Елорданың сол жағалауында орналасқан жобалық атауы №28 көшеге Қазақстанның халық жазушысы, қоғам және саясат қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбайұлының есімі берілді. Салтанатты шараға Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, қала әкімі Алтай Көлгінов, Парламент депутаттары, мәдениет қайраткерлері мен Әбіш Кекілбайұлының жұбайы қатысты.
«Тұңғыш Президентіміз Елбасының ұсынысымен осы Еуразияның төріне керемет жаңа астанамызды салып, Елбасының көтерген ұсынысына өзінің тілегін қосып, шын жүрегімен ниетін білдіріп, қолдау көрсеткен Әбіш ағаның атындағы көшенің ашылуы сәтіне қатысып тұрмыз. Осы даңғылдың бойында өткен өскелең ұрпақ Әбіш Кекілбайұлының кім екенін, Фариза Оңғарсынованың кім екенін, Нұр-Сұлтан қаласының не үшін салынғанын ескеріп, тәуелсіздігімізді баянды етуге өз үлестерін қосса деген ниеттемін. Клара апамызға алғыс білдіремін. Сіз жас ұрпақ үшін үлгісіз» деді Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев.
Елорда әкімі Алтай Көлгінов Әбіш Кекілбайұлының елдің дамуы мен өркендеуіне қосқан үлесін атап өтті.
«Бүгін Қазақстанның түкпір-түкпірінен абыз ақынымыз Әбіш Кекілбайұлының атына көше берілу шарасында барлығымыз бас қосып отырмыз. Шынында да бұл - тарихи оқиға. Елбасының қасында жылдар бойы серік болып жүріп, осы қазақ елінен мәңгілік ел жасауға үлкен еңбек еткен ағамыздың есімімен көшелердің бірін атауды ұйғардық. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында ағамыздың 80 жылдығына орай бірқатар іс-шаралар өтеді»,- деді Алтай Көлгінов.
Әбіш Кекілбайұлы Ги де Мопассанның «Жизнь», «Пьер и Жан» романдарын, Шыңғыс Айтматовтың «Ранние журавли» повесін, Уильям Шекспирдің, Антон Чеховтың, Лев Толстойдың және т.б. шығармаларын ана тілімізге аударды. Алаш абызының шығармалары әлемнің 13 тіліне аударылған. Бүгін сағат 17: 00-де Бейбітшілік және келісім сарайында Әбіш Кекілбаевты еске алу кеші өтеді.