Кәсіпқой бокс • 05 Желтоқсан, 2019

Кәсіпқой бокс: Виктор Коточигов Хавьер Хосе Клаверомен күш сынасады

530 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«MTK Global Kazakhstan» компаниясы 16 желтоқсанда Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы Мәдениет және спорт сарайында кәсіпқой бокстан халықаралық турнир ұйымдастыратыны жайында біз бұған дейін де жазғанбыз.

Кәсіпқой бокс: Виктор Коточигов Хавьер Хосе Клаверомен күш сынасады

Дәл Тәуелсіздік мерекесінде өтетін жарыс барысында екі бірдей белбеу сарапқа салынады. Атап айтсақ, әлі ешкімнен жеңіліп көрмеген жеңіл салмақтағы қазақстандық боксшы Виктор Коточигов өзіне тиесілі WBC International нұсқасының чемпиондық тәжі үшін таласады. Оның қарсыласы күні кеше ғана анықталды. Ол  – Хавьер Хосе Клаверо. 26 жастағы Аргентина боксшысы кәсіпқойлар рингте 32 кездесу өткізіп, 27 рет жеңіске жетті.

Алматыдағы бокс кешінде дарынды жас Сұлтан Зәуірбек WBC Youth World Champion (жастар) нұсқасының алтын белбеуі үшін күш сынасады. Оның қарсыласы кім болатыны әзірге белгісіз.

Сондай-ақ, айтулы жарыста Мирасәлі Сәрсенов, Ескендір Харсан, Рай Сейітжанов, Абай Төлеш, Елшат Нығметолла, Нұртас Әжбенов және Нұрдос Төлебай сынды отандық былғары қолғап шеберлері шаршы алаңға шығады.

Олардан бөлек, Нигерия, Өзбекстан, Оңтүстік Афирика Республикасы, Ресей, Филиппин, Таиланд, Грузия және Әзірбайжанның өкілдері де өнер көрсетеді. Сондай-ақ, қатысушылар арасында 2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында алауы тұтанған Олимпиада ойындарында қарсылас шақ келтірмей, алтын тұғырға көтерлген Фазлиддин Гаибназаров та бар.

- Аламатыда өтетін айтулы жарыс ESPN телеарнасы арқылы тікелей эфирден төрткүл дүниеге тарайды. Ал іргетасы осыдан 40 жыл бұрын АҚШ-та қаланған әлемге әйгілі арнаның аудиториясы қаншалықты кең, танымалдығы қандай дәрежеде екенін көпшілік жақсы біледі. Бір сөзбен айтсақ,  ESPN-нің назары тек бәсі бөлек және деңгейі аса жоғары бәсекелерге ғана ауады. Сондай-ақ, бұл бәсекелерді бокс контенті бойынша әлемдегі ең ірі арналардың бірі – IFL TV және басқа да желілер бойынша көптеген мемлекеттің жанкүйерлері тамашалай алады, – дейді «MTK Global Kazakhstan» компаниясының жетекшісі Асқар Салықбаев.

 

АЛМАТЫ