Бағдарламалар • 06 Желтоқсан, 2019

Баспаналы болып, бақытқа бөленді

170 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Аймақтарда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарлама­сы аясында салынған тұр­ғын үй өз иесін тауып жатыр. Мә­се­лен, Алматы облы­сы­­ның аумағында «Нұр­лы жер» бағдарламасы бо­йынша 18 көп пәтерлі тұрғын үй және 288 жеке тұр­ғын үй құ­рылысы жүріп жатыр. Кезең-кезеңімен толық аяқ­та­латын пәтер саны 1 243 болса, бүгінге дейін 545 пәтер қолданысқа берілді.

Баспаналы болып, бақытқа бөленді

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жол­дауында тұрғын үйге қол­жетім­ділікті, әсіресе халықтың әлеу­меттік аз қамтылған топтары­ның қолжетімділігін арттыру қа­жет­тігін атап өтті. Қазір облыс­та тұрғын үй алу кезегінде 51 мың адам тұр, олардың ішінде көп балалы отбасылар саны – 6039. Биыл барлық бағыттар бойынша 1 447 көп балалы отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған еді, қазірге дейін 1 093 отбасы үйлі болды. Бұл орайда «Нұрлы жер» бағдарламасының да үлесі бар. Осы бағдарлама бойынша 151 отбасы баспаналы болса, сатып алу есебінен 346 отбасы, меценат­тар есебінен 169 отбасы және «Бақыт­ты отбасы» бағдарламасы бо­йынша 427 отбасы тұрғын үймен қамтылды, – дейді облыс әкімі Амандық Баталов.

Баспаналы болу бақыты Жетісу өңірінің ауылдарына да бұйырды. Жақында Кербұлақ ауданы­ның орталығы Сарыөзек ауылында 18 отбасы жаңа қонысқа көшті. Сарыөзек ауылында са­лынған жаңа үйдің құрылысына жер­гілікті бюджеттен 285,500 млн теңге қаржы бөлініпті. Ал тұрғын үй алабының инженерлік-коммуникациялық желілерін жасақтау үшін 106,756 млн теңге қаражат қарастырылған екен.

Жалпы, ауыл шаруашылығы­на арқа сүйеген Кербұлақ өңірі биыл­ғы жылды табыспен қоры­тын­дылап отыр. Ауданда өндіріл­ген агроөнеркәсіп өнімдері 35 млрд теңгеден асып, жыл басында болжанған көрсеткіш асыра орындалған. Ауыл шаруашылығы саласын қаржылай қолдаудың нәтижесінде диқан мен шаруаның ісі оңға басты. Биылдың өзінде 3 шаруа қожалығы мен 12 жеке кәсіпкер 65 миллион теңге көле­мінде жеңілдетілген несие алған. Бұл өз кезегінде аудандағы жер игеруге жан бітіріп, егістік алқа­бының көлемін ұлғайтқан. Мал шаруашылығы да дамып, төрт түлік тұяғы көбейді. Өнеркәсіп те ілгерілеуде. Аудандағы он шақты қайта өңдеу кәсіпорны 17 мың тонна шикізатты өңдеп, 9 690 тонна өнім шығарған екен. Енді осындай еңбегі ақталған өңірдің тұрғындары үшін баспаналы болу бақыты бұйырса, қуаныш екі еселенбей ме?

– Сарыөзекте жаңа шағын аудан да бой көтерді. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған 18 тұрғын үй иесін тапты. Баспана негізі­нен аз қамтылған, көп балалы отбасыларға, мүмкіндігі шек­теулі жандарға, Ауған соғысы­ның ардагерлеріне, мұғалімдер мен дәрігерлерге және мемле­кет­тік қызметкерлерге берілді. Тұрғын­дарды баспанамен қамтамасыз ету жұмысы алдағы уақытта да жалғаса береді. Қазір ауданда сегіз жүзден аса адам үй кезегінде тұр, оның арасында 148 көп балалы ана бар, – дейді Кербұлақ ауда­ны­ның әкімі Махаббат Бигелдиев.

Тоқ етерін айтқанда, аймақтар үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан тұрғын үйлердің қолжетімді болуы – бас­панаға мұқтаж жандардың мәселесін шешуге жасалған оң қадамға айналып отыр.

Алматы облысы