Қоғам • 06 Желтоқсан, 2019

МӘМС: Тіркелген тұрғындар үлесі 90 процентке жетті

432 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы облысында тұрғылықты жері бойынша емханаға тіркелген адамдардың үлесі 90 процентке жетті. Бұған дейін аймақта 100 214 тұрғынның тұрақты тіркеуі жоқ екені сынға алынған болатын. Қазір бұл тізім 35 306 адамға дейін қысқарып, 64 908 тұрғын медицина мекемелерінің қарауына жазылды.

МӘМС: Тіркелген тұрғындар үлесі 90 процентке жетті

Тұрғындардың денсаулық сақтау мекемелеріне тіркеуге тұруы дәрігерлік көмек алудың мәселесін шешуге ықпал етеді. Әсіресе, жаңа жылдан бастап іске қосылатын міндетті әлеуметтік – медициналық сақтандыру жүйесі арқылы ем-дом алу қол жетімді болмақ.  

- Тұрғындардың тіреуге тұру өздері үшін оңтайлы. Алдағы жылдан медициналық қызмет көрсету жаңа ережеге сай жүреді. Осы жерде ем алушының міндетті жарнаны төлегені басты орынға шығады. Әрине, бұл мәселенің әлі де жетілдіретін тұстары бар. Кедергілерді іс барысында еңсереміз. Сондықтан тіркелу мен жарна төлеу әр адам үшін міндетті болуы тиіс, - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ.

Айтпақшы, «Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру» жүйесі іске қосылғаннан кейін, науқас тіркелген емханаға қаралған кезде оның жарна төлеуі маңызды орынға шығады. Бұл жерде жалақы төленетін қызметкер үшін міндетті сақтандыру жарнасын жұмыс беруші төлейді. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге сай бірыңғай әлеуметтік төлем жасауы тиіс.

Сондай-ақ балалар, жүкті әйелдер, жұмыссыз ретінде ресми тіркелген тұлғалар, 3 жасқа дейін бала тәрбиесімен айналысушы ата-ана, мүгедектік тағайындалған жандар, мүгедекті күтіп,бағатын қамқоршы,  соғыс ардагерлері, көп балалы аналар және тағы да арнайы әлеуметтік жеңілдігі бар адамдар үшін медициналық қызмет көрсетуді қаржыландыруды мемлекет өз мойнына алады.