Аймақтар • 06 Желтоқсан, 2019

Мешітті салғанымен, қарамайды

493 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Мешітті салғанымен, қарамайды

Жақында Нұр-Сұлтан қаласында ІІІ респуб­ликалық имамдар форумы өтіп, оның барысында «Жеті рухани қазық» деп аталатын тұғырнама қабылданғаны белгілі. Жуықта Қазақстан Мұсыл­ман­дары діни басқармасының Өскемен өңірі бойынша бас имамы, облыстық «Халифа Ал­тай» мешітінің бас имамы Ермек қажы Мұ­қатай аймақтың журналистерімен кездесіп, тари­­хи құжаттың мән-маңызын жан-жақты түсін­діріп берді.

Ол өңірде мешітте ресми түрде жұмыс істемесе де, діни рәсімдерге қатысатын дүм­ше молдалар көп болмаса да, бірен-саран бар екендігін, оларды ас беруші адам өзі таң­дайтындықтан тыйым сала алмай жүргендіктерін де айтты. «Құранды нақышына келтіре, әдемілеп оқитын кісілерді білімді, терең адам деп ойлайтындар арамызда аз емес. «Астың иесі шақырды» деген соң мұндай молдаларға шара қол­дана алмаймыз», дейді ол.

Кездесуде қазір мешіттер салғанымен артынан ғибадат үйі мүлде қараусыз қалатыны жайында да айтылды. «Қазір мешіт салатындар көп. Бірі өзінің атағын шығару үшін салса, екіншісі шын ниетпен, шын көңілмен тұрғызады. Өкінішке қарай, мешіт салған азаматтардың кейбірі «мен өз міндетімнен құтылдым» дегендей, сол күйі мешітке ат ізін салмай кетеді.  Сондықтан Діни басқарма мешіт салушы азаматтарға оның әрі қарайғы күтімін естен шығармауды ескертіп отыр. Жасыратыны жоқ, қазір көп ауыл­дарда имам жоқ. Табу қиын. Кейде кәсіпкер азаматтарға: «Кішкене ауылдарға мешіттің қажеті жоқ, шағын намазхана болса жетеді. Одан да балабақша, жол, көпір салып беріңіздерші. Халық соған риза болады» деп ұсынысымызды айтып жатамыз», дейді бас имам.

 

ӨСКЕМЕН