Қоғам • 06 Желтоқсан, 2019

Қоныс аударушыларды қолдау қандай?

506 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қолға алынған 2017 жылдан бері Солтүстік Қазақстан облысына   4894 адамы бар 1428 отбасы көшіп келген.

Қоныс аударушыларды қолдау қандай?

Соның ішінде биыл 2117 адамы бар 709 отбасы келді. Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Оралмандар және ішкі қоныс аударушылар жұмысын жүргізу бөлімінің» бастығы Алма Ахметовамен әңгімелескенімізде 323 адамы бар 81 отбасы қайта көшіп кеткенін айтты. «Негізгі себеп ауа-райының денсаулықтарына сәйкессіздігі болды. Әйтпесе, біз белгіленген әлеуметтік жағдайлардың бәрін жасадық», деді ол.

Көшіп келушілердің бәрі облыстағы 13 ауданның бәріне шашырай қоныстандырылуда екен. Ал Петропавл қаласының өзіне қабылданбайды, өйткені мұнда тұрғын-үй мәселесін шешу қиын көрінеді.

Қоныс аударушылардың әрқайсының көшіп келу шығыны үшін 88 мың теңгеден төленген. Бұл - отбасы мүшелерінің әрқайсына төленетін шығын.  Осының үстіне 2018 жылдан бастап көшіп келушілерге аудан өкілдері тауып берген үйлерін жалдау құны төленеді. Оның көлемі бір адамға 15 АЕК-тен басталады. Егер отбасындағы жандар көбірек болса, оның көлемі де өседі. Мысалы, төрт адамдық отбасыға пәтер жалдау құны он сегіз АЭК болады. Бұл ай сайын осы отбасының пәтер жалдауына 45450 теңге төленеді деген сөз. Ол жылдың он екі ай бойы төленеді. Төрт адамы бар отбасы үшін бір жылда барлығы   545400 теңге төленеді деген сөз. Егер көшіп келуші ауылдан өзім үй таптым, маған сатып алуға ақша беріңдер десе бір жылдық жалдау ақысы тұтастай қолына беріледі.  Егер ол үй бұл ақшадан арзан болса артығы өзінде қалады. Қазір ауылдағы үйлер арзан екенін ескерсек, бұл ақша бір сыдырғы жақсы үй алуға емін-еркін жетеді. Ал бұдан қымбатқа алса, артығын өзі төлейді. Әрине, бұл ақшаны алу үшін сатып-алу келісімшарты әкелінуі керек.

Осының үстіне көшіп келушіге үйінің қасындағы он соттық жер тегін беріледі, ал егер бизнеспен айналысқысы келсе «Бизнес-бастау» бағдарламасы бойынша оқуға жіберіледі. Банктен арнаулы микро-несие алуларына болады.

Былтырға дейін Солтүстік Қазақстан облысына келушілер осындай ақша алып келген, ал былтыр, барлық келгендер 414 отбасы болса, соның 253 отбасы ғана осы қаражатты алған. Қалғаны үй алмай, тек жалдауға алғандықтан оларға ай сайынғы жалдау ақылары әлі төленуде екен.

Биыл көшіп келетін азаматтарға қанатқақты жоба бойынша арнаулы үйлер салынып жатыр. 2021-ші жылға дейін барлық аудандар бойынша 2142 үй салу белгіленген.  Cоның ішінде 428  биыл салынуда. Біразы жылдың аяғына дейін берілмекші. Бірақ үйлердің маңына қора-қопсы салу қарастырылмаған. Бұл үйлер көшіп келушілерге бес жылға жалға беріледі. Ай сайынғы жалдау құны сегіз-он мыңның аралығында болмақ. Ал бес жылдан кейін сатып алу құқы басталады. Егер сатып алуға ақшам жоқ дейтін болса, тағы да он бес жылға жалдау келісімшарты ұзартылады. Бір үйдің бағасы жеті миллион теңге.

Көшіп келушілерге жаңа үй салу мәселесін облыстық әкімдік көтеріп, кешенді бағдарламаға енгізген. Қазіргі заманда қалаға немесе басқа жерлерге қоныс аударушылардың көбеюі себепті ауылдағы үйлер арзандап, сатылатын үйлер көбейіп жатса да әкімдік осындай шешімге барыпты. Біз мұның мәнісін сұрағанымызда, Алма Ахметова ондай үйлердің ескі екендігін немесе бірнеше жыл сатылмай тұрғандықтан ішінің құты кетіп, үлкен жөндеулерді талап ететінін айтты.

 – Сондықтан, көшіп келушінің  көңіл-күйі бірден жақсы болу үшін жақсы үйлер ұсынылады. Сонымен қатар бұл үйлер тараудың алдындағы ауылдарға емес әлеуметтік ахуалы орташа немесе жоғары мекендерге салынады. Мұндай ауылдарда жол біршама дұрыс, мектеп бар, интернет қосылған, -деді ол.

Дегенмен өзіміз көрген бір келеңсіздіктер туралы да сұрадық. Мәселен, Есіл ауданындағы Спасовка деген селода осындай үш үй салу қолға алыныпты. Негізінен қазақтан басқа халықтардың өкілдері тұрған бұл село тараудың аз-ақ алдында тұр. Мектептері жабылған. Ал осы селодан он екі шақырым жердегі қазақ ауылы мызғымай отыр. Мектебі де бар, оқуы ана тілінде жүргізіледі, онда тек жол мәселесі шешілмей тұр. Үйлерді осындай перспективасы бар мекенге салу керек емес пе еді деген сұрағымызға «бұл жергілікті әкімдіктің шешкені, мүмкін ол ауылға да келесі жылдары үйлер салынар» деген жауап берілді...

Жалпы облысқа келгендердің 70 пайызға жуығы түрлі жұмыстарға орналастырылған. Ал биыл келгендердің 51 пайызына жұмыс табылыпты. Олардың көбі ауылшаруашылығына, ал мамандығы бар мұғалімдер мен дәрігерлер мектептер мен фельдшерлік тіректерге орналастырылған. Мал, жер участоктарын алып, бизнеспен айналысып жатқандары да бар екен. Биыл осы бағдарламаға бюджеттен 511 млн теңге бөлінген.

Жасыратыны жоқ, мемлекеттің бөлген ақшасын алып, артынан тайып тұратын да  жалған көшіп келушілер болуы мүмкін ғой. Сондықтан қаражаттың орынды жұмсалуын бақылау қандай дәрежеде екендігін де сұрадық. Сөйтсек, көшіп келетін жандар «Жұмыспен қамту» орталығымен әлеуметтік контрактіге тұрады екен. Бұл контрактінің бір тармағы берілген ақшаны орнымен жұмсайтындығына міндеттеме жүктеген. Сонымен қатар қаражатты алып, кетіп қойғысы келсе, адам оны қайтаруға да міндеттеме алады. Ал міндеттемесін орындамаса  құқық қорғау органдарының қудалауына ұшырайды.

Қысқаша айтқанда Солтүстікке көшіп келушілердің бүгінгі жай-күйі осындай. Әрине, қытымыр қыс оларға құшағын аша қоймас, дегенмен осында келгелі ауа-райы жағып, денсаулығым түзеле бастады дейтіндер де жоқ емес. Ал жұмысқа қабылдаған шаруа қожалықтары көшіп келушілерге қамқорлық жасауға міндеттеме алады. Оларға мемлекеттен субсидия төленеді.

Міне, бүгінгі таңда көшіп келуші ағайындарға жасалып жатқан жәрдемнің ахуалы осындай.

Солтүстік Қазақстан облысы