Қазіргі зерттеулерде Рабғузидің туған жері Хорезм немесе Орта Азия аумағында деп жалпылама айтылып жүр. Б.Кенжебайұлы 1969 жылғы мақаласында мынадай мәліметтер келтіреді: «Рабғұзы Оғыз Рабат деген шаһардың қазысы болып істеген адам. «Қиса әнбияны» ол әлгі шаһардың әкімі, әйгілі бек Насыретден Тоқбоға деген кісінің тапсыруы, өтінуі бойынша, соған бағыштап жазған. Және өз заманының дәстүрі бойынша сол Тоқбоғаға сый етіп тартқан. Ал Тоқбоға мұсылман дініне, түрік ғұрып-әдетіне енген, әдебиетті сүйетін монғол болса керек». Алтынорда зерттеушісі Алма Қыраубаеваның кітабына сүйенсек, оның әкесі «Рабат Оғыз қыстағының қазысы» болған, ал «Рабғузи» деген лақапты туған жеріне байланысты алған екен. Өзбек зерттеушісі Э.И.Фозиловтың пікірінше, ол Хорезмнің Работуғуз деген жерінде туған. Абыройлы фольклорист Сейіт Қасқабасовтың пікіріне сүйенсек, әйгілі шығарманың авторы Мауараннахрда, «Рабати Оғыз» деген жерде туған және оның Рабғузи деген бүркеншек аты содан шыққан. Алайда, соңғы кезге дейін Мауараннахрда немесе Хорезм жерінде нақты мына елді мекен Рабат Оғыз қыстағына сай келеді деген мәселе шешімін әлі таппаған.
Осы мәселеге байланысты, яғни Рабғузидің туған қыстағының орнын анықтауда жинақталған археологиялық, топонимикалық материалдарды типологиялық талдау жасай отырып Рабат Оғыз елді мекені Қазақстанның қазіргі Түркістан облысы Отырар ауданында Рабат атты археологиялық нысанға сай деген тұжырымға келдік.
Біріншіден, бұл төбе – археологиялық нысан қазірге дейін Рабат деп аталады. Рабат ескерткіші Сырдария бойымен Шыназдан Түркістанға таяу тұрған Үшқайық өткеліне дейін бес ай бойы аралап өткен Н.В.Рудневтің 1900 ж. 24 ақпанда «Туркестанские ведомости» атты газетте жариялаған «Заброшенный уголок» атты мақаласындағы байырғы елді мекендер тізімінде көрсетіледі. 1903 ж. Н.В.Руднев жариялаған Сырдарияның орта ағысындағы ескерткіштер картасында «Буг. Рабатъ» деп белгіленген. Бұл ескерткішті зерделі археолог Кемел Ақышев басқарған Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы 1970 жылы зерттеген. Археологиялық ескерткіш төртбұрышты, ауданы 100х80х80х80 м, биіктігі 8 м құланды. «Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштер
жиынтығы. Оңтүстік Қазақстан облысы» атты энциклопедиялық басылымда ол ІV-VІІІ ғғ. ескерткішіне жатқызылған. Дәл осы ақпар еш өзгеріссіз Отырар ауданы ескерткішттер жиынтығында қайталанған. Рабат атты елді мекеннің ғарыштық фотосуретінде оның айналасын қоршаған бекініс қалдықтары – қорған қабырға іздері байқалады.
Рабат атты төбешікті – археологиялық нысанды арнайы барып көргенімізде оның үстінде 24х24х4-5 см күйдірген кірпіштер тобына тап болдық. Бұл осы орында болған ортағасырлық құрылыстың бөлшектері болса керек. Мұндай кірпіш Орта Азия мен Қазақстанда ХІV ғ. ескерткіштерінде кездеседі. Осыған қарап бұл елді мекенде ХІV ғ., яғни Рабғузий заманында тіршілік болған деуге негіз бар. Ал Орта Азия мен Қазақстан аумағындағы ІV-VІІІ ғғ. археологиялық және архитектуралық ескерткіштерде күйген кірпіштер мүлде кездеспейді, тек күймеген кесектер қолданылған. Рабат атты елді мекен Сырдарияның солтүстік жағалауында, керуен жол бойында орналасқан стратегиялық елді мекен болса керек.
Әрине атауында Рабат компоненті бар елді мекендер Орта Азияда орта ғасырда аз болмаған. Өзбекстанда Рабати-Мәлік, Қырғызстанда Ташрабат. Сырдарияның төменгі ағысында Көпрабат, Шахрабат, Қосрабат, Түркістан облысында Сайрам мен Қазығұрт тауы арасында Сұлтанрабат, Дәулетрабат, Рабат атты елді мекендер бар.
Насреддин Рабғузидің туған жерінің аты жәй Рабат емес, ол «Рабат Оғыз» немесе «Рабатуғұз» деп белгіленуі оның орнын локализациялауға мүмкіншілік береді деп ойлаймыз. Яғни, Насреддин Рабғузи туған жерде «Рабат» пен «Оғыз» атаулары үйлесуі керек.
Осындай жағдай Отырардағы Рабат ескерткішінде байқалады. Отырардағы Рабат елді мекен орны қасында Өгізсай атты ескі арна бар. Бұл арнаға Өгізсай атаумен қатар Өгіз жылғасы деген топоним қатар қолданылады. В.А.Каллаурдың 1900 жылы жариялаған мақаласында Сырдарияның ескі арнасы «Өгіз жылғасы» («Угузъ – Жилгасы») деп аталатынын, арнаның басы Арыс өзенінің Сырдарияға қосылар тұсынан жоғарырақ басталып, Қызылқұмның ішіне енетіні көрсетіледі. И.А.Кастаньенің 1910 ж. басылған кітабында «Хукуз» немесе «Угуз-Джилга» туралы ақпар кездеседі. 1903 ж. Н.В.Руднев жасаған Сырдарияның бойындағы ескерткіштердің алғашқы картасында «Буг. Рабатъ» және «Сухое русло Огузсай» деп белгіленген жерлер көрсетілген. Осы жерде Рабат пен Оғыз атаулары қатар тұр. Осыдан бұл елді мекен «Рабат Оғыз» немесе «Рабатуғұз» деп айтылған деп болжаймыз.
Көне түркі тілінде «угуз» сөзі үлкен өзенді білдіреді екен. Ал Сырдария өзені VІІІ ғ. көне түркі деректерінде «Йенчу-гуз» – «Інжу өзен» деп аталыпты. Махмуд Қашқари сөздігіне жүгінсек: «Өкүз – Жейһұн. Үлкен өзендердің барлығы осылай аталады. ... Түркі халықтары жасайтын өңірлердегі бірталай өзендер мен дариялар да өкүз деп аталады». Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі бойынша «жылға» – қар, жаңбыр суы ағатын шағын өзекше, ойпаң жер. Әзербайжан тілінде джилга – «сухая долина, овраг». Сондықтан нақ бұл жердегі Өгіз жылғасы немесе Өгізсай дегеніміз Сырдарияның ескі арнасын білдіретін атау.
Рабаттөбеден Өгізсай бес-алты шақырымдай жерде орналасқан. Байырғы арна Бас штабтың Түркістан деген 1:500000 масштабтағы 1963 жылы дайындалған және 1970 жылы қайта басылған картасында Өгізсай («Огизсай»), 1982 ж. басылған Түркістан (ІІ-42-09 К-42-ІХ ) деген 1:200000 масштабтағы картада және 1982 жылы басылған Балтакөл (ІІ-42-08 К-42-VІІІ) деген 1:200000 масштабтағы картада Сырдарияның сол жағындағы құрғақ арна Өгізсай («сухое русло Огизсай») деп белгіленген. Рабаттөбе мен Өгізсай арнасы арасында Рабатарық деген арық, ал Рабаттөбеден солтүстік-батыс бағыттағы аймақ картада «урочище Рабат» деп көрсетіледі.
Жоғарыда біз өзбек зерттеушісі Э.И.Фозиловтың Насреддин Рабғузидің Хорезмнің Работуғуз деген жерінде туған дегенін айтып өттік. Ал Отырар иелігі Шыңғысхан әскерлері келер алдында Хорезм мемлекеті аумағына кіргенін ескеру қажет. Ол кезден көп ғасырлар өтсе де бұл жағдай ұмытылмағанын Махмұд ибн Уәлидің «Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахйар» еңбегінен аңғару қиын емес. ХVІІ ғасыр ортасында жазылған шығармада «Отырар – Йассының ар жағында орналасқан қала, ол Сұлтан Мұхаммед Хорезмшах кезінде оның мемлекетінің шығыс жағындағы шекаралық қаласы болды. Осы қаланың Хорезмшах тарапынан қойылған басшысы – Иналшықтың Шыңғысхан саудагерлерін өлтіруі Шыңғысханның Мауараннахрға және басқа елдерге шабуыл жасауына себеп болды. Не кетті сол жоғалды. Бұл қала осындай аласапыран мен талас кезінде талқандалды, қазіргі кезде қаңырап қалды. Бұл қаладан көп ғалым шыққан. Отырар өркендеген кезде оның тұрғындары ізгілігімен, шаһар ғажайып көркімен әлемге әйгілі еді», – делінеді. Яғни, Отырардағы «Рабат Оғыз» ХІІІ ғ. басындағы жағдаймен Хорезм жерінде орналасқан деуге де болады.
Жоғарыда келтірілген археологиялық, топонимикалық, тарихи материалдарды талдау негізінде «Қиссас-ұл әнбия» туындыгері Насреддин Рабғузидің туған жері қазіргі Түркістан облысы Отырар ауданы аумағында Өгізсайға немесе Өгіз жылғасына жақын орналасқан Рабат атты қазіргі археологиялық нысан екенін көрсетіп тұр. Отырардағы Рабатты басқа рабат атты елді мекендерден ажырату үшін орта ғасырда оның Өгізсай қасында орналасқанын ескеріп «Рабат Оғыз» немесе «Рабатуғұз» деп атаған деген тұжырым жасаймыз. Аталмыш өңірде түрктің оғыз бұтағы мекен еткені өз алдына бір жосық. Әзірге айтарымыз, «Қисас-ұл әнбияның» Отырар шаһарының аумағында – Рабат Оғыз қалашығында туғаны! Айтулы шығарма «Отырар өркениетінің» бір інжу туындысы!
Құлбек ЕРГӨБЕК,
филология ғылымдарының докторы,
Мұхтар ҚОЖА,
тарих ғылымдарының докторы