннен кейін түсініп, дереу қобалжып қалдым. Әбіш аға: «Менің де ондай әдетім жоқ», деді. Ұзын-ырғасы сүт пісірім уақыттан кейін түскі ас уақытының болып қалғанын, ағаның шаруасы қауырт екенін ойлап, қоштасып шыға бердім. Аға да рахметін айтып, тілегін жаудырып жатып, өзі де жиналып ілесе шықты. Коридорда ізіне еріп келемін. Шығатын есігімнің қайда екенін ұқпай, адасып қалғандаймын. Әбіш аға да сол есіктен шығады деп ойлаған болуым керек. Ұзын кори­дордың аяғына жеткенде қа­сында емпеңдей басып келе жат­қан маған Әбіш аға жалт қарады да: «Үйге жүр, Клараның шайын ішейік», деді. Сол кезде есімді жиған­дай болдым да, «Рахмет, аға, менің де жұмысқа баруым керек», деп кейін бұрылдым. Әбіш ағаға ілесіп, мүлде басқа шы­ғыс есікке бара жатқанымды сон­да білдім.

Сол сәттен бастап Әбіш ағамен жиі ұшырасатын болдым. Фариза апам ұйымдастырған астанадағы алғашқы шығармашылық кон­цер­­­тімде жарты сағат сөйлеп, сө­зін мерейімді көкке көтере «бес жігіттің жүгін көтерген нар­­лығыңа рахмет, бұл дүниеде бар­лы­ғыңа рахмет» деп аяқтады. Әбіш ағаның осы сөзінен кейін ма­ған ешқандай награда, орден керек емес еді. Әр сөзінен ұлылық пен жылылық есетін, әрбір ойы адамзат баласына бағыш­талатын ғұламаның көзін көріп, батасын алу екінің біріне бұйыра бермейтін бақ.

Әбіш аға ер-азамат болған соң әрі мемлекеттік жауапты қыз­метте жүрген соң, маза­сын алма­йын деп көп бара бермеймін. Фариза апайға ілесіп, жиын-тойда жолығамын, анда-санда үйіне барамын. Есіктен кіргеннен көзі­нен менің ішкі көңіл күйімді лезде оқып қоятындай, жан-жүрегінен ешкімге ұқсамайтын бір рақат жылылық есе жөне­ле­ді. Ондай жылылықты Әбіш ағадан бас­­қа адамнан көру мүм­кін емес. Клара апамның дас­тарқа­ны әрқашан дайын. Менің сырттан тоңып келгенімді сезіп, Әбіш ағам өз қолымен бауыр­сақ­қа қай­мақ жағып беріп «жей ғой» деп, мені баладай өбек­тейді. Оны көріп отырған Фариза апам: «Әй, Лена, жей бер­ме­сеңші, одан сайын толып кете­сің ғой», дейді. Әбіш ағам: «Қай­те­сің, жеп ал», деп одан сайын ерке­летеді. Дастарқан басында небір аңыз, әпсана, тарихи әңгімелер ағытылады сосын. Ұлылардың ұлылығы сол, ешқашан біреуді мансұқтаған, кісіні кемсіткен, басқаны келеке еткен бір сөз естімейсің. Қайта «қайт­кенде ел боламыздың» қа­мын­дағы біріктіру, ұлт сапа­сын арттыру, білім деңгейін көте­ру, әлеуметтің қиын да күр­делі мәселелері сөз болады. Ара­сында, Асқар Сүлейменов, Есен­жол Домбаев сияқты белгілі ақын-жазушылардың басынан өткен қызықтары да ескерусіз қал­май­ды…

Бірде Фариза апам: «Қазір Әбіш пен Клара түскі асқа келеді, сен де кел», деп шақырды. Бар­дым. Әбіш ағам есіктен кірді. Түрінен түр жоқ. Бет-ау­зы қарақош­қылданып, қан қысы­мы­ның жоғары болып тұрғаны білінеді. Төртеуміз дастарқан басы­на жайғастық. Фариза апам қуырдақты, кісенанды, бауыр­сақ­ты өте дәмді пісіреді. Бұл жолы қуырдақ қуырылыпты. Шай келді, Әбіш аға ештеңе демеді. Апам ананы-мынаны айтқан болып өбектеп жүр. Клара апам екеуі алыс-жақын ағайынды сөз етіп отыр. Әбіш ағам ой үс­тін­де. Бір мезетте Фариза апам: «Лена, домбырамен ән сал, «Маңғыстауды» айт», деді. Мен «Маңғыстау» деген әнімді айта бастадым. Бір сәт Әбіш ағам­ның көзінен бұрқырап жас ағып барады, кемсеңдеп еңіреп қоя берді. Мен де әнді аяқтай бердім. «Осы жер, осы дала кетті ғой көзден бұлбұл ұшып» деді өксігін баспаған күйі. Сол күндері Парламентте «Жер туралы» заң қабылданып, Әбіш ағаның жалғыз өзі қарсы дауыс беріп келіп отырған сәті екен. Мемлекет тарихындағы ең ауыр, ең қастерлі де қатерлі сәттерде әрбір іске ұрпақ көзімен қарап, ұлылық танытқан, дәл сол мен көргендей жүрегін езе еңіреген қатепті қара нарым-ай! Жалпы, Әбіш аға жүрегі үлпілдеген, жаны өте нәзік адам еді. Ауылдастары: «Біздің Әбіш үнді фильміне солқылдап жылап отырады» дейтін. Бұл турасында Әбіш ағаның өзі де анасы Айсәуле әжемізге: «Мама, Фа­риза ұлың да, мен қызың сияқ­тымын», дейді екен. Фариза апам жаман ауруға шалдығып, бірнеше рет шетелге ем-домға қатынап жүргенде, Әбіш ағам қат­ты күйзелді. Бір күні Әбіш аға­ның үйінде шай іштік. Сонда Клара апам: «Фариза, мына Әбіш­ке ұрысшы, сен ауырғалы әлсін-әлсін жылай береді, қан қысымы мен қанты көтеріліп кетті», деді. Сонда Фариза апамның «Әй, Әбіш, біздер шамамыз келгенше еңбек еттік, халыққа барымызды бердік, барлығына да шүкір деуіміз керек. Мәңгілік ештеңе жоқ қой» деп, өзінің ауырғаны үшін Әбіш ағаға басу айтып отырған ұстамдылығына, ірілігіне қайран қалдым. Әбіш ағамның көзі жасаураған күйі үнсіз қалды. Әбіш ағам ауырып қалса, Фариза апамның да көңілі қашып, уайымдап қалатынын талай көрдім.

Әбіш ағам мемлекет ісінде кемеңгер тұлға, заңғар жазушы, түпсіз білім иесі болғанмен, қарапайым өмірде өте епсіз еді. Клара апай айтпақшы, «бала­ла­ры­ның туған күнін, үйдің мекен-жайын, телефон нөмірін, үйіне кіреберіс есік­тің кодын, теле­дид­ар­дың пуль­тін басуды» біле бермейтін. Тіп­ті, қанша айлық ала­тынына, кө­лік маркасы мен нөмі­ріне, ісса­парға шыққандағы шығын­дар­­ға, жұмысы мен үйі қай қа­­бат­­та тұратынына да мән бермейтін. Әбіш ағамның осы «қожа­на­сыр­лығын» білетін Ф­ари­за апам үнемі Парламенттің есеп-қисап бөліміне телефон соғып: «Әбішке іссапар шығын­да­­рын беріңдер, қасына Клараны ертіп жіберіңдер», деп балаша қада­ға­лай­тын.             

Махамбет Өтемісұлының 200 жылды­ғына орай Атырауда ЮНЕСКО көлемінде үлкен халық­аралық жиын өтті. Фариза апам мен Әбіш аға бас болған жиын­ның салмағы да, мәртебесі де жо­ғары болды. Фариза апам­ның ұйым­дастыру шаралары­на бар ынты-шынтысымен аралас­­қанынан хабарым бар. Кешкісін жұмыстан: «Әбішке барып келдім, жазып жатыр», деп марқая кіреді үйге. Көп ұзамай Әбіш ағаның «Шандоз» атты тарихи зерттеу еңбегі жарық көрді.

Бірде апам екеуміз Әбіш ағаны туған күнімен құттықтап үйіне бардық. Апам қолына енді ғана шыққан он томдық шығармалар жинағын алып барды. Оны көрген Әбіш ағам: «Айналайын! Міне, мынау Фаризаның толық шығар­малар жинағы емес, таңда­малы шығармаларының он том­ды­ғы. Құдай қаласа, әлі талай жинақтары шығады. Құтты болсын!» деп апамның кітаптарын қолына ұстап тұрып мәз болды. Сол сәтте әшейінде асаудай тулап отыратын Фариза апамның тұлымы желбіреген жасөспірім қыздай елжірей қалғанын көрдім. Әбіш ағаның сол сөзіне қалай қанаттанғанын көрерге көз, сезерге жүрек керек сәттер еді. Әбіш ағам Фариза апамның әрі серігі, әрі досы, әрі туысы, әрі ағасы бола білді. Ешкімге бет қаратпайтын апамды Әбіш аға ғана әзілмен тосып, апамның жұртқа түсініксіздеу көрінетін «мінездерін» қалжыңға айналдырып, «жұмсартып», «біздің Фариза» деп биікке көтеріп отыратын.

Әбіш ағаның өмір жолы да қыздарға көп байланысты. Кекіл­бай ақсақал соғыстан орал­май, анасы Айсәуле мен төрт қыздың ішінде өскен Әбіш ағадай қыз баланың қадірін біліп, қыздарды қастерлеп өткен қазақ сирек болар. Сол қасиетімен мені де туған қарындасындай көріп, бауырына тартты. Денсаулығының нашарлап жүргеніне қарамастан, 2014 жылы Астанада өткен шығар­машылық кешіме келді. Концерт­тің соңғы жағында орнынан тұрып кете бермей, сахнаның сыртына келіп: «Сенің бүгінгі кешіңде есіме Мұқағали, Фариза, Қадыр, Төлеген, Табыл түсті. Сен бүгінгінің адамы емессің, сен де солардың бірісің» деп ақ батасын берді. Кеш бойы ойына әр нәрсе оралып, көңілі де босаған сыңайлы. Шаршап тұрса да, маған батасын беріп барады. Қайран абыз ағам-ай! Менің әндерімді де жақсы көріп, ылғи: «Сенің бар айыбың қыз болып туғаныңда. Жігіт болсаң, баяғы Шәмшілер, Нұрғисалар құсап шалқып жүрер едің. Әндеріңмен әлі біраз жерге барасың», деп ба­ға­лайтын. Бірде бір әңгіме ара­сында: «Негізі, қуатын өнер музыка мен живопись екен. Сөз өнерінде дерттен басқа ештеңе жоқ, адамды асырамайды екен. Жасымда сол иә музыканы, иә живописті қууым керек еді», деді. Әлемдік өнер біткеннің тарихы мен бағытын білетін ағаның бұл сөзінде де үлкен астар бар еді. Әбіш аға өмірінде кісіден бірдеңе дәметіп, ат мінбедім, шапан кимедім деген адам емес. Қайта алдына көмек сұрап келген үлкеннің де, кішінің де шаруасын шешіп, дұрысталып кетуіне барын салатын.

Әбіш ағаның отбасымен де аралас-құралас болып, балаларын өз бауырымдай сезініп кеттім. Асылдың сынығы ғой, бәрі де жарқын, жақсы, шынайы, тәрбиелі. Әсіресе үлкені Әулет ағаның болмысы, мінезі, кісіні сезгіштігі Әбіш ағадан аумайтын. Жасы менен үлкен болғасын, оны да аға тұттым. Бірде Әулет аға Фариза апамды, Әбіш ағаларды мейрамханаға шақырып, түстік ұйымдастырды. Әдеттегідей, апам мені ілестіре барды. Барғасын: «Әулетжан, қалың қалай? Жағдайың жақсы ма?» деп бір үйдің жандарындай әңгіме басталды. Әулет аға да әкесі Әбіш құсап: «Под вашей крышей круче не бывает» деп жүрміз ғой», деп күле жауап берді. Әбіш ағам да жайдары күліп, рақаттанып отыр. Апам кенет: «Осы сен мына Еленаны білесің ғой», деді тағы әдетіне басып, «Айналайын Әулетжан, ертең біз Әбіш екеу­міз кетеміз, сонда мына қыз­дар­ға, қарындастарыңа қарап жүр, қамқо­р­лап жүр. Саған поручаю» деп мені тапсырып жатыр. Әулет ағада да әкеге тән нәзіктік пен жылы­лық бар жігіт еді. Сөйткен Әулет ағаның ғұмыры қысқа болып, Әбіш ағам мен Фариза апам­нан бұрын кетті. Аға орнына аға тұтар Әулет аға секілді азаматтар тірі болса, тап бүгінгідей жетімсіремес едім-ау деп жиі ойға батамын.

Маңғыстау облысының Аста­на­­дағы өнер күндері аясында Әбіш Кекілбайұлының «Күйші» хи­кая­ты желісімен түсірілген «Кек» фильмінің тұсаукесері өт­­ті. Қазақтың кино өнері тағы бір классикалық туындымен то­лыққанына куә болдық. Аға­ның туған жерінен қаншама өнер­­паз­дар келіп, Астананы дүр сіл­кін­дірді. Ертесіне әуежайда шы­ға­рып салуға Әбіш аға мен Фари­за апам бастап келіп, елден келген өнерпаздарға құрмет көрсетті. Шығарып салу рәсімі біткен соң, бірнеше күнгі әсер­ден арыла алмай, жігіттер жағы қайтадан мейрамханада дастар­қан жайды. Ағыла сол жерге бардық. Бас-аяғы оншақты адам­быз. Бір сәт «Кек» фильмі тура­лы жұрт өз пікірін айта бас­та­ды. Фильмнің көркемдігі, әртіс­тердің шеберлігі, тарихи оқиға­ның жай-жапсары айтыла баста­ған­­да, бір жігіт ағасы: «Әбеке, шы­ғар­­­маңызда біздің адайлардан түр­­ік­мендерді мық­тырақ етіп жібер­­генсіз бе, қалай? Фильм­де де солай сезіледі», деп қалды. Әбіш аға да күрт бұзылды: «Сен түрікменді осал жау деп пе едің? Қазақтың басынан оңай тағдыр өтті деп пе едің? Мына елдік, егемендік саған оп-оңай келіп тұр ма? Әрбірден соң, ел болу ұлыңның қанымен, қызыңның арымен келетін дүние» деп бастырмалата жөнелді. Күнұзаққа дуылдасқан топ сілтідей тынды. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледінің» кері келіп, әлгі жігіт ағасы кірерге тесік таппай жерге қарайды. Ал Әбіш ағаның елдік туралы айтқан әрбір сөзімен бірге біздің жанарымыздан тырс-тырс етіп тамшы қоса үзіледі…

Әбіш аға тәуелсіздік алған уақытымыздан бері қарасақ, елдің Бас Абызы болды. Басқа­сын айтпағанда, Әбіш ағаның қазақ тіліне мемлекеттік мәрте­бе берердегі ұлан-ғайыр еңбегі неше ғасыр өтсе де, тасқа бас­қан­дай ерлік болғанын бүгін мойындамағанымызбен, түп­тің түбінде, есіміз кіргенде түсі­не­ті­німіз айдан анық.

Ағаның өмірге келген күні – 6 желтоқсан. Туған күнінде үйіне бардым. Қыс мезгілі болса да күн борандатып тұрған жоқ. Біршама кісі жиналып, ағаны құттықтауға келіпті. Дастарқан басында тілек айттық, ән салдық. Ағаның әзілін, әңгімесін естідік. Бар қазақты бауырына тартып «айналайын» дейтін кең пейіліне масайып та, марқайып та отырмыз. Сол күні Әбіш ағадан бірін­ші рет кітабына қолтаңба жазып беруін өтіндім. Іші лық толған кітап сөресінен «Дүние ғапыл» кітабының бір данасын алып, қолтаңба жазып, ұсынып тұрып, маң­дайымнан «айналайын» деп сүйді. Ең соңғы рет ағадан есті­ген сөзім екен. Араға төрт күн салып Әбіш ағадан мәңгілікке айырыл­дық...

Әбіш ағаның қазасын естіген­де ішімде бірнәрсе үзіліп кеткендей болды. Дүниенің ең жарық, ең парасатты, ең шуақты, ең тәңіри келбеті лайланып, қарауытып кетті... Сол дүние содан бері сол түсін өзгерткен жоқ...

 

Елена ӘБДІХАЛЫҚОВА,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері